Үнді штамынан балалар 5 есе көп ауырып жатыр - Алмаз Шарман
Үнді штамынан балалар 5 есе көп ауырып жатыр - Алмаз Шарман
139
оқылды
Ғалымдардың айтуынша, коронавирус жұқтырушылар жасарып келеді. Вирустың мутацияға ұшыраған үнді штамынан ауырып жатқан балалар саны артқан. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте АҚШ-тың биомедицина саласының қызметкері, қазақстандық ғалым Алмаз Шарман мәлім етті. 
«Біз пандемияның үлкен фазасына өтудеміз. Қазір коронавирус жасарды. Дельта штамынан ауырғандарда өлім жағдайы көп тіркелуде және бұл вируспен балалар 5 есе көп ауырып жатыр. Сондықтан мүмкіндігінше вакцина алғаныңыз абзал. Вакцинаның бірінші дозасы адам ағзасын вирустан 17% ғана қорғайды, ал екіншісі 100% иммунитеттің төтеп беруіне кепіл бола алады», - деді Алмаз Шарман.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттар мен медициналық бағыттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев қазақстандық балаларға екпе клиникалық зерттеудің оң нәтижесінен кейін ғана басталатынын жеткізді.
«Қазір әлемнің кейбір елдерінде 12 жастан асқан балаларға қауіпсіздігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген вакцина егілу тәжірибесі жүріп жатыр. Ең алдымен, бұл Қазақстанда дәлелденуі тиіс. Қазір ғалымдар зерттеулерді, әлемдік медицина әдебиеттерін анықтап жатыр. АҚШ пен ЕуроОдақ 12 жастан асқан балаларға екпе салуды бастап кетті. Клиникалық зерттеулер қауіпсіздік және тиімділік жағынан дәлелденген болса, біз қазақстандық балаларға да саламыз», - деді маман.
Еске салсақ, бүгінге дейін әлемде 182 миллионнан артық адам коронавирус жұқтырып, салдарынан 3,9 млн. адам көз жұмған. Екпе салу медицинада 1796 жылдан дәстүрге айналды.