Тур де Франс-2021: Алексей Луценко үздік бестікте
Тур де Франс-2021: Алексей Луценко үздік бестікте

Францияда «Тур де Франс» жарысы жалғасып жатыр. Алексей Луценко үздік бестіктің қатарына қосылды.

Кезекті бесінші кезеңде спортшылар Шанже және Лаваль елді мекендері арасындағы 27 шақырымды бағындырды. Нәтижесінде, словениялық Тадей Погачар жеңімпаз атанды. Ал, «Астана» сапындағы Алексей Луценко 10-көрсеткішке ие болды. Соның арқасында жалпы есептегі жағдайын жақсартып, 11-ші сатыдан 5-ші сатыға көтерілді. Қазақстандық клуб сапындағы басқа шабандоздар, яғни, Омар Фраиле 24-ші, Уго Уль 34-ші, ал, Стефан Де Бод 45-ші сатыға тұрақтады.

– Бұл кезеңнің маңызы зор. Өйткені жалпы есептегі нәтижені өзгертуге болады. Жарыс алдында осындай мақсат қойып, дайындалдым. Барлығы ойымдағыдай аяқталғанына қуаныштымын. Қазір айтулы аламанның алғашқы аптасы ғана өтіп жатыр. Енді қалған уақытта да осы нәтижені сақтап, мүмкіндігінше жақсарта беру керек, – дейді Алексей Луценко.

Биылғы веложарыс 21 кезеңнен тұрады. Осы аралықта қатысушылар 3400 шақырымды жүріп өтуі керек.