Айгүл Үлкенбаева: Дина туралы құнды деректер жинақталған кітап жарық көреді
Айгүл Үлкенбаева: Дина туралы құнды деректер жинақталған кітап жарық көреді

Ұлттық домбыра күні қарсаңында күйші, профессор Айгүл Үлкенбаевамен әңгімелестік. Домбыра таңдау, күй мен күйші портреті туралы басталған әңгіме Дина Нұрпейісова туралы бұрын-соңды кездеспеген деректер легімен жалғасты. Күйшінің айтуынша, домбыра күнін дәріптеу осылай жалғаса берсе, әр қазақ күй тартатын күнге жетеміз.

– Күйші үшін қара домбыраның маңы­зын білеміз. Осы тұста домбыра күйшінің бағын аша ма, әлде күйші домбыраның бағын аша ма? – Менің ойымша, екеуі үйлескенде ғана жақсы тандем пайда болады. Мыса­лы, күй тыңдарманға әсер етуі үшін дауы­сы жақсы шығуы керек. Әрі күйшінің ше­бер­лігі мықты болуы қажет. Бір шығар­маны сәтті алып шығу үшін жазылған шығарма, оның орындаушысы мен аспап мықты болғаны жөн. Осындай тандем болған кезде, нәтиже шығады. Сол сияқты күйші мен жақсы домбыра сәйкес келсе, құба-құп. – Домбыраны қалай таңдайсыз? Қазір жаңғақ ағашынан, венге ағашынан жасалған домбыра үні сұраныста деп жатады. – Әрине, әншінің домбырасы мен күйшінің домбырасын салыстыруға кел­мейді. Мәселен, әншілерге домбыраның дауысы зор болғаны маңызды. Ал бізге дыбыстың зор болғаны емес, дыбыстың таза әрі тұнық болғаны маңызды. Күйші аспабының дыбысы таза болса, күй анық шығады. Мысалы, әр күйші өзіне сай аспап таңдайды. Физикалық мүмкіндігі мен жағдайына қарайды. Яғни, біреудің саусағы қысқа, екіншінікі ұзын. Одан кейін саусақ күшімен дыбысты анық ойнайтын күйшілер бар. Кейінгісінің сау­сақ күші әлсіз. Сондықтан басқанда сөйлеп тұратын домбыралар бар. Ал кей­бір домбыраны қатты баспасаң, анық дыбыс ести алмайсың. Айта кетерлігі, домбыра да, орындаушы да әртүрлі. Сол үшін әр орындаушы өзіне керегін іздеген жөн. Жалпы, сапалы ағаштан жасалған домбыра қашанда құнды. Мысалы, қазір қызылағаш, палисандрдан жасалған домбыралар бар. Кезінде палисандрдан тек гитара сияқты аспаптар жасайтын. Қазір шеберлер осы ағаштан домбыра жасайды. Мүмкіндік көбейген сайын олар скрипка, гитара жасайтын ағаш түрлерін домбыраға пайдаланып жүр. Мысалы, менде қызылағаштан, үйеңкіден, қайың­нан, палисандрдан жасалған домбыра бар. Бірақ ішіндегі біреуін әркез жанымда алып жүремін деп айта алмаймын. Өйткені бәрі шығарма мен шығармашылық ортаға байланысты. Мәселен, 4 маусым күні Ұлттық домбыра күні қарсаңында бірінші рет үш оркестр қосылып, күй тартамыз.

«Оты­рар сазы», «Құрманғазы», «Тәттім­бет» оркестрінің, екі рояльдың қостауы­мен, шәкіртім екеуміз бұрын-соңды орын­далмаған шығарманы өңдеп, жарық­қа шығарамыз. Рояльға арналған Нағым Меңдіғалиев ағамыздың «Домбыра туралы баллада» шығармасын орындаймыз. Бұл шараға мүлдем басқа домбырамды алып келдім. Сондықтан орындайтын шы­ғармаға қарай икемделу керек. Мысалы, Дина­ның күйін орындасам, басқа домбыра алып келер едім. Оған қоңыр дыбыс пен төмен бұралатын дом­быра керек. Оны кез келген дом­быра көтере бермейді. Оркестрмен ойна­ғанда барлық аспапты соль дыбысына келтіреміз. Оған да сай келетін домбыра керек.

– Сізге өз домбырасын ұсынатын ше­бер­лер бар болар. Құпия болмаса, ең бағалы домбыраңыздың құнын білуге бола ма? – 10 жыл бұрын 2,5 мың долларлық домбыраны сыйға тартқан. Қажеттілік тумағасын домбыра жасатуға тапсырыс беріп жүргенім жоқ. Ал жұрт айтып жүрген 10-15 мың долларлық домбыраның күй­шіге қажеті жоқ. Мұндай домбыра сахнаға қолайсыз, алып жүруге ыңғайсыз. Көбіне қымбат аспапты сыйға тарту үшін әртүрлі сүйек пен бағалы тастарды жапсы­рып, ойып жасайды. Сыртқы қабына дейін өрнектеп қояды. Шеберлердің арасында «домбырамның бағасы бәленше мың доллар, ішіне перламутр тасын қой­дым» дейтіндер бар. Осылайша, түр-түсін жа­сап сатады. Алайда олар мұндай домбыраларды бізге өткізе алмайды. Өйткені күйшілер аталған домбыра түріне жүгірмейді. Бізге сән емес, тұнық дыбыс керек. –Дина Нұрпейісованың күйі жайында айттыңыз. Осы тұста «Дина күйші» ғы­лыми-шығармашылық жобасына тоқтал­саңыз. Сүбелі еңбек дүниеге келгені жайын­да естіп жатырмыз. – 2021 жылы Атырау облыстық Мәде­ниет басқармасының басшылығымен, халық шығармашылығы орталығының қолдауымен «Дина күйші» атты ғылыми-шығармашылық жобасы жүзеге асты. Бұл жоба – Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Кітапты қазақ-орыс, түрік, ағылшын тілдеріне аудардық. Аударма жұмыс­тарына танымал кәсіби мамандар тар­тылды. Айта кетерлігі, кітапта тың фото­құжаттар, жаңа мәліметтер бар. Оқыған сайын күйші Дина жайында жаңа мағлұмат аласыз. Өйткені кітап елдегі оқырман­дардан бөлек, алыс-жақын шетелдердегі қызығушылық танытқан адамдарды бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз. Мә­селен, күйшінің өмірбаяны мен күйлерінің шығу тарихын үш кезеңге бөліп қарас­тырдық. Яғни, балалық шағы, ұстаздан тәлім алуы, 1922-1937 жылдары Ресейге қо­ныс аударуы – алғашқы жеңістер, одан кейін Алматы кезеңін қамтыдық. –Кітапта келтірілген ерекше дерек­тердің бірімен бөліссеңіз? Кітаптың тұсау­кесері қай қалада өтеді? – Мысалы, домбырада орындаушылық шеберлігі туралы айтқанда, әйгілі ғалымдар мен зерттеушілердің, өнер қайраткерлерінің берген бағасын, ой-пікірлерін жинадық. Дина апамыздың Астраханда тұрғанын көпшілік біле бермейді. Жоба аясында сол жаққа ат басын бұрып, астрахандық өлкетанушылар мен музыкатанушылардың еңбектерін назарға алдық. Қысқасы, осы күнге дейін айтылмаған тарихты тізбелеп, күмәнді деректерді жан-жақты сараладық. Астра­ханнан бөлек, Мәскеу, Ташкент мұрағат­тарын ақтардық. Сол жылдары күйші туралы баспасөз бетінде жарияланған қызықты мағлұматтарды да кітаптан таба аласыз. Ал ерекше дерекке келсек, Дина ана­мыз­дың сүйікті шәкірті Ғылман Әлжа­новтың 55 жыл бұрын жазған күйші тура­лы естелігі жарыққа шығады. Онда ұста­зымен алғаш кездескен сәттен бастап, сезім­ге толы шынайы балалық, шәкірттік естелігі жазылған. Дина Нұрпейісова шәкірттерінің ішінде орындау шеберлігі жағынан ұстазына ұқсағаны – Ғылман Әлжанов. Оның Алматыда тұрғаны туралы дерек болғанымен, нақты қайда дүниеге келгені жайында дерек жоқ. Жоба аясында, материал жинау барысында осындай қызықты мәліметтермен бетпе-бет келдік. Осындай құнды еңбектің тұсаукесер концерті Астрахан, Анкара қалаларында болады. – Өткенге оралайықшы, ең алғаш ұс­таған домбыраңыз есіңізде ме? Қандай күй орындап едіңіз? – Алғаш қолыма ұстаған домбырам – әкемнің жасап берген кішкентай дом­бырасы. Ол қазір Атырау облыстық «Өл­ке­тану» мұражайында тұр. Мектепте «Бал­дыр­ғандар» атты мектеп жасындағы ба­лалардың басын қосқан оркестр болды. Сол оркестрді Шәмшедин Шәріпов дейтін атамыз басқарып, ұйымдастырды. Одан кейін оркестрді әкем Нариман басқарды. Әкем – менің алғашқы ұстазым. Қызығы сол, оркестрде үйрететін күйді үйде үйреніп алатынмын. Күйді алдын ала үйреніп алмасам, намыстанамын. Дина­ның «Әсемқоңыр», «Партия туралы күй», «Жеңіс» күйлерін тарттық. Құрман­ғазы­ның «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйі, Түркештің «Көңілашары» бар. Осы аталған күйлерді кішкентайымыздан бір-бірімізбен жарысып, жылдамдыққа ойнай­­­тынбыз. Осылайша, техникамыз жетілді. 3 жасымнан бастап балабақшаға барып жүргенімде домбыраның жанынан шықпайтынмын. 1-сыныпта оркестрде отырдым. Себебі әкем мықты күй тартады, ән айтады. Оның үстіне өңірге келген өнерпаздар біздің үйден дәм тататын. – Домбыра күні қарсаңында жылы лебізіңіз болса, мархабат. – Алдымен, Ұлттық домбыра күнін бел­гі­леп, күйшілердің басын қосуға мұ­рын­дық болған Елбасына рақмет. Осын­дай игі бастама арқылы ұлттық өнерді қолдап жатқандар бар. Мәселен, жақында ма­ған Павлодардағы Мәдениет және тіл­дерді дамыту басқармасынан хабарласып, өңірдегі күйшілермен бірге күй тартуымды сұрады. Қуанып қалдым. Себебі орыстілді аймақ деп санайтын өңірдің домбыра күніне үлес қосатыны шабыттандырды. Бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 2 мыңға жуық күйші күй тартып, Гиннес рекордтар кітабына кіргені бар. Мұның бәрі ұлттық сана-сезімді көтеріп, домбыраны дәріп­теуге шақырады. Болашақта осындай ба­ғыт­та жұмыс істей берсек, ел болып домбыра тартатын күнге жетеміз. Сондық­тан бәрін Ұлттық домбыра күнімен құт­тық­таймын! Әр қазақтың төрінен дом­быра, құлағынан күй кетпесін! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат Айдарқызы