Ұлттық домбыра күні қарсаңында күйші, профессор Айгүл Үлкенбаевамен әңгімелестік. Домбыра таңдау, күй мен күйші портреті туралы басталған әңгіме Дина Нұрпейісова туралы бұрын-соңды кездеспеген деректер легімен жалғасты. Күйшінің айтуынша, домбыра күнін дәріптеу осылай жалғаса берсе, әр қазақ күй тартатын күнге жетеміз.
– Күйші үшін қара домбыраның маңызын білеміз. Осы тұста домбыра күйшінің бағын аша ма, әлде күйші домбыраның бағын аша ма? – Менің ойымша, екеуі үйлескенде ғана жақсы тандем пайда болады. Мысалы, күй тыңдарманға әсер етуі үшін дауысы жақсы шығуы керек. Әрі күйшінің шеберлігі мықты болуы қажет. Бір шығарманы сәтті алып шығу үшін жазылған шығарма, оның орындаушысы мен аспап мықты болғаны жөн. Осындай тандем болған кезде, нәтиже шығады. Сол сияқты күйші мен жақсы домбыра сәйкес келсе, құба-құп. – Домбыраны қалай таңдайсыз? Қазір жаңғақ ағашынан, венге ағашынан жасалған домбыра үні сұраныста деп жатады. – Әрине, әншінің домбырасы мен күйшінің домбырасын салыстыруға келмейді. Мәселен, әншілерге домбыраның дауысы зор болғаны маңызды. Ал бізге дыбыстың зор болғаны емес, дыбыстың таза әрі тұнық болғаны маңызды. Күйші аспабының дыбысы таза болса, күй анық шығады. Мысалы, әр күйші өзіне сай аспап таңдайды. Физикалық мүмкіндігі мен жағдайына қарайды. Яғни, біреудің саусағы қысқа, екіншінікі ұзын. Одан кейін саусақ күшімен дыбысты анық ойнайтын күйшілер бар. Кейінгісінің саусақ күші әлсіз. Сондықтан басқанда сөйлеп тұратын домбыралар бар. Ал кейбір домбыраны қатты баспасаң, анық дыбыс ести алмайсың. Айта кетерлігі, домбыра да, орындаушы да әртүрлі. Сол үшін әр орындаушы өзіне керегін іздеген жөн. Жалпы, сапалы ағаштан жасалған домбыра қашанда құнды. Мысалы, қазір қызылағаш, палисандрдан жасалған домбыралар бар. Кезінде палисандрдан тек гитара сияқты аспаптар жасайтын. Қазір шеберлер осы ағаштан домбыра жасайды. Мүмкіндік көбейген сайын олар скрипка, гитара жасайтын ағаш түрлерін домбыраға пайдаланып жүр. Мысалы, менде қызылағаштан, үйеңкіден, қайыңнан, палисандрдан жасалған домбыра бар. Бірақ ішіндегі біреуін әркез жанымда алып жүремін деп айта алмаймын. Өйткені бәрі шығарма мен шығармашылық ортаға байланысты. Мәселен, 4 маусым күні Ұлттық домбыра күні қарсаңында бірінші рет үш оркестр қосылып, күй тартамыз.– Сізге өз домбырасын ұсынатын шеберлер бар болар. Құпия болмаса, ең бағалы домбыраңыздың құнын білуге бола ма? – 10 жыл бұрын 2,5 мың долларлық домбыраны сыйға тартқан. Қажеттілік тумағасын домбыра жасатуға тапсырыс беріп жүргенім жоқ. Ал жұрт айтып жүрген 10-15 мың долларлық домбыраның күйшіге қажеті жоқ. Мұндай домбыра сахнаға қолайсыз, алып жүруге ыңғайсыз. Көбіне қымбат аспапты сыйға тарту үшін әртүрлі сүйек пен бағалы тастарды жапсырып, ойып жасайды. Сыртқы қабына дейін өрнектеп қояды. Шеберлердің арасында «домбырамның бағасы бәленше мың доллар, ішіне перламутр тасын қойдым» дейтіндер бар. Осылайша, түр-түсін жасап сатады. Алайда олар мұндай домбыраларды бізге өткізе алмайды. Өйткені күйшілер аталған домбыра түріне жүгірмейді. Бізге сән емес, тұнық дыбыс керек. –Дина Нұрпейісованың күйі жайында айттыңыз. Осы тұста «Дина күйші» ғылыми-шығармашылық жобасына тоқталсаңыз. Сүбелі еңбек дүниеге келгені жайында естіп жатырмыз. – 2021 жылы Атырау облыстық Мәдениет басқармасының басшылығымен, халық шығармашылығы орталығының қолдауымен «Дина күйші» атты ғылыми-шығармашылық жобасы жүзеге асты. Бұл жоба – Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Кітапты қазақ-орыс, түрік, ағылшын тілдеріне аудардық. Аударма жұмыстарына танымал кәсіби мамандар тартылды. Айта кетерлігі, кітапта тың фотоқұжаттар, жаңа мәліметтер бар. Оқыған сайын күйші Дина жайында жаңа мағлұмат аласыз. Өйткені кітап елдегі оқырмандардан бөлек, алыс-жақын шетелдердегі қызығушылық танытқан адамдарды бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз. Мәселен, күйшінің өмірбаяны мен күйлерінің шығу тарихын үш кезеңге бөліп қарастырдық. Яғни, балалық шағы, ұстаздан тәлім алуы, 1922-1937 жылдары Ресейге қоныс аударуы – алғашқы жеңістер, одан кейін Алматы кезеңін қамтыдық. –Кітапта келтірілген ерекше деректердің бірімен бөліссеңіз? Кітаптың тұсаукесері қай қалада өтеді? – Мысалы, домбырада орындаушылық шеберлігі туралы айтқанда, әйгілі ғалымдар мен зерттеушілердің, өнер қайраткерлерінің берген бағасын, ой-пікірлерін жинадық. Дина апамыздың Астраханда тұрғанын көпшілік біле бермейді. Жоба аясында сол жаққа ат басын бұрып, астрахандық өлкетанушылар мен музыкатанушылардың еңбектерін назарға алдық. Қысқасы, осы күнге дейін айтылмаған тарихты тізбелеп, күмәнді деректерді жан-жақты сараладық. Астраханнан бөлек, Мәскеу, Ташкент мұрағаттарын ақтардық. Сол жылдары күйші туралы баспасөз бетінде жарияланған қызықты мағлұматтарды да кітаптан таба аласыз. Ал ерекше дерекке келсек, Дина анамыздың сүйікті шәкірті Ғылман Әлжановтың 55 жыл бұрын жазған күйші туралы естелігі жарыққа шығады. Онда ұстазымен алғаш кездескен сәттен бастап, сезімге толы шынайы балалық, шәкірттік естелігі жазылған. Дина Нұрпейісова шәкірттерінің ішінде орындау шеберлігі жағынан ұстазына ұқсағаны – Ғылман Әлжанов. Оның Алматыда тұрғаны туралы дерек болғанымен, нақты қайда дүниеге келгені жайында дерек жоқ. Жоба аясында, материал жинау барысында осындай қызықты мәліметтермен бетпе-бет келдік. Осындай құнды еңбектің тұсаукесер концерті Астрахан, Анкара қалаларында болады. – Өткенге оралайықшы, ең алғаш ұстаған домбыраңыз есіңізде ме? Қандай күй орындап едіңіз? – Алғаш қолыма ұстаған домбырам – әкемнің жасап берген кішкентай домбырасы. Ол қазір Атырау облыстық «Өлкетану» мұражайында тұр. Мектепте «Балдырғандар» атты мектеп жасындағы балалардың басын қосқан оркестр болды. Сол оркестрді Шәмшедин Шәріпов дейтін атамыз басқарып, ұйымдастырды. Одан кейін оркестрді әкем Нариман басқарды. Әкем – менің алғашқы ұстазым. Қызығы сол, оркестрде үйрететін күйді үйде үйреніп алатынмын. Күйді алдын ала үйреніп алмасам, намыстанамын. Динаның «Әсемқоңыр», «Партия туралы күй», «Жеңіс» күйлерін тарттық. Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйі, Түркештің «Көңілашары» бар. Осы аталған күйлерді кішкентайымыздан бір-бірімізбен жарысып, жылдамдыққа ойнайтынбыз. Осылайша, техникамыз жетілді. 3 жасымнан бастап балабақшаға барып жүргенімде домбыраның жанынан шықпайтынмын. 1-сыныпта оркестрде отырдым. Себебі әкем мықты күй тартады, ән айтады. Оның үстіне өңірге келген өнерпаздар біздің үйден дәм тататын. – Домбыра күні қарсаңында жылы лебізіңіз болса, мархабат. – Алдымен, Ұлттық домбыра күнін белгілеп, күйшілердің басын қосуға мұрындық болған Елбасына рақмет. Осындай игі бастама арқылы ұлттық өнерді қолдап жатқандар бар. Мәселен, жақында маған Павлодардағы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасынан хабарласып, өңірдегі күйшілермен бірге күй тартуымды сұрады. Қуанып қалдым. Себебі орыстілді аймақ деп санайтын өңірдің домбыра күніне үлес қосатыны шабыттандырды. Бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 2 мыңға жуық күйші күй тартып, Гиннес рекордтар кітабына кіргені бар. Мұның бәрі ұлттық сана-сезімді көтеріп, домбыраны дәріптеуге шақырады. Болашақта осындай бағытта жұмыс істей берсек, ел болып домбыра тартатын күнге жетеміз. Сондықтан бәрін Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын! Әр қазақтың төрінен домбыра, құлағынан күй кетпесін! – Әңгімеңізге рақмет!«Отырар сазы», «Құрманғазы», «Тәттімбет» оркестрінің, екі рояльдың қостауымен, шәкіртім екеуміз бұрын-соңды орындалмаған шығарманы өңдеп, жарыққа шығарамыз. Рояльға арналған Нағым Меңдіғалиев ағамыздың «Домбыра туралы баллада» шығармасын орындаймыз. Бұл шараға мүлдем басқа домбырамды алып келдім. Сондықтан орындайтын шығармаға қарай икемделу керек. Мысалы, Динаның күйін орындасам, басқа домбыра алып келер едім. Оған қоңыр дыбыс пен төмен бұралатын домбыра керек. Оны кез келген домбыра көтере бермейді. Оркестрмен ойнағанда барлық аспапты соль дыбысына келтіреміз. Оған да сай келетін домбыра керек.
Сұхбаттасқан Айзат Айдарқызы