Ағайынды спортшылар
Ағайынды спортшылар
199
оқылды

Спорт әлемінде ағайынды спортшы­лардың да өзіндік орны бар. Ағалы-інілі, апалы-сіңлілі сайыпқырандар арасында дүбірлі додаларда талайдың таң­дайын қақтырып жүрген мықтылар қан­шама? Олардың қатарында аме­рика­лық теннисшілер Серена мен Винус Уильямс, әуесқой мен кәсіпқой бокста аса ауыр салмақта Әлем чемпионы атанған украиналық боксшылар Виталий және Владимир Кличко, UFC-дің экс-чемпиондары Ник пен Нейт Диас, аралас жекпе-жек шеберлері Федор мен Александр Емельянко, америкалық баскетболшылар Мэйсон және Майлз Пламли, тасжолда бір-бірімен жарыс­қан германиялық пилоттар Михаэль мен Ральф Шумахер, футболшылар Эден және Торган Азар, Гранит және Таулант Джака және тағы басқа бірқатар спорт- шы бар. Шетелден бөлек, отандық спортта да қанаттаса өнер көрсетіп жүрген ағайынды саңлақтар баршылық. Газетіміздің бүгінгі санында сол спорт­шы­ларға тоқталмақпыз.

Ағайынды спортшылар десе, ең алдымен ойымызға Ардақ пен Бейбіт Назаровтар, Данияр мен Дәурен Елеусіновтер оралады. Өйткені ол есімдер өзге де сөз еткелі отырған саңлақтарға қарағанда әлдеқайда танымал. Әсіресе, бокстан Олимпиада чемпионы болған Данияр Елеусінов пен аралас жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаровты танымайтын қазақ кемде-кем. Біріншісі қазір кәсіпқой бокста үздіктердің қатарынан көрінуді, чемпион атануды мақсат тұтып жүрсе, екіншісі үлкен спортпен біраз уақыт бұрын қоштасты. Одан бөлек, ағайынды спортшылар арасында бірқатар футболшының, боксшының есімі ара-тұра болсын айтылып қалатыны бар. Ал өзге де спорт түрінен байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген ағайындыларды былайғы жұрт біле бермейді. Ендеше, сол саңлақтармен таныстырып өтейік. Олардың арасында жуырда ғана Токио Олимпиадасына жолдама алған қос үздік бар. Екі адамдық каноэмен 1 000 метрге жарысудан жазғы Олимпиадаға баратын Тимофей мен Сергей Емельяновтар әлемдік додада елдің мерейін асқақтатуды мақсат тұтып отыр.

– Лицензияны жеңіп алғаннан кейін шаршағанымыздың бәрін ұмыттық. Өйткені біз осы сәтті екі жыл күттік. Олимпиадаға лицензия беретін турнирдің де өтетіні соңғы сәтте ғана белгілі болды. Егер бұл бәсеке өтпегенде, әлем чемпионатының қорытын­дысы бойынша біз Токиоға бара алмайтын едік. Себебі әлемдік додада біз жақсы нәтиже көрсете алмадық. Лицензиялық сынға ұзақ дайындалдық. 2020 жылдың қыркүйегінен бастап Түркияда жаттығып, жалпы есебі алты жарым айды сол жақта өткіздік. Содан соң Ташкентте бір ай дайындалдық та, жарыс басталуына 20 күн қалғанда Таиландқа жеттік. Бапкерлер мен команданың бірлесіп жұ­мыс істеуі нәтижесінде жолдамаға қол жеткіздік, – дейді Тимофей Емельянов. Сергей де Токиода топ жарып, ел спортының тарихында қалуды армандайды. Біз де алдағы сында ағайынды спортшыларға сәттілік тілейміз.

Байрақты бәсекелерде топ жарып, ел абыройын арқалап жүрген параспортшы ағайындылар - Гүлден мен Медет Сұпығалиевтер де қол күресінен еліміздегі үздік спортшылар­дың қатарында. Олар 2019 жылы қырғыз елінде елінде қол күресінен өткен Азия чем­пио­натында күміс жүлдені иеленген болатын. «Мүмкіндігім шектеулі екен» деп мұқалуды білмейтін қос спортшының спорт әлеміндегі жарқын жеңістері мен жетістіктерінің алда екеніне сенеміз. Аралас жекпе-жек спортынан Қазақстан чемпионы, маңғыстаулық Шыңғыс пен Жеңіс Қайрановтардың да есімі көпшілікке етене таныс емес. Аса жеңіл салмақтағы «Алаш Прайд» Гран-приінің екі дүркін жүлдегері Шыңғыс Қайранов Қырғыз Республикасының, Ресейдің огтогонінде бір емес, бірнеше мәрте өнер көрсеткен. Оның туған інісі Жеңіс Қайранов та жекпе-жек шебері. Аралас жекпе-жектен Қазақстан чемпионы, грэпплингтен екі дүркін және панкратионнан бір рет Қазақстан чемпионы атанған. Бүгінде ағалы-інілі Қайрановтар негізін қалаған «Бейнеу ММА» жекпе-жек клубы да жемісті жұмыс істеп жатқанын айта кеткен жөн. Қазір онда 500-ге тарта бала аралас жекпе-жек, грэпплинг және панкратион спортымен айналысады.

– 23 жасымда кәсіпқой аралас жекпе-жек спортына ауыстым. Екі рет «Алаш Прайд» Гран-при жарысында топ жардым. Аллаға шү­кір, жаттығуымды үзбей, тұрақты дайындалып жүрмін. Жарысқа шығу мәселесіне тоқталатын болсақ, аралас жекпе-жек спортынан кетіп, грэпплингке ауысып жатырмын. Яғни, ереже­сіз күрес түрі. Ұру, тебу жоқ. Бұл да спорттың бір түрі. Бүгінде «Бейнеу ММА» клубының жұмысын жақсартып, жеткіншектерді спортқа баулуды қолға алдық. Аудан әкімі қолдап, көмектесіп жатыр. Алда «Бейнеу ММА» турнирін өткізгіміз келеді, – дейді Шыңғыс Қайранов.

Шыңғыстың туған інісі Жеңіс Қайранов та бүгінде біржола жаттықтырушылыққа бет бұрғанын айтты. Ол келешекте жастар арасынан чемпиондар даярлап шығарғысы келетінін де жеткізді. Ал ағайынды аяқдопшылар арасында талантты Сұлтанбек және Эльхан Астановтардың есімі ерекше аталады. Футбол мамандары да қос спортшының болашағына үлкен үмітпен қарайды. Екеуі де еліміздегі үздік клубтарда өнер көрсетеді. Шымкенттік «Ордабасы» командасының ойыншысы Эльхан 2000 жылы 21 мамырда, алматылық «Қайрат» сапында ойнайтын Сұлтанбек 1999 жылы 23 наурызда дүниеге келген. Екі футболшы да футболдан Қазақстан жастар құрамасына жиі шақырту алып жүр. Боксшылардың ішінде бір әулеттің қос чемпионы ағайынды Мерей Ақшалов пен Мейірім Нұрсұлтановтың шоқшұлдызы жоғары. Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мерей 2013 жылы «Жылдың ең үздік бокшысы» атанды. 2010-2012 жылдары «Астана арландары» сапында өнер көрсетті. Спорттық мансабын 2014 жылы аяқтады. Ал оның інісі Мейірім қазір кәсіпқой бокста шеберлігін шыңдап жүрген талантты боксшылардың бірі. Көп кездесулерін шетелде өткізетін боксшы кәсіпқой бокста жеңіліс дегенді білмей келеді. Қорыта айтқанда, біз жинақтаған туысқан спортшылар легі осындай. Бұдан өзге де аттары аталмай қалған саңлақтар көп. Олардың да есімі талай додаларда жарқ етеріне сенеміз. Жалпы, қай спорт түрі болмасын, елдің абыройын асырып, мерейін үстем етіп жүрген спортшыларымыздың еңбегі ерен. Қазақ спортындағы жеңістер мен жетістіктер мұнымен тоқтамақ емес. Саңлақтарымыз әлі де талай биік белестерді бағындыра берері сөзсіз. Бастысы, жеңісті күндеріміз көп болғай!

Абылайхан ЖҰМАШ