Тәуелсіздікпен құрдас спорт саңлақтары
Тәуелсіздікпен құрдас спорт саңлақтары
185
оқылды

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ел еңсесін көтер­­­ген бірден-бір сала болса, ол – спорт. Отандастарымыздың әлемдік аренада топ жарғаны көпті қуантатыны белгілі. Ал сол тұста құндақта жатқан сәбилер қазір түрлі жарыста ел на­мысын қорғап жүр. Олардың арасында Әлем чемпионынан бастап, ұлттық құраманың жаттықтырушысына дейін бар.

Шаршы алаңда шыңдалғандар

Бокстағы тәуелсіздік құрдасы дегенде бірден Данияр Елеусінов еске түседі. 1991 жылы дүние есі­гін ашқан оның боксшы бол­мауы мүмкін емес еді. Өйткені әкесі Марат Елеусінов - еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Да­ниярға бокстың қыр-сырын үй­ретіп, үлкен өмірге баулыған тұлға. Мысалы, оның інісі Дәурен Елеу­сінов те бокстан Әлем чем­пионы, Азияның екі дүркін чем­пионы және Азия ойын­дарының екі дүркін чемпионы.

Ал Данияр Елеусінов болса, 69 келіге дейінгі салмақта бақ жұл­дызы жанған спортшы. Қазақ­станның еңбек сіңірген спорт ше­бері, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, 2013 жылғы Әлем, екі дүркін Азия ойын­дарының, екі рет Азия чем­пио­натының жеңімпазы. Қазір кәсіби бокста жартылай орта сал­мақта топ жарып жүрген боксшы. Ол 2018 жылы британдық Matchroom Boxing-мен келісімшартқа отырып, бокстағы кәсіби манса­бын бастаған-ды. Ол кәсіби ман­сабында 10 рет шаршы алаңға шы­ғып, бәрін тізе бүктірді. Елеу­сінов – IBF Intercontinental бел­беуінің иегері, ел спортында жар­қын із қалдырып жүргендердің бірі. Әрбір жеңісінде еліміздің тәуелсіз екенін, егемендіктің ар­қасында биіктерді бағындырып жүргенін айтады. Бүгінде жеке спорттық костюмдер коллек­циясын дүниеге әкелген спортшы қандай жетістікке жетсе де, тәуел­сіздіктің жемісі екенін естен шы­ғармайды.

Тағы бір боксшымыз Ілияс Сүлейменов те егемендікпен құр­дас. Бұрын 57 келі салмақта жұ­дырықтасып жүрген ол қазір 60 келіде сынға түсіп жүр. Ол Азия ойындарының чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әскерилер арасындағы Әлем чем­пионатының күміс жүлдегері, Гал­лада өткен халықаралық жа­рыстың жеңімпазы. Біршама жыл «Астана Арланс» кәсіби бокс клу­бында өнер көрсеткені бар. Сү­лейменов салмақ ауыстыруын пандемиямен байланыстырады. Өйткені ка­рантин кезінде оның салмағы 62 ке­ліге дейін өскен. Бірақ спортшы тыңғылықты дайындалып, қай­тадан бұрынғы формасына оралуды жоспарлап жүр. Тәуелсіздік құр­дасы нендей қиындыққа кезіксе де, мойымауды үйренген. Мүм­кін­діктерді сынап көруді, қатеден сабақ алуды бі­рінші кезекке қояды. Мысалы, Лондон Олимпиадасында бақ сынағаны оған үлкен леп әкелген. Көк Туымызды биікке кө­теріп жүрген боксшы алда талай белесті бағындыруды қалайды.

Ала доп шеберлері

Ұлттық құраманың және «Ор­дабасы» клубының шабуылшысы Сергей Хижниченко 1991 жылы шілде айында дүниеге келген. Ол теңбіл доптағы кәсіби мансабын 15 жасында бастаған. Кәсіби клубтағы тұсауын Өскеменнің «Шығыс» ко­мандасы кескен. Ә дегеннен ал­ғашқы ойнында гол соққан Сергейге команда бапкерлері үлкен үмітпен қараған. Кейіннен «Шығыс» командасы ел Премьер-лигасынан шығып қалғасын, оған Мәскеудің ЦСКА клубы ықылас білдіріп, екінші құрамымен жат­тығуға кіріскен. Көп өтпей ол «Локомотив» командасына ауы­сып, одан кейін «Атырау» клубында доп тепті. 2011 жылы Қарағандының «Шахтер» коман­дасына ауысты. 2016 жылы «Тобыл» клубында бой көрсетсе, қазір «Ордабасының» намысын қорғап жүр. Ұлттық құрама сапында да өнер көрсететін ол ел футболына тәуелсіздіктің берген мүмкіндігін естен шы­ғар­майды. Шабуылшы Алексей Щеткин де егемен елдің даңқты спортшысы. Мансабын «Жетісу» клубында бастаған ол бірнеше клубта доп теуіп үлгерген. Қазір Ресейдің «Ротор» командасында ойнайды. Оның мансабындағы есте қаларлық сәттердің бірі Еуро-2016 іріктеу кезеңімен байланысты. Ұлттық құрама намысын қорғап, алыс-жақын шетелде доп тепкен саңлақ ұл «Астана» клубымен біраз белесті бағындырған.

Белдесу

Қазақ күресінің ел үшін спорт­тағы орны ерекше. Жыл сайын өтетін «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» сияқты турнирлер жұрттың делебесін қоздырып, ұл мен қыздың ұлттық спортқа бейім болып өсуіне жағдай жасайды. Жасөспірімдерді аталған спорт түрінің қыр-сырына баулып, шыңдалуына сеп болып жүрген жаттықтырушы, тәуел­сіздіктің құрдасы – Ілияс Асхатұлы. Ол - қазақ күресінен жасөспірімдер ұлттық құрамасының аға жат­тықтырушысы. Қазір жастарды спортқа же­телеп жүрген бапкер мансабын 2000 жылы бастаған. 2003 жылы жаөспірімдер арасында ел чем­пионаны атанып, 2004 жылы Түркияның Анталья қаласында жасөспірімдер арасындағы әлем кубогында топ жарған. 2005 жылы да ел чемпионы атанып, сол жылы Германиядағы турнирде 3-орынға табан тіреген. Сөйтіп, 2009 жылы жастар арасындағы чемпионатта шашасына шаң жұқтырмай, әлем­дік сынға жолдама алған. Париждегі турнирде қола медальға қол жет­кізген. Осылайша, 23 жасқа дейін екі дүркін Қазақстан чемпионы атанып, 2015 жылға дейін ұлттық құрама сапында белдескен. 2017 жылдан бастап Ұлттық ат спорты түрлері орталығында қазақ күре­сінен жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы қызметін абыроймен атқарып келеді.

«Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде еліміздің спорттағы әрбір жетіс­тігіне қуанамын. Шәкірт­терімнің биікті бағындырып, жеңіске жетуге талпынғаны ерекше шабыт сый­лайды. Оларға бар білгенімді үй­ретіп, байрақты бәсекелерде көк Туымызды желбіреткенін қалай­мын. Қазақ күресінің әлемдік спорт­та алатын орнының айрықша боларын да білемін. Сол күнге жету үшін біз аянбай еңбек етуіміз керек. Егемен елдің ұландарын спортқа баулып, көрген-білгенімді үйрету азаматтық борышым деп біле­мін. 30 жыл ішінде спортта жеткен жетістіктің бәрі тәуелсіздіктің арқасы», – дейді ол.

Одан бөлек, қазақ күресінен Наурызбек Майлашев спорт шебері атанып, ел кубогын иеленген. Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған. Виктор Демьяненко болса «Алматы барысы» атанып, «Қа­зақстан барысында» өнер көр­сеткен. Айдос Сейпілұлы да қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы. Қай-қайсысын алып қарасақ та, олар тәуелсіздіктің ел спортына әкелген лебін, кәсіби мансабына көрсеткен демеуін жоққа шығар­майды.

Жеңіл атлетика жүйріктері

Жеңіл атлетші Юлия Рахманова орта қашықтыққа жүгіретін спорт­шы. Ол 2014 жылы Азия чемпионы атанған, кейіннен Азия чем­пиона­­тының күміс жүлдесін ие­ленді. 2015 жылы осы чемпио­нат­тың қола жүл­десіне қол созды. Жарқын жетістікте­рінің бірі – 2015 жылы Кванджуде өткен Универ­сиада ойын­дары. Сол турнирде оған тең келер ешкім болмады. Артынша 2016 жылы Рио Олим­пиадасында 400 метр қашық­­тыққа жүгіріп, мәре сызығына сегі­­зінші болып жетті. Мұ­­ның өзі Юлия­­ның қарымын байқатса керек-ті. Одан кейінгі жеңіл атлетикадағы тәуел­сіздік құр­дасы Ольга Сафро­нова кедер­гімен жүгірудің шебері. Жо­ғарыдағы құр­дасы сияқты ол да Азия ойын­да­рының чемпионы, күміс және қола жүлдегері. Азия чемпио­на­тында екі дүркін күміс, бір рет қола медаль алғаны бар. Сондай-ақ Лондон және Рио Олим­пиадасына қатыс­қан. Спорт­шының жайдан-жай Олим­пиада ойын­дарына жолдама алмайтынын ескерсек, елдегі жеңіл атлетика тарихындағы есімі ерек атлет екені даусыз. Тәуелсіздік құрдастары спорт­тың сан саласында өзіндік өрнегін қал­­дырып келеді. Егемендіктің 30 жыл­­дық тарихына әрқайсы­сының қосқан үлесі бар. Ендігі кезекте олар бола­­шаққа жоспар құрып, ел намысын қорғайтын қағілез шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұ­тады. Әрі әр бастаманың аста­рында егемен­діктің үлесі барын ұмытқан емес.

Айбике ЖАНАСЫЛ.