Жолдың жыры – Ақтоғайдың жанайқайы

Жолдың жыры – Ақтоғайдың жанайқайы

Жол туралы жазылып та, айтылып та келеді. Қай газетті алып оқысақ та, теледидарды қосып қалсақ та, осы жолдың жыры алдымыздан шығады. Қолымызда тағы бір сын, яғни Қарағанды облысы Ақ­тоғай ауданы тұрғындарының зары.

 «Жол азабын жүрген біледі» депті қазақ. Міне, сол жол азабын тартып, әбден запы болған Ақтоғай, Шабанбай би, Қызыларай ауылдарының тұрғындары еді. Көктемде аққан қар суы тұс-тұстан жамырап, жолды әбден жырымбалақ қылып тастаған. Бірер жыл бұрын қыруар қаржы бөлініп, «Ақтоғай-Шабанбай би-Қызыларай» бағытындағы жол күрделі жөндеуден өткен. Арада жыл өтпей, көтерме жол көтерем жолға айналып, баяғы тазкепеш күйіне қайта түсті. Неліктен? Себебін тірі жан білмейді»  – дейді Ақтоғай ауданының тұрғыны Мүсіркеп Сейдахмет ағамыз.

Мәселенің мәнісін білмек болып, «Ақтоғай ауданының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің есігін қағып, табалдырығын тосып, табанын тоздырған екен ағамыз. «Жиі жолға шығып кететін аталмыш бөлім басшысы Ардагер Қапашевты 10 күн болды-ау дегенде орнынан әзер таптық»  деп жалғайды сөзін журналист Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде «Көтерме жол ма, көтерем жол ма?» атты мақаласында.

«Ақтоғай-Шабанбай би-Қызыларай» бағы­тын­дағы көтерме жолға күрделі жөндеу жүргізіп, «іс бітті, қу кетті» деп жоқ болған мердігер кім? Жол жөндеу жұмысын қадағалап, бақылау жасауға тікелей жауапты жоғарыда аталған бөлім қайда қарап отыр?» деген жолаушылардың наразы сұрағының құлағы еріксіз қылтияды.

Қолда бар құжатта көрсетілгендей, «КазДорСтрой2050» ЖШС 70 560 000 теңгенің тендерін ұтып алып, көтерме жолдың орташа жөндеу жұмысын жүргізеді. Алайда, мердігер жол құрылысын жүргізу барысында заңсыздық болып, атқарылған жұмыстың шығынын асыра көрсетіп, жұмыс ауқымы толықтай аяқталмайды.
Ардагер Қапашевтың айтуынша, мердігер жұмысты толық ауқымда орындамаған. Соған сәйкес, «Ақтоғай ауданының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы­лар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ заңға жүгініп, сотқа шағымданған. Нәтижесінде, сот «КазДорСтрой2050» ЖШС-нен 23 489 000 теңге қаржыны мемлекеттік мекеме пайдасына кері өндіріп беру туралы шешім шығарған.
Осылайша, қыруар қаржы бөлінген жол жұмысы шала жасалып, заңбұзушылық орын алған. Әлбетте, заңсыздықтың орын алуына тапсырыс беруші тараптың да салғырт­тығынан жол берілген («Ақтоғай ауданының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің бұрынғы басшысы Д.Қасымжанов).
Бөлім басшысы Ардагер Қапашев бүгінде «Ақтоғай-Шылым-Ақжарық» бағытындағы жолды күтіп ұстау үшін келісімшарт жасал­ғанын айтты.

– Аудандық маңыздағы «Ақтоғай-Шы­лым-Ақжарық» бағытындағы 0-63 шақырым­ды құрайтын автомобиль жолын күтіп ұстау үшін «Берер» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Осы айда аталған учаскеде жөндеу жұ­мы­сы басталды. Сонымен қатар  2020 жылы аудандық бюджет есебінен 53-63 шақы­рымға асфальт жабынын салу мақса­тында жоба дайындалып, сараптама қо­рытын­дысы облыстық  Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсынылды. Қаражат бөлінген жағдайда, жоба жүзеге асырылады. Жұмыс жоспары қада­ғалауға алынған, – деген бөлім басшысының сөзін дәтке қуат дедік.

Сонымен, «Ақтоғай-Шабанбай би-Қызыларай» бағытындағы көтерме жолға асфальт төселетін болса, екі ауыл тұрғындары жол мехнатынан құтылып, арқа-жарқа болып қалады. Одан әрі Қызыларай мен Нұркен ауылдарына дейін жол жалғанса, Қарқаралымен арада ел шұбап, ауданда туризмге де кең өріс ашылар еді. Әрине, бұл – алдағы күннің еншісіндегі мәселе. Ал бүгінгі мәселе – «Ақтоғай-Шабанбай би-Қызыларай» көтерме жолының проблемасы «Нарманбет-Абай-Айыртас» бағытындағы көтерме жолдың басында тұрғаны. Айыртас ауылына баратын жолға да өткен жылы жөндеу жұмысы жүргізілген. Негізі, кез келген жол жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Бұл бір Ақтоғай ауданының басындағы жағдай емес. Бұл – тұтас елімізге тән кесел.
«Ақтоғай-Қарағанды» бағытындағы 40  жылғы тасжол да қырық жамау. Құдды бір, автокөлікте емес, теңіздің таудай толқынында кемемен жүзіп келе жатқандай күй кешесің. Құрылысы ондаған жылға ұласқан «Ақтоғай-Балқаш» тасжолы да сыр беріп, әр жерінен тесіліп, ойыла бастады.
Ашығын айту керек, Ақтоғай ауданының аумағындағы жолдарды тақтайдай сайратып қоюға республикалық, облыстық бюджет араласпаса, жергілікті бюджеттің қалтасы көтермейтіні белгілі. «Сондықтан  Ақтоғай жолдарына облыстық деңгейде көңіл бөлінуі керек. Сонда ғана ел жол азабынан құтылып, алғысын жаудырар еді»,  – дейді автор.
Бұл - біздегі сапаға емес, санға қарағандар  жұмысының «нәтижесі». Жұмысты нақты істесе,  мұндай жағдай қайталанбас еді...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы