Мұнай қымбаттаса да, теңге құнсыз

Мұнай қымбаттаса да, теңге құнсыз

«Қара алты­нның» бағасы көте­рілсе, теңгенің долларға шаққандағы бағамының да нығая­тыны біз үшін қалыпты жағдайға айналған. Бірақ биыл ондай өзгеріс байқалмады. Маусым айында мұнай бағасы 2019 жылдан бері алғаш рет барреліне 75,90 долларға көтерілсе де, теңге баға­мы 1 АҚШ доллары үшін 426,9-428,7 аралығында сақ­талып қалды. Сарапшылар оның себебін әртүрлі факторлармен байланыстырып әлек.

Долбар мен доллар қиюласпады

Мысалы, былтыр Ұлттық валютаның сәл де болса күшеюіне әлемдік нарықтағы мұнай бағасы әсер еткен еді. Өйткені «Ресей мен Сауд Арабиясы өзара келісімге келеді» деген сыбыс тарағалы «қара алтын» да қымбаттай бастады. Сол сәтте шикізат өндіруші алпауыт мемлекеттер мұнай өндірісін азайту туралы келісімге келеді деген болжам да жасалды. «АҚШ, Канада сынды ірі мемлекеттер нарықтағы мұнай бағасын реттеуге ниетті. Осыдан кейін баға аздап көтеріле бастады. Тиісін­ше, теңгеге деген қысым азайды. Егер мұнай бағасы 40 долларға дейін көтерілсе, теңгенің тағы да нығаятыны сөзсіз», - деген болатын сол кезде қаржы сарап­шысы Арман Бейсем­баев.

Бірақ Қазақстан үшін долбар мен доллар қиюласпай-ақ қойды. Одан кейін де ел билігі мұнай экспортын арттырып, халықты қарық қылайын деп отырмыз деп сүйіншілеуден танбады. Биыл мамырдағы Үкімет отырысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 22,1 миллион тонна мұнай экспортталып, қаңтар-сәуір айларының жоспары 100 пайыз орындалғанын айтты. Сондай-ақ мұнай-газ саласындағы iрі ком­па­ния­лардың көрсеткішіне тоқталып, «Теңіз жобасында 9 миллион тонна мұнай өндіріліп, жоспар 100,1 пайызға орын­далды. Солтүстік Каспий жобасы – Қаша­ғанда мұнай өндіру көлемі 4,9 миллион тонна болды. Қарашығанақ жобасының көрсеткіші 4 миллион тоннаға жетіп, жос­пар 96,3 пайыз орындалды» деген жақсы деректер тізбегін оқып берді. Оның ай­туын­ша, мұнай және конденсат өндіру көл­е­мінің есепті айдың жоспарынан тө­мен болуына сәуір айындағы Қарашығанақ кен орнындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстары себеп болған көрінеді. Қызық сылтау.

Ал 10 мамырда Энергетика министрлігі «ҚазАқпарат» агенттігіне Қазақстан аума­ғында мұнай өндіру және барлау құқығына ие болған компаниялардың тапсырыс­тарды қалай бөлетіні туралы мәлімет ұсын­ды. Сол жауапқа сүйенсек, былтыр мұ­най саласында орындалған сатып алу­лар­­дың 79 пайызы «Теңізшевройл», «Қара­шығанақ Петролиум Оперейтинг», North Caspian Operating Company, «Тотал», «Сайғақ», «Жайықмұнай» компания­лары­на тиесілі болыпты. Ақшаға шақсақ, ол 4,28 триллион теңгеден асып кетеді. Отандық жеткізу­шілер мен мұнайға қыз­мет көрсетуші компаниялар соның 1,65 триллион теңгесін игеруге мүмкіндік алған. Алайда әзір нақты нәтижесін көріп отырған жоқпыз.

Үкіметтің уәдесі әлі орындалған жоқ

Еске сала кетсек, 2018 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп Брент маркалы мұнай бағасын 62 долларға дейін арзандатқан болатын. Сонда қазақстандық сарапшылар «енді 2014 жылдағыдай шикізат дағдарысы болуы мүмкін» екенін жорамалдап, баға сол күйі арзандай берсе, доллардың теңгеге шаққандағы бағамының да шарықтай беретінін қауіп қылған-ды. Бірақ теңгенің долларға шаққандағы нығаю үдерісі 2020 жылдың желтоқсанында үзіле бастады. Ал 2021 жылдың наурызында Еуропа елдеріне жаңа шектеу шараларының енгізілуіне байланысты әлемдік қаржы нарықтарында құбылмалықтың ұлғаюы байқалды. Мұ­най бағасы күрт төмендеп, бір баррелінің құны әлгі 62 доллар деңгейіне маңайлап қалды. Ұлттық банкке қарасты Моне­тарлық операциялар депар­таментінің директоры Нұржан Тұрсын­хановтың айтуынша, сауда сессиясының қоры­тындысы бойынша мұнай бағасы бір баррель үшін 68 доллардан 63,3 долларға дейін 7 пайызға төмендеген. Яғни, бел­гіленген баға өткен жылғы маусым айы­нан бастап Еуропада және дамушы ел­дерде мұнайға сұраныстың баяу қалпына келу және вакциналау қарқы­нының төмен болып қалу тәуекелі аясында ең жоғары тәуліктік құлдырауды көрсетіпті.

Бір қызығы, былтыр мұнай бағасы 25 пайызға төмендеп, теңге құлдырап кеткенде Үкімет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттерді орындауға уәде берді. Ұлттық экономика министрлігі валюта бағамының құбылуы шеттен келетін техника, электронды технология және дәрі-дәрмек құнына әсер ететінін мойындап, Энергетика министрлігі бензин бағасын нарық реттейтінін жеткізді. Ал биылғы 17 маусымда өткен газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқа­ев сұйытылған газ жеткізуші кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмы­сын сынға алды. «Жаңғырту жұмыстары 2018 жылы аяқталғанына қарамастан, кәсіпорын жұмысында әлі де іркілістер бар. Соның салдарынан мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша өндіріс көлемі кеміп, оның ішінде сұйытылған газ аза­йып кетті. Бұл жанармай құю станса­ларындағы тапшылыққа және бағаның шарықтауына алып келді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бірақ біздің билік бірнеше жылдан бері ел экономикасын мұнайға тәуел­діліктен құтқару жөнінде жақсы-жақсы сөздер айтып келе жатқанымен, одан әлі бір жөнді нәтиже шыққан жоқ. Қазір бензин мен газдың қымбаттағанын алға тартқан такси жүргізушілерінің өзі иек астындағы жерге «әкесінің құнын» сұрап тұр.

Баға мен бағам байланысы

Сонымен, қазір теңгенің мұнай қым­бат­тағаннан кейін де неге нығая алмай тұрғаны және әлемдік нарықтағы оқи­ғалар бағам серпініне қалай әсер ететіні туралы Ұлттық банк төрағасының орын­басары Әлия Молдабекова мәлім­деме жасады. Оның айтуынша, қойма­лардағы қордың төмендеуі және қозғалыс жасауға қойылған шектеулерді біртіндеп алып тастауға байланысты жаз мезгілінде сұраныстың ұлғаюын күткен инвесторлар мұнайдың белгіленген бағасының өсуін қолдап отыр. Алайда теңге өсімін бірқатар ішкі факторлар тежеп жатыр. «Қазақстан қор биржасында сауда-саттық көлемінің ұлғаюы – экономикалық белсенділіктің қалпына келуінің және шетел валютасына сұраныстың артуының айқын айғағы. 2021 жылғы қаңтар-сәуірде импорт өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,5 пайызға өсті. Ал тұтынушылық азық-түлікке жатпайтын тауарлар импорты мен өндірісі 11,4 миллиард долларға жетті. Барлық импорттық тауарлардың шамамен 40 пайызы Ресейден әкелінеді және бұл үрдіс күшейіп келеді», – дейді Әлия Молдабекова.

Шынымен де, Ресей экономикасының Қазақстан экономикасына ықпалы зор болып тұр. Себебі біз көрші елмен эко­номикалық серіктеспіз және Қазақ­стан – Мәскеу басқаратын ЕАЭО-ға мүше мем­лекет. Ресейден импортталатын тауар­лар бағасының өсуі және біздің бизнестің тиісті күтулері сатып алу көле­мінің ұлғаюына әсер етпей қоймайды. Мысалы, 2020 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда, 2021 жылғы қаңтар-сәуірде тауарлар Ресейден 16 пайызға көп импорт­талған. Осылайша, шетел валютасына сұраныс­тың артуы теңгенің нығаюына мүмкіндік берер емес. Сондықтан оған мұнай бағасы өсімінің онша әсері жоқ. Салдарынан елде азық-түлік бағасы да арзандамай тұр.

Ресей рублі мұнай арзандаған кезде де нығая түскен болатын. Себебі олардың орталық банкінің ақша-валюта саясаты мықты. Рубль мұнай бағасына тәуелсіз. Бұл біздің сөзіміз емес, «Уралсиб» банкінің бас экономисі Алексей Девятов айтқан, «соңғы кездері мұнай бағасы мен рубль бағамы арасындағы байланыс азайып келе жатыр» деп. Сондай-ақ таяуда Ресейдің Қаржы министрлігі 40 миллиард рубльге екі рет мемлекеттік облигация шығаратынын мәлімдеді. Ол дегеніңіз, біз сияқты инвесторлардың рубльге деген сұранысын арттыра түспек. Сөйте тұра, Үкімет биыл бағаны тұрақтандыру жөніндегі жиналысты жиілетіп жіберді. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, ол – өте әлсіз тәсіл. «Шенеуніктер базарды бір айналып шыққанда тұрақтылық байқалар. Алайда келесі күні-ақ баға өседі. Оны тұрақ­тандырудың негізгі жолы – елде қосымша зауыт, фабрикаларды, тауар өндірісін іске қосу. Мұны «қарапайым заттар эко­номикасы» дейміз. Шеттен келіп жатқан импорттық тауарлардың орнын басатын өндіріс жасау ғана теңгені нығайтады. Сонда ғана жоғары инфляция болмайды», – дейді ол. Шынында да, қазір жыл соңындағы салық науқаны келгенде, ірі салық төлеушілер жаппай теңге сатып ала бастайды ғой. Осылайша, нарықта ұлттық валютаға деген сұраныс артып, ол теңгенің бағамына әсер етеді. Сол тоқсан және жыл соңындағы теңге бағамының нығаюын экспорттық өнімдерді арттыру арқылы ұстап тұруға болады, біздіңше. Мұнайсыз да мұңсыз өмір сүргенбіз.

Еркеғали БЕЙСЕН