Солтүстікте шаруаға жайылым жер жетпейді
Солтүстікте шаруаға жайылым жер жетпейді
153
оқылды

Шаруалар малын жаятын жайы­лым­  жер таба алмай, әлек болып жүр. Ресми дерек бойынша, Қазақ­стандағы жердің тек 40 пайызы ғана пайдаланылады. Қалғанын не істейміз?

 СИЫР  АШ КЕЛЕДІ 

Виталий Тулетаев Солтүстік Қазақстан облысындағы Советское ауылында 7 жылдан бері құс өсірумен айналысады. Бірақ жайылым жерге қолы жетпей, 6 жыл бойы зардабын тартып, мәселесі  облыс әкімі араласқан соң ғана шешімін тапты. 4 мың қазды бағуға оған биыл 64 гектар жер 15 жылға жалға берілді. Бірақ шаруа егістік алқаптары да қажет екенін айтады. «Құс тек шөп жемейді. Оған жем де қажет. Жылда жемазық іздеп, маңайдағы ауылдарды шарлап, табан тоздырам. Былтыр қаланың түбіндегі Тоқшынға дейін барып келдім. Өзім дән егіп, құстарға жемазық даярлайын деп едім. Оған әкімдіктегілер жер жоқ деп отыр. Тіпті, ауылдан 20-30 шақырым қашықтықтағы жер болса да келісер едім», – дейді Виталий Кайдарович.

Сондай-ақ Советское ауылының жанында орна­ласқан Возвышенка ауылының тұрғындары мал жаятын жер жоқ екенін айтып шағым­дануда. Олардың айтуларынша, ауыл маңындағы жердің барлығы егістік алқаптарына бөлінген. Ал мал жаюға берілген жердің құнарлығы шамалы. «Сиырымыз  үйге аш келеді. Кейде Зеңгі баба тұқымын қинамай, сойып тапсыра салсақ па деген ойға қаламыз», – дейді ауыл тұрғындары. 

Жергілікті шаруа Хабиболла Тұрған­беков осыдан бірнеше жыл бұрын екі үйін кепілге қойып, мемлекеттік бағдарлама бойынша мал шаруашылығымен айналысу үшін несие алыпты. Осы күні келісімшарт бойынша мал басын 150-ге жеткізуі тиіс екен. Бірақ малы қырылып қалған ол енді қалған  малын сатып, шаруашылығын жауып тастау туралы ойға кетіп жүр. Мал бағатын жері жоқ болған соң, қалай баға­мын деп көңілі алаң.

«Малымыз аш. Қыстан көтерем болып әрең шықты. Жылқылар құлын тастады. Көршім бағатын табындағы  80 жылқыдан 22-ақ құлын, менің табынымдағы 20 биеден 11-ақ құлын алдық. Қозы-лақ аштан қырылды. Менің табынымда қазір 412 қой, 80 жылқы, 106 бас ірі қара бар. Соның бәрі 200-ақ гектар жерде бағылады. Норматив бойынша бір қойға – 1,3 гектар, қара малға – 6,5 гектар, жылқыға  7,8 гектар жер бөлінуі керек. Сонда менің табыныма 1 700 гектар  жайылым қажет. Ол жоқ. Бөлінген жердің қақ ортасынан қазір айналма жол жасап жатыр. Ыңғайсыздық көп. Мал айдайтын жол да жоқ, қоқыс төгетін полигонның үстімен өту керек. Қыстан әрең шыққан малға шөбі шүйгін, құнарлы жайылым қажет. Ежелден ауыл маңындағы жерге мал бағылатын. Енді оған егін сеуіп тастады. Жер сұрап қаңтардан бері бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Ауылдық округ әкімінен бастап, ауданға, облысқа дейін  хат жаздық. Сырғытпа жауап келеді. Президент Әкімшілігіне хат дайындап жатырмыз. 70 адам қол қойып еді. Бірақ енді жоғары­дағылар оларға «Пайларыңды алып, шаруа қожалығының құрамынан шығыңдар» деп құқай көрсетіп жатыр» деп қынжылысын білдірді  Хабиболла Қалиұлы.

Ауыл тұрғыны Үмітжан Әшімованың айтуынша, мұндағы 9 шаруашылық мал ұстамайды екен, бірақ оларға жер бөлінген. Олар ұстап отырған 1 186 гектар жерді қайтарып алу керек екен. Тиісті мекеме­лерге жазған хатына сондай жауап алыпты.  Ауылдық округ әкімі Виктор Соколов­тың айтуынша, норматив бойынша шынымен де 2,5 мың гектар жер жетіспейді. «Бірақ бұрын ауылдықтардың қорасындағы мал басы қазіргіден әлдеқайда көп бола­тын. Дегенмен бәріне жер жетіп жүр еді. Мұндай мәселе туындаған емес», – дейді әкім.
Ал Мағжан Жұмабаев аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Алмас Сәрсеновтің пікірінше, басты қиындық – ауыл маңындағы жерлердің басым бөлігі егістік алқаптарға бөлінгені. «Оны тартып алсақ, шаруалар жерсіз қалады. Сондықтан бұл мәселе әлі ашық күйінде қалып отыр»,–  дейді ол.
Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтіндей жол табу – әкімдікке сын.

«ШӨП ҚОРЫҒАН ИТТІҢ» КЕРІ

Елімізде жердің басым бөлігі үлкен-үлкен фирмалардың несиелері үшін кепіл­дікте тұр. Сол себепті мақсатты пайда­ланыл­майды. Бұл – Уәлиханов ауда­нындағы «Жолдасбай-Агро» фермерлік шаруашылығының басшысы Сүйіндік Жолдасбаевтың пікірі.
Бұл жайт - жемшөп дайындау ісіне де қолбайлау. Республика бойынша жем-шөп­пен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайыздан аспайды. Облыста жалпы жер қоры – 7,8 млн. гектар, оның ішінде ауыл шаруа­шылығына қолайлы алқаптар – 74 пайыз. Демек, ауыл шаруашылығын әртарап­тандыруға мүмкіндік мол деген сөз.

 «Жерлер толыққанды экономикалық айналымға енгізілсе, ауыл тұрмысы  егіншілікке ғана тәуелді болып қалмас еді. Соңғы кездері облыста иесіз жатқан жердің мемлекет меншігіне жүйелі түрде қайтарыла бастауы – құптарлық іс. Олар бірінші кезекте төрт түлік өсіруге ниетті фермерлерге берілгені абзал» деген ойымен бөлісті шаруа.

Ол жайылым, шабындық жерлердің тапшылығы ауыл шаруашылығын әртарап­тандыруға мүмкіндік бермейді деп санай­ды.  Шаруашылықтар көбіне егіншілікпен шектелуге мәжбүр.
«Арқалық» шаруа қожалығының жетек­шісі Нағашыбай Барлыбаев  жайы­лым­дық  жерлердің  тапшылығы өз алдына, сапасы да көңіл көншітпейтініне алаң.  «Ауруға – қуат, сауға – дем»  қымыз өндірісі­мен айналысатын ол жайылым жер­дің құнарлығын арттыру ісіне мән бермесе болмайды деп есептейді. Шынында да, ауыл тұрғындарының малын бағу үшін елді мекен маңынан бөлінетін жайылымның шөбі шүйгін деп айтуға ауыз бармайды, бәрі тапталып біткен. Азын-аулақ шабындықты мал тұяғы қара топыраққа айналдырғалы қай заман? Оны қалпына келтіріп, құнарлығын арттыру мәселесіне бас қатырып жатқан ешкім жоқ.

ҚАЙТАРЫЛҒАН ЖЕРДІҢ КӨБІ – ЖАЙЫЛЫМ

Солтүстік Қазақстан облыстық Жер инспекциясының мәліметінше, өңірде 9 млн. 804 мың гектар жер бар. Оның  7 мил­лионнан астамы, яғни 75 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланыла­ды. 5 миллион  гектары егістік алқап болса, жайылым жер – 2 млн. гектарға жетер-жетпес.
Соңғы кездері Президенттің тапсырма­сына сәйкес, мақсатты қолданылмаған жер қайтарылуда. Мәселен, былтыр 37,8 мың гектар  жер мемлекет меншігіне қайта­рылса, биыл 66 мыңдай гектар жер тартып алынып, басқаға берілді. Осы орайда, биыл­дыққа өткізілген 13 конкурс барысында 60 мың гектардан астам жер жаңа иесін тапса, соның 45 мың гектардан астамы – жайылым жер.

Жер инспекторлары анықталған заң­бұзу­шылықтар бойынша  материалдарды облыстық Мемлекеттік кірістер департа­ментіне жолдады. Ендігі кезекте өз жұмы­сына салғырт қараған агроқұрылымдар жер салығын 10 есе артық төлейтін болады.

Билік басындағылар жерді тиімді және мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету үшін қолдан келген шараның бәрі қолда­нылуда деп сендіруде.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының мәліметі бойынша, 2016-2020 жылдар аралығында 15,4 млн. гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруа­шылығы жері анықталған. Ал ауылдың малын жаюға 32 млн. гектардан астам жер жетіспейді екен.

Ел Президенті биыл жыл басында өткен Үкімет отырысында: «Жайылым жерлер, ең алдымен ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкім­дік­тер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Жайы­лымның 99 пайызы шаруа қожалық­тары­ның иелігінде. Алайда оның 36 пайызында мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылым  жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн» деп қадап айтқан болатын. Бұған қоса, Үкімет пен әкімдерге алдағы 10 жылда  қосымша 50 млн. гектар  жайылымды айналымға енгізуі керегі тапсырылған-тын.

Осы тапсырма ойдағыдай орындалып, ауылдықтардың «бас ауруы» оң шешімін тапса, қане?!
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы