– Негізінде, ұлттық жобалардың әзірленуіне қатысты жұмыстарыңыздың мақсат-міндеттеріне бірыңғай түсінік керек. Шын мәнінде, мақсат бөрікті аспанға ататындай және артық теорияландыратындай емес, прагматикалық тұрғыда болуы тиіс. Реформалар жөніндегі жоғары кеңес «қиялилардың клубына» айналмауы қажет. Кабинетіміздің сыртындағы өмір күрделі бағытта дамуда. Қазір біз ең қажетті деген азық-түлік бағасының шарықтауына, жалпы инфляцияның өсуіне қатысты шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұдан бөлек халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қыруар мәселе бар. Мысалы, қуаңшылық мал шаруашылығына кері әсер етіп отыр. Біз қалыптасқан жағдайға шынайы қарайық. Бұл жерде алдымызда тұрған міндетті терең түсініп, үйлесімді жұмыс істеу керек, – деді Президент.
– Жақын арада аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау науқаны өтеді. Бұл саяси жүйенің кемеліне келгенінің белгісі ғана емес, сондай-ақ, қоғамымыздың демократиялық даму жолына нық қадам басқанын білдіреді. Аталған трансформациялық өзгеріс аясында басқару деңгейлері: облыс, аудан, округ арасындағы өкілеттілік пен жауапкершіліктің ара-жігін нақты айқындау – мемлекеттік аппараттың басты міндеттерінің бірі. Жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіретін барлық қайшылықтар мен олқылықтар реттелуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.