Көкшетауда арзан азық-түлік неге тапшы?
Көкшетауда арзан азық-түлік неге тапшы?

Күн сайын шарықтап өсіп, бой бер­мей кеткен азық-түлік бағасы тұтас қазақ елімен қоса ақмолалық­тарды да алаңдатып тұр. Қалтасы қағылған жұрт әлеуметтік маңызды тауарларды тұрақтандыруға бағыт­талған жұмысқа көңілдері толар емес. Президенттің соңғы есептік кездесуінде осы мәселе  көтеріліп, одан Үкімет берген тапсырмаға ерекше назар аударылғаны мәлім. Алай­да, тақыл-тұқыл тиынын санап, қымбатын қалтасы көтермейтін әлеуметтік жағынан осал топтың би­лікке өкпесі қара қазандай.

1,5 миллион долларға жүзім мен пияз аламыз

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Қазақстанда қазір өсіріліп жатқан көкөніс пен жеміс-жидек ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүлдем жетпейді. Сондықтан жаңа маусымда нарықта тауар азайып, баға одан сайын көтеріліп кетпек. Бағаны тұрақтан­дыру үшін оның орнын импортпен толтыру керек. Министрдің есебінше, көрші елдер­ден тауарларды импорттау қос тарап кәсіп­кер­леріне де тиімді болып, тауарлардың басқа түрлерін де тасымалдауға мүмкіндік береді.

«Егер артылып жатса, біздің диқандар өнімін Ресейге қымбат бағамен сата алады. Яғни, біз Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен қажетті тауарды арзанға импорт­та­сақ, отандық диқандар өз тауарын ше­телге қымбат  сата алады. Басты мақсат – ішкі нарықта азық-түлік тапшылығының алдын алу. Осы мақсатпен арнайы сапар барысында құны 1,5 миллион долларға жүзім мен пияз әкелу туралы келісім жасалды», – дейді министр Бақыт Сұлтанов. 

Ал нарықтағы қазіргі жағдай халыққа оңай соқпай тұр. Елорданың іргесіндегі Көкшетауда да азық-түліктің шексіз қымбаттауы тиынын санаған зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен жандарды әбден қинаған...
Ақмола облысы әкімінің 2020 жылғы қаңтардағы қаулысымен Көкшетауда өңірдің тауар өндірушілерінің өнімдерін делдалсыз сататын жаңа форматтағы дүкендер желісі құрылған. Аталған жұ­мысты жедел түрде жүзеге асыру  KOKSHE әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған. Сөйтіп, облыс орталығында  Kokshe Market деген атаумен үш бірдей әлеуметтік дүкен желісі бой көтерген.
Халық бұл жобаны қуана қолдаған. Алай­да қуаныш ұзаққа созылмады. Ашыл­ғанына аз уақыт өтпестен дүкенде арзан бағадағы, әсіресе бағасы күйіп тұрған кар­топ­қа қол жеткізе алмай қалған.

«Мен зейнеткермін. Үйде бала-шағам мен немерелерім көп. Қалтамдағы тиын-тебен қымбатқа сатылып жатқан картоп пен сәбізді алуға жетпей қалады. Өткен аптадан бастап 90 теңгеден картоп сатылады дегенді естіп қатты қуанғанмын. Бірақ оған жетпей қалдым. Дүкенге түсе салысымен бірден түк қалдырмай талап әкетіпті. Сөйтсем, мұнда әкелген картопты біреулер сатып алып, 300-400 теңгеден базарда сатады екен. Олар сатып алғасын халыққа жетпей қалыпты», – дейді Мәруа есімді зейнеткер апай. 

Біз дереу Орталық базар жанындағы  Kokshe Market  дүкеніндегі тұрақтандыру қорының сатушысымен тілдестік. Оның айтуынша, картоптың келмей қалуына көлік жүргізушісінің ауруханаға түсіп қалуы себеп болған.

«Иә, бүгін картоп келмей қалды. Көлік жүр­гізушісі ауырып, ауруханаға түсіп қалып­ты. Оның орнына кім көрінгенді алмайды ғой. Алдағы бейсенбі күні картопты алып келуі тиіс», – деді дүкен сатушысы. 

Бірақ бейсенбі күні де арзан картопты алуға келген халықтың дорбасы бос қайтты. Картопты әкелетін жігіт әлі ауруханадан шы­қ­паған. Ал таситын көлік дүкеннің алдында қаңтарылып тұр. 

Мәселенің мән-жайын  KOKSHE әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациясынан біл­мек болдық. Сөйтсек, облыс орталығындағы картоп тапшылығына басты себеп – қой­мада былтырғы жылдан қалған картоп қоры азайған. Әрі  картоптың жылы уақытта шыдамай бұзыла бастауы өңірде оның тап­шы болуына басты себеп болған. Ал картоп­тың сатылуындағы спекуляциялық сауданы баспасөз хатшысы бірден жоққа шығарды.
«Жаңа шыққан картоп әлі түсе қойған жоқ. Былтырғы картоптың қоймадағы көп бөлігі бұзылып кетті. Әрине, бізбен келісімшартқа сәйкес картоп жеткізуші Степногор қаласындағы BIOPROM TECHNOLOGIES  ЖШС уақытында жеткізуі тиіс. Бірақ олар жаңа картоп келгенге бірнеше күн бойы күтіп қалған. Осыған дейін картоптың келісі 90 теңгеден болған. Екінші тоқсанда 120 теңгеден сатыла бастады. Ал картоп басқа жерде қымбат болғандықтан, тез талап алып кетеді. Сондықтан  картопты тұрақтандыру қорларында сатқан алғашқы күннен бастап-ақ 5 келіден асырмай сатуға шешім қабылданды. Ал жұрт айтқан спекулянттық жалған ақпарат. Сейсенбі және бүгінгі бейсенбі күндері картоптың келмеуі жаңа картоптың әлі келмегенінен болып отыр. Жеткізушілер жаңа картопты күтіп отыр», – дейді  KOKSHE  әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз хатшысы Айя Калягина.

Тағы екі әлеуметтік дүкен салынбақ

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­ның мәліметінше, тұрақтандыру қорын жүзеге асыруға 1 миллиард 790 миллион 200 мың  теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Ал­ғаш­қы бағыт бойынша 674,2 миллион теңге жұмсалыпты.

«Қазір қорда күріш, ұн, өсімдік майы, сарымай, қант сияқты әлеуметтік маңызды бес аталым бойынша 1 142 тонна өнім бар. Бүгінге дейін 1 175 тонна сатылған.  Ал екін­ші бағыт бойынша 1 115,5 миллион теңге қарыз берілген. Осылайша, сүт, ірімшік, айран, сарымай, тауық жұмыртқасы, тауық еті және картоп бойынша ақмолалық тауарөндірушілермен келісімшарт жасал­ған. Тұрақтандыру қорымен арзан бағада 473 тонна картоп, 180 тонна құс еті, 244 тонна сүт өнімдері мен 1,5 миллион дана тауық жұмыртқасы сатылды.  Қазір жұмырт­қаның құны бір данасы үшін 25 теңгеге дейін арзандады. Жалпы, қазір облыс орталығында төрт  Kokshe Market  дүкені жұмыс істейді. Халықтың осындай дүкенге сұранысын ескере отырып, бола­шақ­та тағы екі дүкен салу жоспар­ланған», – дейді   KOKSHE  әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­пора­циясы­ның баспасөз хатшысы Айя Каля­гина. 

Азық-түліктің ең қажетті 13 түрі саты­латын бұл дүкендегі бекі­тіл­ген бағалары да жолданды.
Азық-түліктің не себептен уақытында жеткізілмеу себебін облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына сауал жолдап анықтадық. Мақала беттелген тұста Кәсіпкерлік басқар­масынан жауап та жетті. Ол мәселеге өз уәжін білдірді. «Ал негізгі мәселе - картоп пен сәбіздің бағасының өсуіне өткен жылғы өнімнің азаюы мен Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан және басқа елдерден келетін өнімнің қымбаттығы себеп болып  тұр», — дейді Ақмола облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов.
P.S. Сонымен, әзірге қарапайым халық әлеу­меттік маңызды азық-түлік тауарларының жеткізілуіне қапалы. Тұрақтандыру қорымен мил­лиардтар бөлінгенімен, тұрғындар басты қажеттіліктерді қымбат бағамен алуға мәж­бүр екенін айтады. Түйінді жайт қалай шешілмек? Президент жүктеген тапсырманың орындалмауына тағы қандай себеп бар? Тиісті сала министрліктері мен ведомстволары бұл  қателіктерден сабақ алар деген үміт­теміз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы