Қолөнершілер көрмесі өтті

Қолөнершілер көрмесі өтті

Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында «Жетісу – Ұлы Жібек жолының басты қақпасы» атты қолөнершілердің қайырым­ды­лық көрме-жәр­мең­кесі өтті. Орта­лық алаңда түрлі туындылар қойыл­ған көрмеге облыстың елге танымал 20-дан астам шебері өз қолымен жаса­ған түрлі бұйымдарын ұсын­ды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына ар­нал­ған көрме-жәрмеңкені Ескелді ау­данының әкімдігі бастамасымен «Алтын Адам Жетісу шеберлер орта­лығы» қоғам­дық бірлестігі, Алматы облысының іскер әйелдер кеңесі, Алматы облысы Кәсіп­керлер пала­та­сының аудандық филиалы және «Алпамыс» мүгедектер қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

«Көрменің мақсаты – қолөнерді дәріп­теу, оны халық арасында танымал ету, қол­өнершілерге тәжірибе алмасуға жағдай жасау. Көптеген шеберлер мемлекеттік бағдарламалардың қаты­су­­шылары, соның арқасында өз ісін дамытып, шеберлік сабақтарын өткізеді. Сондай-ақ олар ұлт­тық қолөнерді ары қарай жалғастыру және сақтау үшін балалары мен немере­леріне үйретеді. Облысымыздағы көптеген қолөнершілер «Алтын адам Жетісу шебер­лер орталығы» қоғамдық ұйымына бірігіп, ұлттық өнерді бұқара­ға тарату бастамасына қуана қосылды», – деп атап өтті Алматы облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Римма Салықова.

Шарапатты шараның ашылу салта­натына арнайы келген аудан әкімі Рустам Әли: «Халықтық қолөнер – ұлттық мәде­ниет пен туризм индус­триясының ажыра­мас бөлігі. Елдегі туризмнің дамуын, туристік орындар­дың танымалдығының ар­туын ескер­сек, алдағы кезде қол­өнершілік ел ішінде кең тарала бастайтыны сөзсіз. Бұл үрдіс тек күшейе түседі және біз ұлттық қолөнерді ілгерілету үшін түрлі алаңдарды ұсына отырып, жаңа деңгейге көтеруіміз керек», – деді.

Жәрмеңкеге облыстың түкпір-түк­пірінен келген шеберлер қатысып, түрлі зергерлік, киіз және жібек бұйымдарын, тоқыма және былғары заттарды, музыка­лық аспаптарды, ат әбзелдерін, картина­ларды ұсынды. Жиналған қаражаттың бір бөлігі киіз бұйымдарына арналған шикізат сатып алу үшін ерекше қажеттіліктері бар шеберлерге көмекке берілетін болды. Жәрмеңкеге қатысушылардың бірі – талдықорғандық ұлттық нақыштағы әшекейлер жасайтын шебер Сәуле Жүл­кеева зергерлік бұйымдарды табиғи тас­тардан жасайды. Идея мен дизайнды әртүрлі техникадағы жұмыстарға қарап өзі ойлап табады. Барлық өнімдері заманауи дизайндағы шығыс және ұлттық стильде әзірленген. Әрбір бұйым бірегей, қайталанбайды деп айтуға болады, өйткені олар қолмен істелген. Ал Сарқан ауданының тұрғыны Светлана Бестюбаева өзі қатысып отырған алғашқы көрмеге қыз жаса­уын, көрпелер, жастықтар, кілемдер әкеліпті. Бірнеше жыл бұрын көрпе тігіп, қыздарына жасау дайындаған оның тіккендерін көрген туыстары мен таныстары тапсырыс бере бастайды. Осылайша, хоббиі кәсіпке ай­нал­ған. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, бизнес ашуға грантқа қол жеткізіп, оған тігін машинасы мен құрал-саймандар сатып алған. Содан бері жеке ісін жүргізіп келеді. Көрме жұмысы аясында шеберлік сыныптары, ұлттық киімдер көр­сетілімі және концерттік бағдарлама ұйым­дастырылды.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы