Төлқұжаттың қадірі кеткен бе?
Төлқұжаттың қадірі кеткен бе?
172
оқылды

Елімізде әлі күнге дейін төл­құжатсыз жүргендер көп. Тіпті, 30 жыл бойы КСРО паспортымен келе жатқандар да бар. Ол аз десеңіз, кейбір мемлекеттік қызметкер­лердің өзі қос азаматтықпен жүр. Екі елден зейнетақы алатын пысы­қайлар енді анықталуда. Сонда оларды құзырлы орган өкілдері тым құрыса халық санағы мен сайлау науқанында қадағаламай, не бітірген?

Қарттар қызыл паспортпен жүр

Таяуда ІІМ Көші-қон комитеті төра­ғасының орынбасары Сабыржан Сейт­жанов Қазақстанда төлқұжат мәселесіне салғырт қараушылардың саны азаймай тұрғанын мәлімдеді. Айтуынша, 2020 жылғы қазаннан бастап құжаты жоқ 4 686 адам анықталған. Олардың көбі Алматы қаласы, Қарағанды, Түркістан, Ақмола және Жамбыл облыстарында тіркеліпті. Оның ішінде 1 797 адам КСРО-ның 1974 жылғы қызыл паспортымен жүр екен. Ал 2019 жылы сондай 1 727 паспорт ауыс­тырылған.

Адам құқығын қорғау және заң­дылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро директорының орын­басары Денис Дживага кеңестік паспорт иелерін «Бұл адамдар мемлекетте көзге түспейді. Медициналық және әлеуметтік көмек, зейнетақы не жәрдемақы алмайды. Еш жерге жұмысқа тұрмайды. Күші бар қандай да бір құжаты болмағандықтан, еркін жүріп-тұра да алмайды» деп «мүсіркеді». Бұл ретте заң тұрғысынан сауаты төмен бейбақтар қайда жүгініп, қандай да бір анықтаманы қайдан алу және өтінішті қалай жазу қажетін білмейді. Көмекке жүгінгендер өтінішті әріптеп айтқан кезде ғана әупірімдеп жазатын көрінеді. Ондайда құжатты қалпына келтіру үшін орта есеппен 6 ай, тіпті одан да көп уақыт кетеді. Бұл жағы енді ХҚКО-ға қай елдің азаматы жүгінгеніне және оның қанша уақыт бойы құжатсыз жүргеніне байланысты. Кейде қолында ешқандай құжаты жоқ адамдар кездеседі десек, оның ішінде өзінің тегін, атын, әкесінің атын немесе туған күнін еске түсіре алмайтындар да баршылық екен.

Қазір КСРО құжатын ұстап жүрген­дердің барлығы дерлік егде жастағы кісілер. Себебі 90-жылдары мұрағаттар жоғалып, жаңадан құрылған тәуелсіз мемлекеттерге кіру және шығу әрдайым дұрыс жазылмай келген. Ал сол құжат­тардың бақандай 30 жылда ауыспауына негізінен мемлекеттік жүйе кінәлі. Өйткені бақылау аз, тексеріс жоқ.

 Қос азаматтықтың қаупі бар

Бүгінде бізге қауіптісі КСРО-ның емес, Ресейдің паспорты болып тұр. Өйткені елімізде қос азаматтықпен жүргендердің қарасы қалың. Мысалы, 2016 жылы қос азаматтығы бар 581 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2018 жылы ІІМ басқа елдің паспортын жасырған 15 мың азаматты құрықтаған. Олардың басым бөлігі Ресей азаматы болып шықты. Арасында мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік ұйымдар басшыларының бар-жоғы айтылмады. Сондай-ақ 2019 жылы қос азаматтығы бар 500 адам анықталса, былтыр тағы 585-і көзге іліккен.

Еске сала кетсек, Конституцияның 10-бабы 3-тармағына және «ҚР азаматтығы туралы» Заңның 3-бабына сәйкес, өзге ел өкілі бізден азаматтық ала алмайды. Егер қос азаматтық анықталса, құқық қорғау орындары оның Қазақстан азаматтығынан айырылғанын тіркейді. Ал құжаттарды одан кейін де пайдаланып жүрсе, заң бұзушыға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бірақ жыл сайын мыңдаған адам анықталып, заң жүзінде жазаға тартылып жатса да, қос азаматтықты қосмекенділік сияқты көретіндер азаяр емес.

Бір қызығы, 2014 жылы ЕАЭО туралы келісім жасау кезінде Ресей Қазақстан мен Беларуське одақ шеңберінде қос азамат­тыққа рұқсат беруді ұсынған болатын. Одан біздің тарап бірден бас тартты. Бұл ретте, бір ескерерлігі, Ресейдің ТМД елдері азаматтарына өз паспортын белсене үлестіріп жатқан саясаты алаңдатады. Кезінде ондай әрекеттерге мән бере қоймаған Грузия ақыры Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан айырылды. Оларды «өзіміздің азаматтарымызды қорғаймыз» деген желеумен басып алған Ресей, дәл солай Украинаның шығысына паспорт таратып, артынша соғыс ашқан еді.

Сондықтан бізге де «ҚР азаматтығы туралы» заңның кейбір осал тұстарын бекемдеп алған артықтық етпейді. Мы­салы, онда Қазақстан азаматымен кемінде 3 жыл некеде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жеке куәлігін, неке туралы куәліктің көшірмесін, бұрын аза­маттығында тұрған мемлекеттің құзы­ретті органы беретін бұрынғы азаматтығын тоқтату туралы анықтаманы өткізу арқылы азаматтық ала алады. Сол үшін бөтен жігіттер қазақ қыздарының тағдырымен ойнап жүр. Ең сорақысы, сол заңның «Қазақстан азаматтығының сақ­талуы» туралы 7-бабында: «ҚР азаматының немесе азаматшасының республика азаматы емес адаммен некеге тұруы, сондай-ақ мұндай некені бұзуы азамат­тықтың өзгеруіне әкеп соқтырмайды» деп жазылған. Яғни, қазақ қызына үйленген кірме азаматтық алғаннан кейін ажырасып кетсе, оның Қазақстандағы азаматтығы сақталып қала бермек. Биліктің осындай салғырттығы салдарынан шетелдіктер төлқұжатын жоғалтқан болып, Әділет министрлігіне арыз жазады да, 2-3 апта ішінде су жаңа паспорттың иесі болып шыға келеді. Ал жоғалды деген құжатын өзі қалаған елдің құзырлы органына тапсырып, азаматтық ала алады.
Осылайша, шетелдіктерді «лега­ли­зациялау» кәдімгідей бизнеске айналған. Оған алдыңғы жылдары Алматы әуе­жайында Қытайға бара жатқан азаматтың жүк сөмкесінен Қазақстан паспортының 291 бланкісі тәркіленгені дәлел. Артынша ол оқиға ұмытылып кетті де, былтыр саясаттанушы Расул Жұмалы Facebook парақшасына қытайлықтардың Қазақстан паспортымен емін-еркін жүргенін жазды. «Таяуда Алматы әуежайында бір топ Қытай азаматын көзім шалды. Әрине, «Онда тұрған не бар?» дерсіз. Алайда олар қойнынан Қазақстанның көк паспортын шығарғанда, таңғалғанымды жасыр­май­мын. Өзіміздің көптеген қандасымыздың қолы жетпей жүрген төлқұжатты бөгделер қалайша оңай иемденді?» деп таңырқады ол.
Сондай-ақ қос төлқұжат иелері екі елден де зейнетақы мен өзге де түрлі әлеуметтік төлемдерді емін-еркін ала алады. Мысалы, БҚО-да ресейлік азамат 14 жыл бойы заңсыз зейнетақы алып келген. Осылайша, ол мемлекетке 9,2 миллион теңгеден астам зиян келтіріпті. Облыстық сот  Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігінің 1-тармағы бойынша оны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Ал биыл Байқоңырда 63 жастағы әйел Қазақстан азаматы бола тұра, 4 жылдан бері екі елден қатар зейнетақы алып келген. Оған осы кезге дейін Ресейдің зейнетақы қорынан 480 мың рубль төленгені белгілі болды. Сөйтіп, 3 миллион теңгеге жуық заңсыз ақша иемденгені үшін зейнеткерге қатысты алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалды. Өйткені ол осы құйтырқы әрекетін екі елдің де зейнетақы қорынан жасырып келген.

Мемлекеттік қызметкерлерге не жетпейді?

Басқасы басқа, біздің билік қос азаматтық жоғары лауазымды шенеу­ніктерде де бар екенін білмеген. Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тілге тиек етті. Кейін ол қос азаматтық үшін жауапкершілікті қатаңдату керегін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында да ескертті. Енді биыл Еңбек кодексіне енетін ерекше өзгеріс қазақстандық шенеуніктердің қатарын шетел азаматтарынан тазарту науқанына ұласатын сияқты. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судья­лардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуына, банк ұяшықтарында қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатаң тыйым салынбақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, егер ІІМ квазимемлекеттік сектор компаниясының басшысы өзге мемлекеттің азаматтығын алғанын немесе бұрыннан қос азаматтыққа ие екенін анықтаса, одан жоғары тұрған басшыға онымен еңбек шартын бұзу керектігі туралы ұсыныс жолдай алады. Ондай хат түссе, қарсы тарап жауапкершіліктен жалтара алмайтын болады.

Осыдан 1,5 жылдай бұрын ІІМ Қазақстанда қос азаматтығын жасырып жүрген 15,2 мың Ресей азаматының әш­кере­ленгенін хабарлаған. Ал 2020 жылдың 11 айында тек мемлекеттік қызметшілерге қатысты қос азаматтықтың 431 фактісі анық­талды.

Енді нақты мысалға көшсек, кезінде Ұлттық банктің төрағасы болып тұрған тұста Григорий Марченконың орынбасары Константин Колпаковтың Ресей азамат­тығын алғаны мәлім болды. Ол қызметінен кете сала, сол елге тайып тұрды және сонда бірден жетекші банк – «Петрокоммерцтің» вице-президенті болып орналасты. Кейін Марченконың өзі де Швейцарияға аттан­ды. Ал 2020 жылдың соңына қарай Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы 2 мемлекеттік қызметшінің қос азаматтығы бары анықталды. Ол туралы Сенат оты­рысын­да Ішкі істер министрінің орын­басары Алексей Калайчиди мәлімдеді. Жалпы, сол кезде ШҚО-да қос азаматтығы бар 28 адам анықталған. Оған дейін қос азаматтығы бар азаматтың Шымкентте шенеунік болғаны да хабарланған еді. Қалалық Денешынықтыру және спорт басқармасын басқарған Олег Почивалов Қазақстанмен қатар, Ресей Федерация­сының да азаматы болған. Ондай жегіқұрттар керемет кеңселердің құжатын әлі де қопара берсең, шыға түсетін сияқты.
Еркеғали БЕЙСЕН