Қастеев мектебіне қазақ тілі қажет емес пе?
Қастеев мектебіне қазақ тілі қажет емес пе?

Алматы қаласындағы Әбілхан Aikyn.kz порталының тілшісі.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі о баста мемлекеттік болып, кейін жекеменшікке өткен. Бірақ, қоғам белсендісінің айтуынша, мемлекет тарапынан тапсырыс берілсе де, қазақ тілінде сабақ өткізілмеген. «Үлкен қызым сегіз жылдан бері Алматыдағы Қастеев атындағы Көркемсурет және дизайн мектебіне барады. Баста мемлекеттік еді, кейін жекеменшікке өтті. Бірнеше жылдан бері ақысын төлеп, қазақ тобы жоқ болғасын амалсыздан орысша білім алып жүргенбіз. Биылдан бастап мемлекет қосымша білім беретін орталықтар мен мектептерге тапсырыс берді. Соның арқасында балалар қалаған екі пәнді тегін оқуға мүмкіндік алды. Қастеев мектебіне үш баламды мен де жаздым. Бүгін мектепте сабақ орысша өтетінін, мұғалімінің қазақша түсінбейтінін айтты. «Мұғалімге орысша сөйлеңіз, қазақша түсінбейді. Біздің мектепте тек орысша өтеді сабақ, ұнамаса, басқа жаққа барыңыз» деді whatsapp желісі арқылы тілдескен маман», - дейді Нәзия Жоямергенқызы. Қастеев - тіл Қоғам белсендісінің айтуынша, ол дереу Білім министрлігіне шағым түсірген. Одан кейін Алматы қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы хабарласып, қыркүйекке дейін қазақ тобын ашатынын мәлімдепті. «Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы отыз жыл болды, әлі күнге қазақша сөйлейтіндердің құқы аяққа тапталып келеді. Қазақстан азаматтары өздеріне түсінікті тілде ақпарат пен білім алуға қақылы. Бұл - ҚР Конституциясында көрсетілген бап. Бірақ Мемлекеттік тіл туралы мәселе көтерсең, не популист боласың, не шовиниссің. Үлкендерді қойып, енді балаларымызға Ана тілінде білім беруден ашықтан-ашық бас тартқаны – шектен шыққандық! Әлде барлық сабақты тек орысша өтудің астарында қазақша сөйлейтін балаларды мектепке жолатпау саясаты жатыр ма? Алматыда пәтер жалдап тұратын қазақтар көп. Баласына сурет, көркемөнер үйретуге артық ақшасы жоқ. Қастеев мектебінің басшылығы нені көздеп отыр? Білім министрлігі не дейді мұндай жағдайға? Алматы Білім басқармасындағыларға «Алматы бойынша мемлекеттік тапсырыс алып отырған барлық мекемені тексеріп, егер қазақ тобы жоқ болса, ашқысы келмесе, мемлекеттік тапсырысты қайтарып алыңыздар дедім», – дейді Нәзия Жоямергенқызы әлеуметтік парақшасындағы жазбасында. Біз Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебіне хабарласып, мәселе жайлы пікірлерін білмек болдық. «Орыс тілінде сабақ өтетіні туралы осыған дейін ешқандай мәселе туындамаған. Ата-аналар тарапынан ешқашан шағым айтып, сұранған ешкім болмады. Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына нормативтік қаржыландыру осы маусым айынан ғана басталып жатыр. Қазір 1600 баладан өтініш түскен. Бірақ қазақша ешкімнен өтініш түскен жоқ. 3-8 шілде аралығында қабылданады. Жалпы соңғы он жылда қазақша мүлдем болған жоқ. Оқу бағдарламасы, құжаттар, пәндер барлығы орыс тілінде жүргізіледі», – дейді Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі директорының орынбасары Нұрсұлу Қонысбек. Әзірге білім орнында қазақ тобы ашылған жоқ. Бірақ жақын арада мемлекеттік тапсырысты орындау үшін ашылуы мүмкін.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы.