Еңсесі биік елорда
Еңсесі биік елорда

Елорда – елдігіміздің ай­насы. Дамудың даңғыл жо­лына түскенімізді шетелдік қо­нақтар осы Арқа төсінде ор­на­ласқан Еуразия жүрегіне қарап біледі. Сондықтан бас қаланың бүгінін баянды етіп алсақ, өзге өңірлердің бола­шағын бекемдеудің оңайға соғары сөзсіз. Жүрек соғысы бәсеңдесе, тамырға қан қай­дан жүгірсін?! Сол себепті та­яуда Орталық коммуника­циялар қызметінде өткен бри­фингте Нұр-Сұлтан қала­сы­ның әкімі Алтай Көлгінов ме­гаполис тұрғындарына жайлы жағдайдың еселеп жасалып жатқанын мәлім етті.

Ел пікірі елеусіз қалмайды

Бір ескерер жайт, елорда әкімі қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдау үшін азаматтарды апта сайын қабылдауды дәстүрге айналдырған. Нақты айтқанда, ол 2019 жылдың жазынан бастап, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін 2 мың тұрғынның өтініш-пікірін тыңдаған. Пандемияны ескере отырып, соңғы 6 ай­­дың өзінде онлайн режимде бай­ланысқа шыққан 250-ден астам тұрғынға күрделі мәселенің күрмеуін шешіп берген.

– Елордалықтар негізінен тұрғын үй, әлеуметтік, медициналық көмек пен білім алу, жұмысқа орналасу сияқты түрлі проблеманы көтереді. Тікелей көмек көрсету ғана емес, тұрғындарды әлеуметтік көмекпен барынша көп қамту үшін бірқатар маңызды орталық ашылды. Мысалы, 2020 жылдың күзінен бастап тұрғын үй саласында қызмет көрсететін бірыңғай орталық жұмыс істейді. Онда тұрғын үй кезегінің нөмірі, кезекке қалай тұру керегі, тұрғын үй бағдарламасының тетіктері сияқты түрлі проблеманың шешім жолын білуге болады, –дейді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, қала тұрғындары әлеуметтік мәселелерді шешу үшін ашылған «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында «бір терезе» қағидаты бойынша 70-тен астам мемлекеттік қызметке жүгіне алады. Айталық, осы жылдың бірінші жартыжылдығында 25 мыңнан астам адамға кеңес беріліп, көмек көрсетілген. Сондай-ақ қазір жұмыс істеп тұрған iQala қызметтер орталығынан тұрғын үй-коммуналдық секторды «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыру қызметін алуға болады. Ал бұрын мұндай қызмет көрсету регламенті болмаған. Жұрт барлық монополистерді аралап жүріп, әрқайсысымен жеке-жеке шарт жасасып, сосын оларға бір ай бойы хабарласып, құжаттардың дайын болғанын күтуі тиіс еді. Қазір iqala.kz сайты арқылы өті­ніш берсе болды, 3-5 күн ішінде құжаттардың дайын екені туралы SMS хабарлама келіп тұрады.

– Сонымен қатар биыл мамыр айында жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда жастар білім алу, жұмысқа орналасу сияқты өзекті мәселелер бойынша кеңес ала алады. Енді алдағы уа­қытта осы әлеуметтік орталықтардың жұмысын күшейтуді ары қарай да жалғастырамыз, – дейді елорда әкімі.

Ол – бер жағы. Оған қоса, азаматтарды қабылдау кезінде келіп түсетін мәселелерді ескере отырып, оқуға бөлінетін гранттар саны ұлғайғанын, оңалту және медициналық орталықтар, балаларға арналған демалыс орталықтары мен үйірмелер, саябақ, гүлзар, желекжол сияқты қоғамдық кеңістіктер мен аулалар желісінің кеңейтілгенін айта кеткен жөн.

Баспанасыздардың бағы жана бастады

Осы орайда «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегенді ескеріп, бұзылуға, күрделі жөндеу жүргізуге жататын апатты үйлердің басты назарға алынғанына тоқтала кетейік. Бұл ретте жергілікті биліктің үлескерлер мәселесін шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуінің арқасында, кейінгі 2 жылдың ішінде ұзаққа созылған құрылыс саны 2 есе қысқарған. Биыл тағы 57-ге дейін қысқаратын болды. Енді 7 мыңнан астам үлескер өздерінің көптен күткен пәтерінің кілтіне қол жеткізе алады.

– 2019 жылдың жазында елордада 52 үлестік құрылыс нысаны болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ұзақ салынған құрылыс жұмыстарын аяқтау бо­йынша жүйелі жұмыс жүргізудеміз. 2019 жылдың жартыжылдығында біз құрылысы ұзаққа созылған 10 нысанды салып, пайдалануға бердік. Бұл – 13 көппәтерлі тұрғын үй кешені. Өткен жылы 20 тұрғын үй кешенінен тұратын 14 нысан аяқталды. Биыл тағы 57 проблемалық көппәтерлі тұрғын үй кеше­ні­нің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Әрине, әкім үлестік құрылыс­тың барлық нысанында түрлі жағдайдың болғанын жасырып отырған жоқ. Мысалы, бір жерде іргетастың тек шұңқыры қазылса, тағы бір жерде үйдің қаңқасы ғана қалқиып тұр. Тіпті, кейбір апатты күйдегі қауіпті нысанның блоктарын толығымен бұзуға тура келген.

– Бірінші кезекте ұзақ салынған құрылыс бойынша техникалық аудит жүргізілді. Себебі үйлердің қауіпсіздігі бәрінен ма­ңыз­ды. Қазір сол ұзаққа созылған құрылыстардың жұмысы қарқын ала бастады. Әсіресе, Шығыс, Жағалау, Территория комфорта-1 және басқа да үлестік құрылыстың әрбір нысаны бойынша қадамдық іс-шара жоспары жасалды, – дейді Алтай Көлгінов.

Әкімнің келтірген дерегінше, кейінгі 3 жылда бас қаладағы қолжетімді тұрғын үйдің саны 5,5 есе көбейген. «Қала тұрғындарының маңызды және өзекті мәселелерінің бірі – тұрғын үй» деген ол, 2018 жылы – 1 800, 2019 жылы – 2 900, 2020 жылы 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынып, пайдалануға берілгенін де атап өтті.

– Биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жақында тұрғын үйге кезекте тұрған әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 400-ге жуық пәтер кілті беріледі. Жалпы, әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысы қаланың Отау, Жағалау шағынаудандары, Пригородный елді мекені, Ш.Құдайбердіұлы, Р.Қошқарбаев көшелері, жаңа вокзал ауданы сияқты барлық жерде жүріп жатыр, – дейді қала әкімі.

Сондай-ақ Алтай Көлгіновтің тікелей тапсырмасы арқылы тұр­ғын үй сертификатының сомасы
1 миллион теңгеден 1,5 миллион тең­геге дейін ұлғайып, оған Қазақ­стандық тұрғын үй компаниясының бағдарламасы бойынша қатысушылардың санаты да кеңейген. Еске сала кетсек, ол бағдарламаға медицина қызметкерлері, педагогтер, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады.
Елорда әкімінің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру» бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Оның ая­сында жыл соңына дейін тағы мыңнан астам жас баспаналы болады екен. Оған дейін де, яғни биыл жыл басында 350 жасқа пәтер кілті табысталған. Сонымен қатар 2022 жылға дейін жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы (әлеу­меттік кредиттеу) іске қосылмақ.

Көгілдір отын келеді көше бойлап

Баспана мәселесі шешілгеннен кейін оған орталықтан газдың кіріп тұрғаны да бір ғанибет. Брифинг барысында қала әкімі Алтай Көлгінов биыл Нұр-Сұлтанда тағы 143 мың тұрғын үшін газдың қолжетімді болатынын алға тартты. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп көрсеткіш.

– Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Бұл жоба экологияны жақсартуға мүмкіндік береді. Өйткені жеке сектор тұрғындары үйін көмірмен жылытпайды, нәтижесінде қауіпсіздік артады, қала тұрғындарының өмір сүру жағдайы жақсарады. Мысалы, осы жылдың маусым айында Көктал-1 тұрғын алабы газға қосылды. Осылайша, тағы 2 600 үй көгілдір отын­мен қамтамасыз етілді. Біз сыртқы желілерді жүргізгеннен кейін тұр­ғын­дар оны үйдің ішіне өткізуі керек. Сонымен қатар Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарына, Агро­қалашықтың 2020 жылы қосылмаған бөлігіне, Промышленный шағынауданына газ тарату желі­лерін салуды жалғастырамыз. Сондай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құры­лысын жүргізуде, – деді Алтай Көлгінов.

Сонымен, биылғы бірінші жартыжылдықта 200 шақырым газ тарату желісі салынды десек, енді оның 317 шақырымын жалғастыру көзделіп отыр. Демек, жаңа жылыту маусымында қосымша 7 тұрғын үй алабы газға қосыла алады. Өткен жылы 43 мың тұрғын қол жет­кізген болатын. Газдандыру үдерісі Мемлекет басшысының бақылауында екенін ескерткен елорда әкімі, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйін газға көшіруге көмек көрсету тетігі іске қосылғанын атап өтті. Ол үшін тұрғындар әкімдікке egov.kz порталы арқылы өтінім жіберуі керек. Сондай-ақ өткен жылы газ тарифі төмендегенін еске сала кеткен жөн. Қазір оның 1 текше метрінің бағасы – 34,6 теңге. Бұрын 60 теңге етіп бел­гілеу болжанған болатын. Жеке сек­тор тұрғындары үшін есептегіштерді де тегін беру қарастырылған.

– Бұдан басқа, жылу электр ор­талықтарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі 4 су жылыту қазандығы газға ауыстырылды. Қалған қазандық­тар осы жылдың соңына дейін газ­ға көшіріледі, – дейді әкім.

Ірі мектептер ірге көтерді

Бас қалада жасқа жас, басқа бас қосылып, халық саны да артып келеді. Соны ескерген әкімдік енді анау-мынау емес, ірі мектептердің құрылысын жүргізе бастады. Мысалы, 2010 жылы қала мектебінде 74 мың оқушы білім алса, қазір ба­лалар саны 193 мыңға жеткен. Жыл сайын 1-сынып оқушыларының саны өскені соншалық, 2019 жылы 5,5 мыңнан астам түлек «таудай болып шықса», 24,5 мыңға жуық сәби «тарыдай болып кірген». Ал 2020 жылы мектеп табалдырығын 21 мыңнан астам бала аттаса, 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда жалпы саны 400 мыңға жуық оқушы болады деп жоспарланған. Әне, осыдан кейін мектеп ашпай көр!..

– Біз ірі мектептердің құрылысына көштік. Білім мекемелері қаланың барлық ауданында, соның ішінде тұрғын үй массивтерінде салынып жатыр. Қажеттілігі бар аудандарға ерекше назар аударылады, – дейді Алтай Көлгінов.

Мысалы, қалада 2019 жылы – 6, 2020 жылы 11 мектеп салынса, биыл 40 мың орындық 15 мектеп бой көтермек. Ал кейінгі 5 жылда тағы 67 мектеп салынуы тиіс. Бұл ретте елорда әкімінің тапсырмасы бойынша, болашақ педагогтерді ынталандыру мақсатында гранттар саны да ұлғайтылған. Жыл сайын орта арнаулы оқу орындарында оқуға кемінде 800, ал жоғары білім алуға 300 грант бөлу жоспарланып қойған.
P.S. Бұл мысалдар елорданың еңсе­сін биіктете түсер игіліктің негізгі­ле­рі ғана. Әйтпесе, әлеуметтің әл-ау­қатын көтеріп, әлеуетін арттыру мақсатындағы бастама баршылық. Оның бәрі мерзімді мақалаға емес, тұтас бір энциклопедияға жүк.
Еркеғали Бейсен