Қостанайда картоп - 157, ал сәбіз 135 теңгеден сатылып жатыр. Алайда арзан көкөніс бір адамға екі келіден артық берілмейді. Әлеуметтік дүкендер желісі осындай шектеу қойып отыр.
Осылайша, жергілікті билік бағаны негізсіз өсіретін алып-сатарлардың жолын кесуге ынталы. Әлеуметтік сауда орындарында сәбіз базардағы бағадан төрт есеге, ал картоп екі есеге арзан. Мұндай бағаны қалалық әкімдік бекіткен. Бірақ алып-сатарлардың кінәсінен арзан көкөніс тез таусылып, сөрелер жиі бос қалады.
«Картоп пен сәбізді осы жерден сатып алып, сыртта 3 есе қымбат бағаға сатып жүргендер бар. Мұндай алып-сатарлардың жолын кесу мүмкін емес. Тек сауда орындарына әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатуға шектеу қою туралы ұсыныс жасадық. Сонда азық-түліктен тапшылық туындамай, бәріне де аз-аздап болса да жететін шығар деп ойлаймыз», - деді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Илона Тимошенко.
Картоп пен сәбізді арзандату үшін сауда орындары мен «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арасында келісімшарт жасалған. Осының нәтижесінде дүкендер жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп отыр. Енді билік үш айға бекіткен бағаны ұстап тұруы шарт.
«Біз әлеуметтік маңызы азық-түлік тауарының 16 түрін қамтамасыз етеміз. Біреуінен аздап пайда тапсақ, енді бірінен шығынға батуға мәжбүрміз. Өткен айда шығынымыз 8 млн. теңгеге жетті. Амал жоқ. Бізге қойылған шарт осындай. Сәбізді 550 теңгеден алып, 157 теңгеден сатып жатырмыз. Кейбіреулер арбаны толтырып тиеп алып кетеді. Сондықтан бір адамға екі келіден артық сатпайтын болдық», - деді сауда желісінің әкімшісі Ботагөз Көшембаева.
Қазір облыстың тұрақтандыру қорында 300 миллион теңгеге бағаланған азық-түліктің 12 түрі бар. Өз кезегінде көкөніс бағасы жақын күндері тұрақталады деп отыр билік. Бұған қоса, аймаққа еліміздің оңтүстік өңірінен күнделікті 200 тонна көкөніс жеткізіледі.