Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорындарда жыл басынан бері 16 қайғылы оқиға тіркеліп, соның салдарынан 3 адам қаза тапты. Былтырғы 46 жазатайым оқиғада 8 адам көз жұмды.
Осындай жағдайлар жұмыс орнында қауіпсіздік шараларының әрдайым сақтала бермейтінін көрсетіп отыр. Кәсіпорындарда Еңбек заңнамасы, жұмыскердің өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын еңбек инспекциясының жұмысында олқылықтар бар деп есептейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері. Облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сараптама барысында осындай қорытынды жасалыпты. Заң бойынша, қайғылы оқиға болған соң 24 сағат ішінде арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайын зерттейді. Ең алдымен сол комиссияның құрамы күмәнді: төрағасы – мемлекеттік еңбек инспекторы, мүшелері – жұмыс беруші және жұмысшылардың өкілі. Жұмысшы, яғни ұжым өкілі жұмыс берушіге тәуелді. Айтқанына көніп, айдағанына жүретіні бесенеден белгілі. «Мұндай комиссия қабылданған шешім толыққанды объективті болмасы анық» деп есептейді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.
Сараптама барысында анықталғанындай, қайғылы оқиғаны зерделеу кезінде жоспардан тыс тексеріс жүргізілмейді екен. Мұндай тексеріс тек қажет болған жағдайда ғана әрі құқық қорғау органдарының хаты негізінде ғана басталады. Осылайша, арнайы тексеріс актісі тіркелмейді және анықталған олқылықтарды жою туралы ұйғарым да берілмейді. Нәтижесінде, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мүмкіндігі жоқ.
Кінә демекші, кімнің қаншалықты айыпты екенін анықтау да осы комиссияның мойнында. Ал комиссия құрамына енетін жұмыс беруші өзін-өзі ақтап бағары анық.
Мәселен, осыдан жарты жыл бұрын Петропавл металл конструкциялары зауытының бір жұмысшысы құрылыс басында төбеден құлап, қаза тапты. Тексеріс барысында жұмысшылардың сақтандыру белдіктері болмағаны анықталды. Айта кету керек, осы оқиғаға дейін мердігерлер қауіпсіздік шаралары сақталмағаны туралы, оны жою керегі туралы ескерту алғанымен, оны елемегенге ұқсайды. Жұмысшылар басшының нұсқауынсыз өз еріктерімен төбеге шықты деген қорытынды да күмән туғызбай қоймайды. Ақырында қайғылы жағдайдың болғанына жұмысшы да, жұмыс беруші де тең дәрежеде кінәлі деген қорытынды шығарылған. Атап айтқанда, зардап шегушінің абайсыздығы осындай жағдайға әкеліп соқтырды делінген.
Сондай-ақ «Богатырский продукт» ЖШС-нің от жағушысы қайта жөнделген пешті жаққан кезде бензин құйып, лап еткен оттан басы мен мойнын 2-дәрежедегі күйік шалған. Тексере келе, қауіпсіздік шараларына қатысты білімі туралы хаттама жоқ болып шықты. Сондықтан жұмыс беруші оны үйретпегені үшін ғана айыпты деп танылып, кінәнің көп бөлігі жұмысшының өзіне артылған.
Ал «Стройкомпания» ЖШС-нің кірпіш тиеу кезінде тайғанап кетіп, вагоннан құлаған жұмысшысы ауыр жарақат алғаны үшін толығымен дерлік өзі кінәлі болып шыққан. «Өйткені қайғылы оқиғалар туралы актілер құқық қорғау органдарына, сақтандыру компанияларына жолданады. Сондықтан жұмыс берушінің бұл жерде өзін ақтап алудағы мүддесі айқын. Осындай жағдайлар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады», – дейді Нұрлан Жахин.
Мұндай жағдайды болдырмау үшін олар облыстық еңбек инспекциясына комиссия құрамына кәсіподақ өкілдерін енгізу, жазатайым оқиғалардың бірыңғай есебін жүргізіп тіркеу, ішкі бақылау енгізу және жұмысшы мен жұмыс берушінің кінәсін анықтау әдістемесін жасау туралы ұсыныс жолдаған екен. Оны жүзеге асыру үшін Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу қажет.
САЛДЫР-САЛАҚТЫҚ БАР
Өндіріс нысандарындағы жұмыс жағдайын аттестаттау мониторингі де еңбек инспекциясының мойнында. Еңбек кодексіне сәйкес, мұндай аттестациялауды мамандандырылған аккредиттелген ұйым 5 жылда бір рет жүргізуі тиіс және тиісті мемлекеттік мекемеге нәтижесін жолдауы керек. Ал, шын мәнісінде бұл шаруаны жұмыс берушілердің өздері атқарып отыр. Олар, әрине өз кемшіліктерін көрсетпесі анық. Сөйтіп, алдын ала бақылау тізіміне бірде-бір нысан енгізілмеген. Іс жүзінде аттестациялау нәтижесі туралы есептің жоқтығы алдын ала бақылау немесе жоспардан тыс тексеріс кезінде ғана анықталады. Ол үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Мәселен, былтыр сол үшін «СевЕсильЗерно», «Талшық Астық LTD» және басқа да нысандар жауапкершілікке тартылды.
Тағы бір кемшілік – еңбек инспекциясы нысандардың ұйымдастыру-басқару қызметіне негізінен азаматтардың арыз-шағымдарынан соң ғана жоспардан тыс тексеріс жүргізетін көрінеді. Бұл жұмыс берушілер еңбеккерлердің заңды құқығын сақтамайтынын, бақылаудың төмендігін, жалпы жағдайдың аса мәз емес екенін көрсетсе керек. Өндірістік жарақат тәуекелі жоғары саналатын кәсіпорындар арнайы тізімге енгізілуі керек. Мұндай тізімге жазатайым оқиға тіркелген кәсіпорындар, тексеріс барысында кемшіліктер анықталған немесе жұмысшылар жиі шағымданатын нысандар енгізіледі. Алайда еңбек инспекциясы «жұмысты тиісінше ұйымдастырмады және қауіпсіздік ережелері сақталмады» деп танылған «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» мен «Жаңа-Есіл Феникс» ЖШС-ін тізімге қоспаған. Бұл екеуінде де орын алған қайғылы жағдайларда жұмыс берушінің де кінәсі бар екені дәлелденген.
Сонымен қатар тәуекелдерді бағалаудың қазіргі жүйесі бойынша қызметкерлері жарақат алған мемлекеттік мекемелерді осы тізімге енгізуге болмайды екен. Сол себепті қызметкерлері өндірістік жарақат алған облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі, Имантау ауылдық округі әкімінің аппараты тізімде жоқ болып шықты.
«Осындай жағдайлар тәуекелдерді бағалаудың тиімсіздігін және субъективті тәсіл қолданылатынын көрсетеді», – дейді антикор орталығының өкілі. Жағдайды түзеу үшін тиісті министрлікке хат жазу ұсынылды.
Еңбек инспекторларының тексерістен кейінгі құжаттарын жүргізудегі салдыр-салақтық, мерзімдердің сақталуына қатысты олқылықтар да олардың назарынан тыс қалмапты.
Нұрлан Жахиннің мәліметінше, еңбек инспекциясының жұмысына жүргізілген сараптама нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою туралы бас-аяғы 22 ұсыныс жасалған.
ЖҰМЫСШЫНЫ КІМ ҚОРҒАЙДЫ?
«Сенген қойым сен болсаң» дегендей, жұмысшыны қорғайтын инспекцияның жұмысы осындай болса, кімнен қайыр күткен ләзім? Осындайда жұмысшы жағына шығып, оған болысатын кәсіподақ еске түседі. Облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Мұрат Қалиевтің сөзіне сенсек, жазатайым оқиға болған кәсіпорындардың бірде- біреуінде кәсіподақ жоқ. Қазір олар әр еңбек ұжымына барып, кәсіподақ құру қажеті туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері әлеуметтік серіктестік туралы облыстық үшжақты комиссияның отырыстарында ұдайы қаралады. Маусым айында өткен отырыста облыста 2021-2023 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын қабылдау мәселесі қаралды. Бұл құжат облыс әкіміне қол қоюға ұсынылмақ. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін біздің бірлестіктің бастауыш ұйымдары «Нөлдік жарақаттылық», «Халық бақылауы», «Бала еңбегіне қарсы 12 күн», «Парыз» байқауы деген сияқты шаралар өткізіп тұрады», – дейді Мұрат Бопашұлы.
Жалпы, оның айтуынша, кәсіподақ ұйымы құрылған ұжымдарда жұмыскерлерге жеңілдік көп. Мәселен, түнгі және демалыс күндеріндегі жұмыс үшін еңбекақы төлеу әрі демалыс беру, бала тууына, адам өліміне байланысты жәрдемақы беру, санаторилік-курорттық жолдама, балаларды балабақшаға орналастыру, қосымша демалыс сияқты жайттар ұжымдық келісімшартта қарастырылады. Мұрат Қалиев сендіргендей, ұжымдық келісімшартта кәсіподаққа мүше әр жұмысшының мүддесі қорғалады.
Бұған дейін өндірістік жарақат алған кәсіподаққа мүше зардап шегушілерге тиісті өтемақылары түгел төленіпті. Атап айтқанда, жұмыс берушінің қаражаты есебінен әлеуметтік жәрдемақы, сақтандыру төлемдері, кейін мүгедек деп танылса, мүгедектігіне байланысты жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар жарақат алған адам қосымша медициналық көмекке, басқа адамның күтіміне, санаторилік-курорттық емделуге, тұрмыста қажетті техникалық көмекші құралдарға, арнайы жүріп-тұру құралдарына, кәсіптік қайта оқуға құқылы.
Облыстың бас еңбек инспекторы Марат Омаров түсіндіргендей, жұмыскердің жарақаты өндіріспен байланыстырылса, сақтандыру ақысы беріледі әрі ұжымдық келісімшартта көрсетілген төлемдер төленеді. Бірақ ол төлемдердің төленген-төленбегенін ешкім бақыламайды екен. «Бұл – жұмысшының құқығы. Егер төленбесе, олар сотқа арыздануға қақылы», – деді Марат Қосылұлы.
Өкінішке қарай, кей ұжымдарда кәсіподақ жоқтығы өз алдына, еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүрген адамдар да бар. Бұл жағдай да жұмыс беруші үшін тиімді. Ал жұмысшы еңбек шартын талап еткені абзал. Ол екі тараптың да құқығын қорғауға септеседі. Марат Омаровтың айтуынша, арада кикілжің туындағанда ғана тараптар әділдік іздеп еңбек инспекциясына келеді. «Еңбек шартынсыз жұмысшының белгілі бір жерде жұмыс істейтін-істемейтінін дәлелдеу қиын. Сондықтан біз ондай жерге араласпаймыз. Біз тек еңбек шарты жасалған жағдайда дауды тексере аламыз» деп түсіндірді бас еңбек инспекторы. Адамды еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдау заңбұзушылық болып есептеледі. Еңбек шартынсыз жұмысқа орналасқан адам өндірістік жарақат алса, оны талдаудың машақаты да еселене түседі.
«Бәле аяқ астында» дегендей, бетін аулақ, өздерін жан-жақты қорғап алу ең алдымен жұмысшының өзінің ғана «бас ауруына» айналып отырғаны жасырын емес. Сондықтан жұмысшыны қорғау үшін кәсіподақтардың жұмысын күшейтіп қана қоймай, Еңбек кодексіне өзгеріс енгізетін кез келген сыңайлы.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы