Енді зейнетақы қорындағы қаржыны балаларды емдеуге жұмсауға болады. Бұған дейін қордан алуға болатын ақшаны әр азамат өз еміне жұмсай алатын, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Оның үстіне ем-дом қажеттігін растайтын дәрігерлердің нұсқаулығы болуы шарт. Әр жас мөлшеріне жұмсауға болатын шекті сома да бекітілген. Ал, қаңтар айының соңында қазақстандықтар баспана алу үшін зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Балалардың еміне жұмсау туралы ұйғарым ашық нормативтік құқықтық акт порталында талқыланып жатыр. Құжатқа қол қойылған соң, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары қаржыны жақын туыстарын емдеуге немесе өзі шетелде ем қабылдауға бағыттауы мүмкін. Ол үшін шетелдік валютада арнайы есепшот ашып, дәрігерлік комиссиядан өту керек. Сондай-ақ, шетелдік компаниямен келісімшарт жасасу қажет. Бұған дейін алынған медициналық көмек пен дәрі-дәрмек құнын өтеуге болады. Оның үстіне тізімге шипажай-курорт емі, жасанды жолмен ұрықтандыру, онкология мен аутоиммундық сырқаттарға жұмсалатын шығын да енгізілді.