Биыл оңтүстік өңірлерде ғана емес, республиканың бірқатар аймағында қуаңшылық сезіліп тұр. Көктемдегі жаңбырдың аздығынан қара жер кеуіп кетті. Жайылым тақырланып, шаруадан маза қашқан. Түркістан облысындағы Сарыағаш, Келес аудандарының шөлді аймақтары табиғаттың тосын мінезінен зардап шегіп отыр. Оған әрбір екінші үйі мал ұстайтын Сайрам ауданын қосыңыз. Сайрамдықтар бұрыннан шөпті Бәйдібек, Арыс, Созақ аудандарынан тасымалдаушы еді. Биыл ол аймақтарда да селдіреп шыққан шөп өзге түгілі, өздерін қамтуға жетпей жатыр.
Отар-отар қойларын сатып жатқандар да бар
Біз шаруаның бүгінгі жайын, малының күйін, жем-шөп қорын білмек болып, мал шаруашылығын кәсіп еткен бірқатар шаруамен тілдескен едік. Төлеби ауданындағы «Қазығұрт дәмі» өндірістік кооперативінің төрайымы Айғаным Абдукаримова шаруа үшін биылғы жағдайдың күрделі екенін айтады. Қуаңшылық, бұл - шаруашылыққа да оңай тимейін деп тұр. Жайылымның жайына алаңдаулы. Жыл сайын 4 000 дестеден аса жоңышқа беріп жүрген шабындықта биыл шөп тапшы. Бар-жоғы 2 000 орамдай ғана шөп жиналыпты. Қымыз баптайтын болған соң кооператив жылқы шаруашылығымен айналысады. 2 000 десте шөп түк те болмайды. «Алдыңғы жылдары өзіміздің малға қажеттіні алып қалып, қалғанын сататын едік. Былтыр 400 теңгеден саттық. Биыл, тіпті өзімізге де жетпейін деп отыр. Сайрамдық шаруалар шөптің бір түгін 2000 теңгеден беруімізді өтінді. Өзімізге жетпей жатқан соң қалай сатамыз? Сарыағаш, Қазығұрт аудандарының кейбір шаруалары біздің кооперативке мүше. Иелігінде мал азығын дайындайтын жері болмаған соң биыл қиналып отыр. Шөптің бағасы аспандап кетті. Біразы қыста малын қырып аламыз ба деген үреймен малын сатуға мәжбүр болды. Отар-отар қойын сатып жатқандар да бар. Қысыр сиырлардың бағасы 100 мың, бұзаулы сиырдың құны 200 мың теңгеге түсіп кетті. Сосын биылғы шөптің мазасы жоқ, десте тығыз емес, селдіреп тұр. Үкімет елде осындай құрғақшылық, қиыншылық болып жатқан кезде субсидия беру керек деп ойлаймын», – дейді кооператив төрайымы.Біз тілдескен малшы ауылдың жағдайы осындай. Малшының мазасы жоқ. Жерде от болмаған соң, мал амал жоқ, қолға қарайды. Бір түк жоңышқаның бағасы әр жерде әртүрлі. Мәселен, жоғарыда айтып өткен Төлеби ауданы 2000 теңгеден сұрап отыр десе, сарыағаштық шаруа 1800 теңгеден алған. Ал жергілікті әкімдіктегі ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының жауабы сәл басқашалау. Шөптен тапшылық жоқ сияқты. Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ырысқұл Есболаев бүгінде ауданда мал азығын дайындау мәселесі 70 пайызға орындалып қойғанын сөз етті. Енді 20 пайызын сабанмен қамтыса, қалған 10-15 пайыз мал азығы көрші аудандардан әкелінеді. Сонымен, мәселе шешілмек. «Шөп қымбат болса да, мал басын сақтап қалу үшін шаруаларды сабырға шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Дәл бұлай болып тұра бермес, реттелер. Нәпақасын мал шаруашылығымен айырып отырған әбден ысылған, тәжірибесі бар шаруалар мұның да бір жолын табар. Шаруалар негізінен басқа аудандармен ерте көктемнен келісімге келіп, ақшасын төлеп қояды. Бізде мал басына шаққанда жер көлемі жетіспейтіндіктен бұрыннан-ақ көрші аудандардан шөп тасымалдайтынбыз. Бүгінде ауданда 260 мыңдай ірі қара, 180 мың уақ мал, 80 мыңның айналасында жылқы бар. Солтүстік жақта шөптің жайын бақылайтын өкілдеріміз жүр. Тасымалдаудың тиімді тұстарын қарастырып жатырмыз», – деп, әліптің артын бағып отырғанын жеткізді бөлім басшысы.Ал сарыағаштық уақ мал шаруашылығымен айналысатын Думан Балғабайұлы ахуалдың қиын екенін жасырмады. «Алғашқы орым басталғанда Шымкентте шөптің бір түгі 2 000-2 500 теңгеге дейін көтерілді. Біз Шардара қаласынан шабындық басынан барып 1 800 теңгеден алдық. Қазір бағасы сәл түсіпті. 1 400 теңгеден болыпты. Бірақ екінші орым жұқалтың, сирек болады. Бағасы да төмен болатын шығар деген үмітпен отырмыз. Өткен жылы мал күйлі шығып еді. Шөпті 300-400 теңгеден де алғанбыз. Биыл бірнеше есеге өсті. Жалпы, биыл қымбатшылық қысып тұр. Егін шаруашылығымен де айналысамыз. Оның да өзіндік қиындықтары бар», – дейді шаруа.
Дүрлігетін дәнеңе жоқ
Ал Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ербұлан Жәнібеков дүрлігетін дәнеңе жоғын айтып, шаруаларды сабырға шақырды. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желідегі дүрлігудің салдарынан шөптің бағасы шарықтап кеткен. «Әрине, биыл жауын жаумай шөп бітік шықпай қойды. Алайда баға қымбаттағаны болмаса, аламын дегенге шөп бар. Жол бойында сатылып тұр. Қазір жоңышқа шабындық басында 850, тасымалымен 1 000-1 100 теңгеге саудаланып жатыр. Алайда Сарыағаш, Келес аудандарында жайылым жер тап-тақыр болып құрғап кеткені рас. Оларға жайылым үшін Шардара орман қоры жерін ұсынып отырмыз. Мал жайылымы үшін Созақ, Бәйдібек аудандарының таулы аумағы да қолайлы. Қазір осы екі ауданның қариялары мал азығын алдымен өздеріне жеткізіп алу үшін сыртқа шығармауға жұмыс істеп жатыр. Біз оларға өздеріне қажеттіні орып алған соң басқа өңірге сатпай, тиімді бағамен Сарыағаш, Келес аудандарының шаруаларына бересіздер деп отырмыз», – дейді. Сонымен қатар басқармадағылар солтүстік жақтағы Ұлытау ауданынан шөп тасымалдау жұмыстарын үйлестіріп жатқанын тілге тиек етті. Әзірге ол жақта дестесі 450 теңгеден болып тұрған. Енді жеткізу шығынын есептеп, тиімді жағы қаралып жатыр дейді мамандар. «Сарыағаш пен Созақта, сосын тамақ корпорациясында 68 теңгеден арзан бағада жем бар. Шаруаларға барып алыңыздар десек, қимылдамай отыр» деп қынжылды бөлім басшысы. Сонымен, шөптен қиындық жоқ, тек сәл қымбаттағаны болмаса деп бейқамдық танытты басқармадағылар. Ал қымбатшылық шөпке ғана емес барлық тауарларға байланып тұрғанын тілге тиек етеді. Өңірдегі жанар-жағармай тапшылығы да шөптің қымбаттауына әсер еткен.«Жаңбыр жауса – жер ырысы» деген сөз бар ғой. Бірақ биыл сол ырыс болмай тұр. Әдетте Сырдария өзенінің бойындағы тоғай от болатын. Биыл бұл жер де қурап тұр. Жайылымда қаз-қатар қонатын малшылар да шөбі шүйгіндеу аумаққа көшіп кеткен. Ал кеңседегілер қысқы мал азығына қамсыз емеспіз, мұндай қуаңшылықтың талайын көргенбіз деп арқаны кеңге салып отыр...Ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, биылғы мал азығы өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда бірнеше есе төмендеп кеткен. Былтыр осы уақыттағы меже 3780,0 мың тонна болса, ол 3 996 мыңға орындалып, 106 пайыз көрсеткішке жеткен-ді. Ал биыл 3 901,8 мың тонна болуы тиіс мал азығы 1 446,7 мың тоннаға ілініп, меже 37 пайыз ғана орындалған. Осы деректен-ақ өңірдегі мал азығының ахуалын көруге болады.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы