Буллерлерге бақылау неге жоқ?
Буллерлерге бақылау неге жоқ?

Бүгінде әлем елдері бала­ларды буллинг пен кибер­бул­лингтен қорғауды басты мә­се­лесіне айналдырған. Өйт­кені жаңа технологиялар мен әлеуметтік желінің ау­қымы кеңейген сайын смарт­фоннан келетін қауіп-қатер артып ке­леді. Соңғы жылдары елдегі жасөспірімдердің 20 па­йы­зы кибербуллингке ұшы­раған. Салдарынан был­тыр 150-ге жуық жасөспірім суи­цид жа­саса, 300-ден ас­тамы өз-өзін өлтіруге әрекет­тенген.

Қазір кез келген әлеуметтік желіде, хабар алмасу қосымшаларында, ойын платформалары мен ұялы телефондарда қорқыту, ашуландыру немесе масқаралауға негізделген ақпарат жиі шығады. Ата-анасының қадағалауынсыз қалған балалар уақытының көбін смартфонда өткізеді. Қызық іздеймін деп өзге адамдардың қысымына ұшыраған кәмелет жасқа толмаған балалар созылмалы ауруға шалдығып, оның соңы суицидке итермелеуі мүмкін. Мәселен, көрші Ресейде Mail.ru интернет-компаниясының зерттеуінше, желідегі агрессия деңгейі 47%-ға өскен. Ал Рунет қолданушыларының шамамен 58 пайызы қудалаудың әртүрлі көрінісіне тап болған.

Интернетке байланған балалық

Бала емес, өзіміз де күн сайын қолданатын Facebook, YouTube кеңістігінде жалған ақпарат тарату мен жала жабу, SMS-хабарламалар мен қоңырау соғып қорқыту жағ­дайлары жиі болады екен. Қазір өзге адамның атынан жеке парақша ашып, мессенджерлер мен желіде теріс сипаттағы жазба қалдырып, адамды қорқыту, ашуландыру немесе масқаралауға жұмыс істеліп жатады. Өмірден көргені мол ересектер үшін өзіңе қарсы жасалған әрекетке аса мән берілмеуі мүмкін. Бірақ сарапшылар оң-солын танымайтын балалар кибербуллингке төтеп бере алмайтынын айтады.

«Интернетке байланған балалар шынайы өмірден гөрі смартфонда сыр тарқатқанды жөн көреді. Әлеуметтік желідегі әрбір сөз маңызды. Адамдардың пікірі ата-анасының айтқанынан қымбат болып көрінеді. Ал әлеуметтік желіде қандай да бір жағымсыз дүние көрсе, болмаса өзіне қатыс­ты айтылған теріс пікір болса, олар үшін бұл қара түнекке айналады, өмір сонымен бітетіндей болып көрінеді. Бала ғана емес, үлкендердің өзі кибербуллингке жиі ұшырайды. Ер адамдар өмірдің қиын жағдайларына төтеп бере алмаса, әйелдер өздерінің сыртқы келбетіне мін таққандарға тосқауыл бола алмайды. Оның қасында ақ пен қараны ажырата білмейтін жасөспірімдерді қорлаудың құрбанына айналдыру оп-оңай», – дейді психолог мамандар.

Олардың айтуынша, кибербуллингке ұшырағанда болған жағдайға өзіңді кінәлаудан аулақ болу керегін ес­кертеді. Жараның үстіне тұз сепкеннен гөрі жаныңа жақын іспен шұғылданған дұрыс. Екіншіден, өкпелеткен адаммен кампромат іздеудің қажеті шамалы. Жан-дүниеңізде жағымсыз сезім туындаса, психологтың көмегіне жүгіну қажет. Себебі кез келген ашу-ызаның соңы стреске айналады.
Атыраулық Бағила есімді ке­ліншек кәмелетке толмаған ұлының соңғы кезде мінезі күрт өзгеріп, қит етсе өз-өзіне қол жұм­сай­­тынын айтып, қорқытуды шығарғанын айтады. «Бұрын әкесі екеумізге мектептегі қызықтарын айтып, болашақ жоспарымен бөліскенді жақсы көретін. Соңғы жарты жылдан бері өзімен-өзі тұйықталып, айтқан тілді алмайтын болды. Амалдың жоқтығынан өзі жоқта ноутбугін ақтарып, жеке электронды поштасына кірдік. Сөйтсек, біреу баламның жеке поштасына республикада тыйым салынған діни ағым туралы ақпараттар мен түрлі хабарлама жіберген. ВКонтакте әлеуметтік же­лісінде де осы ағым туралы топқа тіркелген. Кешкісін ұлымызбен сөйлессек, алты ай бұрын танымайтын біреуден жеке парақшасына діни ағым туралы ақпарат жібергенін, содан бері осы сарындағы топтарға тіркеле бастағанын айтты. Әрине, басында айғай-шу шығарды. Үйден кетемге салып, суицид жасауға бірнеше рет оқталды. Баламның болашағы үшін жұмыстан шығып, үнемі қасынан табылып, қолдау білдірдім. Бірнеше ай психотерапевтің көмегіне жүгіндік. Соның өзінде қазір ұлым­ды бір минутқа жалғыз тас­тау­ға қорқамын», – дейді Бағила.

Атыс-шабысқа толы ойындар зиян

Балалардың жан дүниесімен жұмыс жүргізетін Мақпал Үсенова кез келген теріс пікір, жағымсыз ақпарат баланың психосоматикасын бұзатынын айтады. Желіде қорлауға ұшыраған балаларды тану қиындық тудырмайды. Мысалы, бұрын сурет салғанды жақсы көрген болса, буллинге ұшыраған балаға бұрынғы ісі қуаныш сыйламайды. Көп ойланып, ұйқысы мен тәбеті нашарлайды. Ал бұрыннан психологиясы бұзылған балалар созылмалы ауруларға шалдығуы мүмкін. Сәл нәрсеге қатты мазасызданып, бір нәрсе көңілінен шықпай ашуға бойалдырады. Яғни, баланың бойында невротикалық белгілер пайда болуы мүмкін. «Қоршаған ортаға іштегі күйзелісін жеткізе алмаудың соңы бет келбетінің өзгеруіне, мысалы, қасы, көзі, ерні дірілдеп тұрады. Кішкентай балалар осындай жағдайға ұшырап жатса, көп жылауы мүмкін. Сабақ үлгерімі нашарлап кетеді. Сондықтан балаларды буллерлерден қорғау – алдымен ата-ананың міндеті. Әр адам өз баласымен дос ретінде сөйлесуі керек. Баланың сабақ үлгерімін сұрамас бұрын көңіл күйінің қандай екеніне мән берген дұрыс. «Сені әрқашан тыңдай аламын», «Сырыңды бөлісуге болады», «Кез келген мәселені бірге шеше аламыз» деген сөздерді жиі айтып, қолдау білдірген жөн. Ата-анасының қолдауын сезген балалар кибербуллингке ұшыраған жағдайда кімнен көмек сұрайтынын жақсы біледі. Кейбір жағдайда тумысынан тұйық балаларға ата-ананың қолдауы аздық етіп жатады. Ондай жағдайда психологиялық түзетуден өтпей, баланың жағдайы оңалып кетуі екіталай», – дейді психолог Мақпал Үсенова.
Үш қыздың анасы Гүлайым Қырықбаева күнұзақ жұмыста болғандықтан, балаларына өзі смартфон сатып алып берген. Екі жастан енді ғана асқан кішісінің өзі телефондағы түрлі қосымшаға кіріп, қажетті ойындарын оңай көшіріп алатынын айтады. «Қажетсіз ақпараттарды қолжетімсіз ету үшін қосымшалардағы шағым­дану мен бұғаттау батырмасын ба­сып беремін. Бірақ қайдан тауып алатынын білмеймін, атыс-шабысқа толы психологияға әсер ете­тін бірнеше ойынды жүктеп қоя­ды. Кейде дарылдаған дауыстан өзі шошып, жылап жібереді. Үлкен қызым әлеуметтік желіде жеке парақ немесе веб-сайт жасайды. Бір жолы қызым YouTube каналын көріп отырған. Екі көзі шарасынан шығып жүгіріп келді. Қолындағы телефонын тастай салды. Сөйтсем, қалай басылып кеткенін білмеймін, анайы көріністер беріліп жатыр екен. Содан бері қыздарымның қолындағы смартфондарына үнемі қадағалау жүргізетін болдым», – дейді Гүлайым.

Кибербуллинг – қылмыстық әрекет

ІT маманы Мейіржан Әуелханұлы «Балаларды кибербуллингтен үлкендердің бақылауымен ғана қорғауға болады» деп отыр. Себебі қазіргі жағдайда балалардың күнұзақ не көріп жатқанын бақылауда ұстау өте қиын. Ол болмаса баланың кибербуллинг жайлы түсінігін кеңейтіп, компьютер мен телефондардағы жарнамаларды бұғаттауға арналған ақылы қосымшаларды қолданған дұрыс. «Жылына 5-10 мың теңгеге арнайы қосымшаларды сатып алып, телефонға қондырып алуға болады. Бұл әртүрлі сайт пен әлеуметтік желідегі жарнамаларды өзі тауып, бұғаттап отырады. Өзіңізге немесе балаңызға қажеті жоқ жарнамалардың көрінбеуі үшін қажетті дүние. Қазір көптеген елдерде YouTube-тың премиум нұсқасын қолданады. Өкінішке қарай, бізге келген жоқ. Бірақ жақында қосылуы мүмкін. Ол жерде ютубқа ақша төлейсіз, сосын ютубтың әкімшілігі жарнамалар мен түрлі сілтемелерді көрсетпейтін болады. Дәл қазіргі жағдайда телефондар мен браузерлердегі жарнамаларды бұғаттайтын ақылы қосымшаларды қосып алуға кеңес беремін. Оның өзі балаларды буллерлерден қорғауға 100 пайыз қауқарлы деп айта алмаймын. Өйткені жаңадан шығып жатқан ойындардың сілтемелерін функция өз базасына енгізгенше жарнамасы көрсетіле береді. Егер елімізге келіп жатса, YouTube-тың премиум нұсқасын көшіріп алғаннан артығы болмайды»,– деген IT маманы бұл қосымша балаңыздың не көріп жүргенін, қанша уақыт қарағанын бақылап отыруға көмектесетінін айтады.

Әлемнің бірқатар елінде кибербуллинг қылмыстық әрекет ретінде қарастырылған. Еуропаның бірнеше мемлекетінде интернет платформалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ балалар мен олардың ата-аналарын кибербуллингтен қорғау мақсатында тиісті заңдар қабылданыпты. Мысалы, Германияда кибербуллинг ұйымдастырған азаматтар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүм­кін, Ресейде де осы қылмыс бо­йынша қылмыстық және әкім­шілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Биыл ақпаннан бастап Ресейде 500 мыңнан аса аудиториясы бар әлеуметтік желілерде былапыт сөз жазуға мүлдем тыйым салынды. Бұдан былай, әдепсіз пікір жазған адам заң талабын орындамаса, желі қолданушысы ғана емес, әлеуметтік желінің өзіне де айыппұл салынады. Жаңа заң бойынша, әлеуметтік желілерде былапыт сөз жазылған жазбаларды тауып, оны өшіріп отыруға бір тәулік уақыт берілуі тиіс. Егер берілген уақытта жазба өшірілмесе, жазба авторына емес, әлеуметтік желінің өзіне 800 мың­нан 4 миллион рубльге дейін айыппұл арқалатады. 

Халық қалаулылары қолданыстағы заңнамалар балаларды қудалаудан қорғауды жеткілікті қамтамасыз етпейтінін айтып, бірнеше рет сауал жолдаған. Сенаттың конс­­ти­­туциялық заңнама, сот жүйе­сі және құқық қорғау органдары коми­тетінің төрағасы Владимир Волковтың айтуынша, кибербуллингтен келетін қауіпті азайту үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, осы саладағы құқықтық қатынастарды реттейтін заңнаманы жетілдіру керек. Өйткені қазір «Көк кит», «Тыныш үй», «Қызыл үкі», «Мені сағат 04.20-да оят» де­ген секілді суицидтік сипаттағы қауіп­ті ойындар балалардың болашағына балта шабуда. Сол үшін се­на­тор буллинг пен кибербуллинг­ті бұғаттау үшін интернет парақшалар мен мессенджерлердегі топ­тар­дың мониторингін күшейтіп, мектептер мен оқу орындарын­да «Кибербуллингтің салдары» тақыры­бында сабақ өткізу керегін жеткізді.
Жадыра МҮСІЛІМ