Күзде қарақұмық қымбаттап, келісі 800 теңгеге жетуі мүмкін
Күзде қарақұмық қымбаттап, келісі 800 теңгеге жетуі мүмкін
135
оқылды

Кәсіпкерлер биыл құрғақшылық салдарынан өнім аз шығады деп қауіптеніп отыр. Өйткені егін оратын техникаға қажет дизель құнының өсуі де кері әсерін тигізбей қоймайды.

Былтыр осы кезеңде қарақұмықты өсірушілер келісін 150 теңгеден өткізсе, қазір 265 теңгеден сатады. Өңделіп, кептіріліп дүкен сөрелеріне жеткенде, бағасы 400 теңгенің төңірегіне барады. Әзірге дүкен сөрелеріндегі былтырғы дақыл.

 Қарақұмық негізінен еліміздің солтүстік облыстарында өсіріледі. Қазір дүкен сөрелерінде бұл дақыл жеткілікті. Дүрбелең байқалмайды. Дегенмен, ауыл шаруашылығы бойынша сарапшылар бұл дауыл алдындағы тыныштық деп отыр. Себебі, күзде қарақұмық бағасы екі есеге дейін көтерілуі мүмкін екен.

«Күзде қарақұмық бағасы 700-800 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қымбатшылық қыркүйектің аяғына қарай, яғни, биылғы өнім сатыла бастағанда көтерілуі мүмкін. Бағаның өсуіне әсер ететін жағдай көп. Оның үстіне қазір бәрі қымбаттап жатыр. Ал халықтың табысы сол қалпында", - дейді ауыл шаруашылығы бойынша сарапшы Кирилл Павлов.

Жылдан-жылға елімізде қарақұмық егетін алқаптардың аумақтары да тарылып барады. Үш жылға дейін сақтауға болатын дақылдың қамбадағы қоры азайған. Ірі дүкендерден вагондап тапсырыс түсіп жатқанымен, сұранысты қанағаттандыратын мүмкіндік жоқ дейді мамандар.