Криминалдық, террористік және экстремистік құрылымдар қашанда қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды иемденуге құштар. Бұл олардың қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін қажет әрі өте табысты сауда көзі. Қару-жарақ саудасымен айналысатын трансұлттық топтар пәрмені күшті лауазым иелерімен ауыз жаласып, мемлекеттік шекаралардан кедергісіз өтеді. Салдарынан қауіпсіздік қызметі мүлтіксіз жұмыс істейтін қуатты мемлекеттердің өзі заңсыз қару-жарақ саудасын ауыздықтай алмай отыр. Бұл проблема Қазақстанды да айналып өткен жоқ.
Республиканың құзырлы органдары қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қару мен оқ-дәрінің айналымын қатаң қадағалайды. Қару саудасына қатысты еліміздің бірқатар кодексінде, заңында, нормативтік-құқықтық актісі мен ережесінде әкімшілік және қылмыстық сипаттағы ескерту және жазалау шарасы қарастырылған. Әйтсе де, қылмыстық топтар да әрекетсіз жатқан жоқ, олар да заңды айналып өтудің түрлі құйтырқы жолын ойлап табады.Заңды айналып өтетін жолдар көп
Соның бірі – отты және басқа да қару түрлерінің құрылымын өзгертіп, сатылымға шығарады. Яғни, о баста бос патронмен атылуға арналған, тұмсығы ойық құралдардан отты қару жасау, газды қаруды жарақаттаушы патрондармен оқтау, сондай-ақ сырттай қарағанда тек жарықдыбысты патрондармен ғана атылатын сияқты болып көрінетін қаруды адамды жазым етуге қуаты жететіндей етіп қайта құрастыру, тағы басқа. Өкінішке қарай, біздің елде отты қару түріне жатпайтын, тұмсығы кесілген қаруды саудалауға тыйым салатын заң жоқ. Оны кез келген адам интернет дүкен арқылы тапсырыс беруіне болады, ал көлік-логистикалық компаниялардың курьерлері оны сатып алушының қолына тікелей жеткізіп береді. Мұндай «құралдарға» міндетті тіркеу жасалмайды. Ал одан әрі қолы іс білетін адамдар одан оңай атыс қаруын жасап ала алады. Бұл жағдай атыс қаруына толықтай бақылау жасауға мүмкіндік бермей отыр. Сол себепті ІІМ отты қару түріне жатпайтын, тұмсығы кесілген қаруды саудалауға тыйым салатын заң нормасын әзірлеген, бірақ бұл құжат әлі күнге дейін қабылданған жоқ. Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз брифингінде ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлім етті.Сонымен қатар газды, сигнал беруші, пневматикалық және қолдан атыс қаруы етіп жасалған тұмсығы кесілген құралдармен жасалған қылмыстық оқиғалар да азаймай отыр: 2018 жылы – 25 факт, 2019 жылы – 21 факт, 2020 жылы – 27 факт, ал 2021 жылдың 4 айында 10 факт тіркелген.Оның айтуынша, таяуда Көкшетауда заңсыз отты қару жасаумен және сатумен айналысатын қылмыстық топ ұсталған. Сондай-ақ, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы және Ақмола облыстарында қаруды модификациялаумен шұғылданған қылмыстық топтар анықталған. Ресми дерек бойынша, 2020 жылы Қазақстанда қолдан заңсыз қару жасау фактісі бойынша 358 құқықбұзушылық іс тіркелген.
Құқық қорғаушылар қарап жатқан жоқ
ІІМ қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын «Қару», «Құқық қорғау», «Браконьер», тағы басқа шараларды өткізеді, соның барысында заңсыз айналымдағы қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленеді. Соның арқасында кейінгі бес жылда 10 мыңнан астам заңсыз қару табылды. Биыл 17 мамыр -17 маусым аралығында ұйымдастырылған бір айлық акция барысында заңсыз сақталған 663 бірлік отты қару алынды, оның 39-ы – шолақ мылтық. Үйінде қару сақтайтын 145 мың азамат тексеріліп, тиісті заңнамалық талаптарды орындамағаны үшін олардың 4 мыңы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 2008 жылдан бері жұрттың қолындағы қаруларды сатып алу шарасы үзбей жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде халық қолындағы 53 мың қару мен 2 млн. патронды өз еріктерімен тапсырған. Қазынадан қару тапсырушыларға 1,7 млрд. теңге қаржы төленді. Соның арқасында тек соңғы 5 жылда қару қолданып жасалған қылмыс саны 50 пайызға азайды (2015 жылғы 488-ден 2020 жылы 244-ке дейін).Жыл басынан бері адамдар 1 381 атыс қаруын, 57 292 патрон, сондай-ақ 11 жарылғыш құрылғылар мен 15 келі жарылғыш заттарды тапсырды. Қарудың құны оның техникалық жағдайына байланысты 30 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін бағаланды. А.Ыдырысовтың айтуынша, иір ойықты автоматты қару үшін 100 есе айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 290 мың теңге дейін төленеді. Винтовка мен карабинге 145 мың теңгеге дейін беріледі. Тапанша мен револьвер үшін 100 мың теңге қарастырылған. Ал әрбір тегіс ұңғылы қару 90 мың теңгеге дейін бағаланады. Қолдан жасалған қару-жараққа, оқ-дәріге немесе ІІМ ақпараттық жүйесінде «тіркелген», әйтпесе «криминалдық» қару ретінде есепте тұрған қаруға өтемақы берілмейді.«2021 жылы елдің қолындағы қару-жарақты сатып алуға республикалық бюджеттен 95 млн. теңге бөлінді. Адамдар заңсыз қаруды өз еркімен тапсыратын болса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады»,– дейді ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің бөлім басшысы Асылбек Ыдырысов.
Қазан оқиғасы тәубеге түсірді
Атыс қаруының көлденең адамдардың қолында жүруі қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін мамыр айында Қазан қаласында болған қайғылы оқиға анық көрсетті. Қылмыскер мектепке кіріп, аяусыз оқ жаудырған. Соның салдарынан бірталай оқушылар мен мұғалім қаза тапты. Осы қанды қасаптан кейін Қазақстанда мектептерді кәсіби мамандар күзететін болды, ал қару-жарақ сататын дүкендерге қойылатын талап күшейтілді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазан оқиғасына байланысты шұғыл отырыс өткізіп, өңірлік қызметтер мен Полиция департаменті басшыларына барлық білім беру ошақтарын бейнебақылау жүйесімен, дабылқаққыш түймесімен және күзет қызметімен қаншалықты қамтылғаны туралы анықтауды тапсырды.Естеріңізде болса, 2016 жылы Ақтөбе қаласында бір топ адам қару-жарақ дүкенін басып алып, қаруланып, сосын әскери бөлімге шабуыл жасап, елді дүрліктіргенін ұмытпаған шығарсыздар? Сондықтан қару дүкендерінің күзетілуіне қатаң бақылау қою – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты талабының бірі. Өйткені Ақтөбедегі, Қазандағы, Нидерландтағы, АҚШ-тағы осыған ұқсас отты қарумен жасалған қылмыстық оқиғалардың бәрінің түп төркіні бір – заңсыз қару айналымына мемлекет тарапынан тиісінше бақылаудың қойылмауы.– «Қару» оперативтік-профилактикалық шарасының аясында дүкендерде қару мен оқ-дәрінінің сатылу заңдылығы, олардың қауіпсіз сақталуы, сондай-ақ қару дүкендері иелерінің жеке бастарын анықтау бойынша тексеріс жүргіземіз,– деді ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.