«Тараздың» жұмысы көңілден шыға ма?
«Тараздың»  жұмысы көңілден шыға ма?
152
оқылды

Соңғы кездері «Тараз» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорация­сының» жұмысы жиі сынға алынып жүр. Мекеме бастамаларына биліктің де, кәсіпкерлердің де кө­ңілі толмайтындай. Себебі бұрнағы жылы тірлігі тиянақты көрінген құрылым бүгінде жүрісінен жаңылды деп отыр. Сонымен, корпорация қай тұста жаза басып, шаруалардың көңілі неге қалды?

Статистика не дейді?

Ең әуелі «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-тың берген ақ­паратына сүйенсек, өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Тараз қаласынан «инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» құрылып, жұмыс көшілгері жылжыған екен. Бүгінде орталықта кәсіпкерлер мен инвесторларға арнап 31 қызмет түрі көрсетіліп жатыр. Бүгінге дейін 1 850 адамға кеңес берілсе, жыл соңына дейін олардың санын 2 300-ге жеткізу көзделіп отыр. Барлық қызмет ақысыз көрсетіліп жатыр десек, орталықты ұстауға 61,8 миллион теңге шығын кеткен.

Корпорацияның бір міндеті – «жам­был­дықтардың тұрмыстық табысын арт­тыру» пилоттық жобасын жүйелі ету болса, қазірге дейін республикалық бюджеттен бөлінген 7,2 миллиард теңгеге 2 489 қарыз шарты жасалған. Сондай-ақ жергілікті қазынадан қаралған 1,2 миллиард теңгеге 146 несие рәсімделген. Берілген қара­жаттың осы күнге дейін 1 121 миллион теңгесі қайтарылса, оның 943 миллион теңгесі қайта несиелендіруге жұмсалмақ.

«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясы» бағаны тұрақтандыруды да жауапкершілігіне алған. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру шеңберіндегі бағ­дарламаны іске асыруға Ауыл шаруа­шылығы басқармасынан 2,8 миллиард теңге алынса, қазір оның 596 миллион теңгесі бюджетке кері қайтарылған. Ай­налымда 2 миллиард теңге жүр. Өткен жылы корпорация мен «Әлеу­меттік павильондар» ЖШС арасында келі­сім­шарт жасалып, 16 әлеуметтік дүкен ашылса, жыл соңына дейін тағы 8 сауда орны халыққа қызмет көрсетеді деп жос­парланған. Өткен жылы корпарацияның қаты­суымен 174,6 миллион теңге болатын 5 жоба пайдалануға берілсе, биыл жалпы құны 570 миллион теңге тұратын 10 жоба іске асырылған. Бұдан бөлек, 153 миллиард теңге болатын 34 жоба жүзеге асып жатыр. Былтыр «Трейд-ин» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Тараз сервистік-өндірістік орталығы» ЖШС құрылып, нәтижесінде 10 трактор қалпына келтіріліп, 7 трактор сатылған. Биыл 30 трактор алуға 345 миллион теңгеге өтінім беріліп, жыл соңына дейін 12 трактор алынады деп жоспарланып отыр.

Қаралған қаржының есебі қайда?

Әрине, статистикалық мәліметтер көз сүйсіндіретіні байырдан белгілі. Алайда бұдан корпорацияның жұмысы толықтай көңілден шығады дей алмаймыз. Мәселен, өткен жылы іске асырылған проблемалық инвестициялық жобалар бар. Олар – «Қаралма» спорттық-туристік базасының құрылысы, Меркі ауданында ауызсу өндіру және Тараз қаласында автомобильге газ құю стансаларының желісін құру жоба­лары. Қазір «Тараз» ӘКК» АҚ жобалардан шығу және инвестицияларды қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ наразылық-талаптарын жолдауда. Бір ғана «Қаралма» спорттық-туристік базасын салу жобасы бойынша 892 миллион теңге көлемінде қосымша қаржыландыру талап етілді. Тағы бір мәселе – «Тараз» ӘКК» АҚ-тың бүгінгі күнге 145,2 миллион теңге мөлшерінде шығыны бар. Өйткені бюджет алдындағы берешек корпорацияның меншікті қаражаты есебінен өтелген. Сондай-ақ «Тараз» ӘКК» АҚ-тың бюджет алдындағы қарызының қалдығы 2029 жылы өтеу мерзімімен 140 миллион теңге болған.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев корпорацияның бес айда атқарған жұмысын тыңдағанда да оң көзқарас танытпады. Атап айтсақ, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басшысы Нұрғали Көрпетаев сол жиында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жобаларға бөлінген қаржының мақсатты әлде мақсатсыз жұмсалғанын дөп басып айтып бере алмады. Мәселен, кор­порацияның «Мерке-Финанс-кредит» филиалы арқылы Сарысу мен Талас аудандарының тұрғындарына кәсіп ашу үшін 120 миллион теңге берілгенімен, басқарма әлі күнге дейін филиалдан бірде-бір ақпарат ала алмаған.
Cол тұста әлеуметтік дүкендерде азық-түлік түрлері де таусылып қалған. Күнбағыс майы болса 73 теңгеге қымбаттап кеткен. Жалпы, корпорация сыннан сабақ шығара қоймайтындай. Олай дейтініміз, наурыз айында да корпорация жұмысы қатаң сынға ұшыраған. Сол кезде бағаны бақылауда ұстайды делінген мекеме тұрақ­тандыру қорына берілген 632 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын түсіндіріп бере алмады. Мәселен, «Көкжиек» ЖШС қаңтар-ақпан аралығына белгіленген 25 миллион теңге өнімінің тек 5,6 миллион теңгелік өнімін ғана өткерсе, «БМК» ЖШС-не берілген 26 миллион теңгенің тек 7,6 миллион теңгесі игерілген. Ал картоп өндірушілерге берілген 127 миллион теңге несиенің есебі болса, мүлде жасалмағаны белгілі болған еді. Енді міне, арада үш ай өтсе де «баяғы жартас – сол жартас» күйі тұр.

Шаруа неге шырылдайды?

«Жол азабы жолаушыға таныс» демекші, корпорацияның шаруаларға қандай қолдау көрсетіп жатқанын білмек мақсатта кәсіпкерлердің өздерінен сұраған едік.

– «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» мекемесінің негізгі жұмыстарының бірі – бағаны тұрақтандыру. Алайда олардың өздерінің қоймалары жоқ. Содан олар сапасыз арзан дүниені сатып алады да, сауда орындарына дер кезінде жеткізіп бермейді. Бір ғана Жуалы ауданын мысалға алсақ, көктемнің кезінде картоп­тың отаны саналатын елді мекенде картоп бағасы 340 теңгеге шарықтап кетті. Оған себеп – өнімнің бәрін алыпсатарлар егістік басынан сатып алып кеткен. Нәтижесінде, жергілікті билік картопты Пәкістан, Иран сияқты мемлекеттерден әкелуіне тура келді. Менің өзімнің үш қоймам халықты ма­мыр айына дейін картоппен қамти ала­ды. Алайда жалғыз менің шаруашылығым бүкіл облысты картоппен қамтамасыз етуге қауқарлы емес. Сондықтан корпорацияның өз қоймасы болып, келісімшарт негізінде шаруалардың өнімін егістік басынан сатып алатын болса, бағаға қатысты қиындық туын­дамас еді.

«Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қыз­мет көрсету орталығының» ашылғанын естідік, бірақ жұмысын білмейміз. Себебі үгіт-насихат жұмыстары мүлде жоқ. Ондағы мамандар ауыл-ауылдарды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді білмейді. «Әлеуметтік дүкендерді» ашуға да аудан әкімдері құлықты емес. Өйткені кор­пора­ция тарапынан оларға ешқандай көмек жоқ. Өздерінің қоймалары болмағандықтан өзгені қалай жарылқасын? Биыл бірқатар өңірде қуаңшылық бо­лып, шөп жетіспеушілігі туралы айтылып жатыр. Алайда Жамбыл облысында шөп жетеді. Бірақ шаруалардың соны шауып алатын техникасы мен жанармайы жоқ. Корпорация осы жағынан көмектессе, бұл түйткілдің де түйіні тарқар еді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, былтыр корпорацияның жұмысы көрінетін. Биыл мүлде байқалмайды, – дейді Жуалы ауданындағы «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев. P.S. Негізі, шаруалардың көбінің ойы осыған саяды. Кәсіпкерлікті қолдау мекемесінің аты затына сай болғанын қалайды. Бес айдағы жұмыс облыс әкімдігі тарапынан қатаң сынға ұшырағаннан кейін корпорация енді қандай бағытта тірлік етіп, олқылық­тардың орнын қалай толтыратыны әзірге белгісіз. Алайда, бағдарын дұрыс бағытқа айқындамаса, жағдайлары жақсы бол­майтыны айдан-анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы