50-70 жас аралығындағы қазақстандықтар тоқ ішек обыры скринингін тегін өте алады
50-70 жас аралығындағы қазақстандықтар тоқ ішек обыры скринингін тегін өте алады
164
оқылды
Өткен жылы 3 117 қазақстандықтан тоқ ішек обыры анықталып, 1 504 адам осы індеттен көз жұмған. Обырдың бұл түрі Қазақстанда таралуы мен өлім-жітім есебі бойынша үшінші орында тұр. Осы орайда, "Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы" интервенциялық радиология мен эксперттік эндоскопия орталығының жетекшісі Қанат Батырбеков 50 жастан асқан азаматтарға тексеруден жылдамдатып өтуге кеңес берді, – деп хабарлайды Informburo.kz. Скринингтен мемлекеттік облыстық ауруханалар мен онкологиялық диспансерде өтуге болады.
"Колоректалды скрининг Қазақстанда 2011 жылы енгізілді. Ол – елде өткізілетін 6 кең таралған скринингтің бірі. Өкінішке орай, тоқ ішек обырына шалдыққан науқастарда бастапқыда ешқандай белгі болмауы мүмкін. Сондықтан олар өзінің ауруға шалдыққанын сезбейді. Бұл індетке көбінесе 50-70 жас аралығындағы азаматтар шалдығып жатыр", – деді "Қазақ эндоскопия қоғамы" БҚ төрағасы Қанат Батырбеков.
Сондай-ақ, маман екі жылда бір рет скрининг өтіп отыру қажеттігін айтты. Науқастың бұл індетке шалдыққан-шалдықпағанын анықтау процесі 4 кезеңнен тұрады:
  1. иммундық химиялық анализ – iFOBT өткізеді, гемокульт тест тапсырады;
  2. iFOBT анализ оң нәтиже берсе, науқас эндоскопиялық тексеруге жіберіледі. Эндоскопиялық тексерудің алдында тоқ ішек арнайы дайындықтан өтеді. Бұл үшін маманда жоғары сапалы видеоэндоскоп пен нәтиже сақталатын фото-видео мұрағаттың болуы шарт;
  3. тоқ ішектің дайындығы Бостон шкаласы арқылы анықталады. Егер дайындық 6 ұпайдан төмен бағаланса, науқас эндоскопиялық тексеруге қайта басынан дайындалады. Ал 6-дан жоғары ұпай беріліп, тексеріс оң нәтиже көрсетсе, науқас онкологқа бағытталады;
  4. онколог науқасты эндоскопия не хирургия жолымен емдейтінін анықтайды.
Қанат Батырбеков бұл індетке шалдығуға бірінші кезекте екі зиянды әдеттің әсер ететінін айтты. Олар – ішімдік ішу мен шылым шегу. Сондай-ақ, бұған канцероген де әсер етуі мүмкін.