Үздік сегіздік доданы жалғастырады
Үздік сегіздік доданы жалғастырады

Сенсацияға толы Еуропа чемпионаты бұрынғы сайыстардан өзгерек. Ширек финалға шыққан сегіз құрама белгілі. Ең қызығы, «Өлім тобындағы» чемпиондыққа үміткер саналған үш құраманың үшеуі де жарыстан шығып қалды: Португалия, Франция, Германия. Биылғы турнирде Еуропаның жаңа чемпионына куә боламыз.

Еуропа чемпионатындағы 1/8 финалдық кездесулер небір таңғажайып оқиғаларға толы болды. Алдымен Бельгия құрамасы Португалияны 1:0 есебімен жеңді. Артынша Италия Аустриямен тең түсіп, жеңімпаз овертаймда анықталды. Бұл кездесуде Ман­чини футболшыларының асығы алшысынан түсті. Қорытынды есеп 2:1-мен аяқталды.

Бәрінен бұрын көпшілікті Франция – Швейцария, Хорватия – Испания арасындағы ойынның есебі таңғалдырды. Қос матчта да негізгі уақытта 6 голдан соғылды. Овертаймда испандар Хорватия қақпасына жауапсыз екі гол соғып, келесі кезеңге сенімді түрде қадам басты. Әлем чемпиондарымен кездесуде швейцариялықтар екі доп айырмасымен жеңіліп жатып, ойын аяқталар тұста (80, 90-минуттарда) қос гол соғып, үлкен ерлік жасады. Пенальти сериясында Швейцария құрамасы 11 метрлік айып добын сенімсіз орындаған Мбаппенің арқасында ширек финалға өтті. Матч барысында аутсайдер саналған Чехия Нидерландты жеңіп, осал құрама емес екенін дәлелдеді, ал Дания Уэльс қақпасына жауапсыз 4 гол салды. Лондондағы «Уэмбли» стадионында ағылшындар Гер­мания ұлттық құрамасына екі гол соғып, қорғанысының қаншалықты мықты екенін, шабуыл шебінің де осал емес екенін көрсетті. Бұл ойында Рахим Стерлинг пен Харри Кейннің қанжығасы майланды.

Глазго қаласындағы Швеция мен Украина құрамаларының ойыны да тартысқа толы болды. Негізі, Андрей Шевченко баптайтын команда плей-офф кезеңіне шведтердің арқа­сында шыққан болатын. Скандинавтықтар топтағы соңғы турда поляктарды ұпайсыз қалдырған соң Украина 1/8 финалға жолдама алған-ды. Бірінші таймда командалар бір-бір голдан алмасты. Алдымен Ярмоленко айып алаң ішінде Зинченкоға керемет пас шығарып, оны Сити қорғаушысы мүлтіксіз орындады. Дегенмен ойынның бірінші бөлігі аяқталар тұста Эмиль Форсберг таразы басын теңестіре алды. Екінші таймда да, овертаймның негізгі уақытында да гол соғылмады. Шведтер сапынан Даниэльссон алаңнан қуылған соң жиырма минуттай бір ойыншыға кем ойнады. Капитан Ярмоленконың орнына шыққан Артем Добвик 121-минутта Украина үшін тарихи голды соғып, басты қаһарман атанды. Енді 2 шілде күні 22.00-де Петербордағы «Газпром» аренада Швейцария Испаниямен шеберлік байқасады. 2 шілде күні түнгі сағат 1.00-де Мюнхеньдегі «Альянц-Арена» стадионында Бельгия Италиямен кім мықтыны анықтайды. 3 шілде күні түнгі сағат 22.00-де Чехия мен Дания Бакудегі Олипиада стадионында кездеседі. 3 шілде күні түнгі сағат 1.00-де ширек финалда Шевченко жігіттері Англия құрамасымен кездеседі. Ойын Рим қаласында өтеді.

– The New York Times басылымында футбол сарапшысы Рори Смит қазіргі Италияның ойынына бір сөзбен «fun» деп баға беріпті. Яғни, қорғанысқа негізделген катеначчо емес, шабуылға негізделген ойын өрнегін көрсетеді депті. Меніңше, Италия катеначчоны да ұмытпаған, бірақ бұл басты философия емес. Қазір қорғаныс пен позициялық футбол арасында ғажап үйлесім бар.

Ал Бельгия бапкері Мартинес осы Еуро додасына бас-аяғы 25 футболшысын ертіп барды. Негізгі құрам 10 жылдан бері бірге ойнап келе жатқан жігіттер. Бұл құрамның Бельгияның 2018-дегі Мундиальдың жартылай финалына шыққан құрамнан қатты айырмашылығы жоқ. Бірақ кейбірі шау тартты, кейбірі бабында емес, кейбірі керісінше тәжірибелі футболшыға айналған. Мартинес тәуекелге бармай, құрамды жаңартпай, ротация жасамай, бір-бірін жақсы танитын «негізгі құрамға» мүмкіндік жасап отыр. Ең бастысы – бір-бірін түсініп ойнайтын, ым-жымы бір команда. Талай матчты бірге жеңген, шешуші матчта бірге сүрінген. Қысқасы, Бельгия «ортақ тіл» тапқан команда десе де болады. Биылғы Англия 2010 жылдағы Испания құрамасын еске түсіреді. Әзірге төрт матчта төрт гол салды. Оның үшеуін Рахим Стерлинг, бірін Харри Кейн салды. Алып бара жатқан ойыны да жоқ, басты мақсаттары – ойынды бақылауда ұстау. Жанкүйердің көңілінен шығатын керемет футбол көрсетпесе де, команда өзінше чемпион болудың тиімді жолын ұстанған. Грилиш, Санчо, Рашфорд деген ойыншыларды көп шығармайтыны да содан. Өйткені командаға қорғаушы да бола алатын шабуылшылар керек, – дейді Жандос Байділда. Ал спорт сарапшысы, журналист Сәкен Сыбанбай футбол жанкүйерлерінің басым бөлігі Бельгиядан бөлек, Франция, Порту­галия, Германия құрамаларынан үлкен үміт күткенін, топтық кезең басталмай тұрып, аталған құрамаларды чемпион болады деп болжам жасағанын айтады.

– Елдің бәрі «Ғ» тобын (Венгрия, Португалия, Франция, Германия) «өлім тобы» деп атап еді. Шынында да, бәрі «өлді», яғни, бәрі ұтылып, жарыстан шығып қалды. Ширек финалға бірде-бірі жете алмады. Биылғы доп додасында гол баршылық боп тұр. Қазірдің өзінде 120 гол (43 ойында). Кешегі Франция мен Швейцария (3:3) матчында есеп ашқан Харис Сеферовичтің сол бірінші (15-минуттағы) голы бүкіл Еуропа чемпионаттары тарихындағы 800-гол болды. Ширек финалға «А» тобының 2 (Италия, Швейцария), «В» тобының 2 (Бельгия, Дания), «Д» тобының 2 (Англия, Чехия) және «Е» тобының 1 (Испания) өкілі шықты. «Ғ» тобынан ешкім жете алмады. «С» тобынан Украина 1/4 финалға жолдама алды. Бұлардың бәрі де мықты құрамалар. Чемпиондыққа, әу баста айтқанымдай, Бельгия мен Англия таласады деп ойлаймын, – дейді Сәкен Сыбанбай.

Бұл саптан, яғни, үздік сегіздіктің қатарынан Чехия, Дания, Швейцария және Украинаның көрінуі футбол жанкүйерлері үшін күтпеген тосынсый болды деуге болады. Ал Англия, Бельгия, Италия, Испания төрттігі әуелден жүлдеге таласатындардың тізімінде жүрді. Сол санатта болған француздар, португалдар, немістер жарыспен ерте қоштасты. Бұл жарыста фавориттердің жеңе бермейтінін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Футболда «доп дөңгелек» деген тіркес те жиі айтылады. Демек, нағыз доп додасы енді басталды. Алда ширек финалға шыққан сегіздіктің чемпиондыққа талас жолындағы тартысты кездесулерін тамашалаймыз.
Абылайхан ЖҰМАШ