25 маусымда полицейлер Қарағандының орталық саябағынан өлі арыстанның денесін тауып алған болатын. Сол күндері қала тұрғындары «бұл қайдан келген жабайы аң?» деп бір дүрліккен еді. Кейін өлген абданды иесі апарып көме салғаны белгілі болды.
Жақында көмілген арыстанның ажалы неден болғаны анықталды. Ветеринарлардың айтуынша, саябақта табылған арыстан он айлық африкалық арыстанның абданы болған. Ол Қарағандының байланыс хайуанаттар бағында мекендеген. Иелері оған Марс деп ат қойған. Аутопсия арыстанның жұқпалы аурудан көз жұмғанын көрсетті. Онымен қоса, осыған дейін оның иесі ветеринарларға жүгінгені белгілі болды. Және де жануардың ветеринарлық паспорты, барлық қажетті анықтамалар, соның ішінде профилактикалық шаралар туралы жазбалары бар.
«15 маусымда жануар ауырып қалған. Емдеу шараларын жеке ветеринарлық клиника жүргізген. Ем жүргізілгеніне қарамастан, жануар 22 маусымда өлген. Арыстанның денесі табылғаннан кейін Михайлов полиция бөлімінің жазбаша ұйғарымы бойынша жеке ветеринарлық клиникада өлі денені патологиялық-анатомиялық тілу жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша, тірі кезінде жануар панлюкопения сияқты жұқпалы аурумен ауырғаны анықталды. Бұл ішектің, мезентерияның және іш қуысындағы сұйықтықтың күйі. Ауру мен өлімнің арасында тікелей байланыс бар» деп хабарлады Қарағанды облыстық аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының өкілі.
Мәлім етілгендей, паталого-анатомиялық тексеруден кейін жануардың денесі мал қорымына шығарылып, Бекқари шұңқырына көмілді. Қазір полиция арыстанның иесінен оны саябақта жерлеуге «не итермеледі?» деген себептерді анықтап жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін санитарлық бақылау және қадағалау органына жануардың өлгені туралы хабарламай, жасырғаны үшін иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ