BI Group басшысы ақшаға құнықты ма? – Алматыда тағы дау шықты
BI Group басшысы ақшаға құнықты ма? – Алматыда тағы дау шықты
259
оқылды

BI Group құрылыс компаниясы Алматыдағы Gulder тұрғын үй кешенінің құрылысына ақша қосқан үлескерлерін алдап соғып отыр.

Nova City тобының атынан жүргізіп жатқан бұл кешеннің құрылысы алдағы 2022 жылдың маусым айында аяқталуы тиіс. Ал оны резервке қою мен сатуды олар былтыр қазан айынан бастаған. Сол кезден бері үлескерлер жоқ дегенде 2 млн теңгеден салып, брондау туралы келісімшарт жасасқан болатын. Осы 8-9 ай бойы оларды «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ-на (ФГЖС) тіркелген соң Үлестік қатысу келісімшартын (ДДУ) жасайтын боламыз деп сендіріп келген BI Group компаниясы енді уәдесінен тайқып, брондау туралы келісімшарттың өзін де бұзамыз деп отыр. Осынша уақыт күткен үлескерлерге ақшасын қайтарып беріп, тек 100 мың теңге ғана үстеме ақы төлемек екен. Енді осынша күткенде, пәтерсіз қалатынын білген олар қайда барып шағынарын білмей дал. «Әзірге бар қолдан келері әлеуметтік желі арқылы қоғамдық резонанс тудыру керек» деп санайды үлескерлер. [caption id="attachment_148958" align="alignnone" width="933"]BI Group Фото Айдос Мұқатаевтың фейсбук парақшасынан алынды[/caption]

Алданған үлескерлер

Алматы қаласы Райымбек көшесінің бойында орналасқан Gulder тұрғын үй кешені тұрған жерімен де, еңселі ғимаратының болашақ сәулетімен де өте тартымды. Сондықтан Қарғалы өзенінің жағасындағы 16 қабатты көппәтерлі тұрғын үйге сұраныстың жоғары болары анық еді. Оның үстіне жарнамалық науқаны да үлкен қарқынмен жүрді. Өткен жылдың қазан айында басталған сату және резервтеу уақытында мұндағы пәтерлердің құны нарықтағы осындай сыныпты пәтерлердің арасында ең тиімді баға болды. Құрылыс компаниясының танымалдылығы да өз алдына. Сондықтан да Gulder ТК-нің 3-1 кезегінен үй алуға тілек білдіргендер көп еді. Ал құрылыс нысанын белгілі бір дәрежеге дейін көтеріп, бірқатар негізгі жұмыстарын бітіріп алмай, үлескер тартуға тиым салынатыны белгілі. Онсыз оны Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры да тіркемейді. Бірақ, BI Group құрылыс компаниясы бұл заңды да айналып өтіп, пәтер алғысы келгендермен броньдау туралы келісімшарт жасайды. Бұл елімізде әлі зейнетақы ақшасынан тұрғынүй сатып алуға рұқсат берілмеген кез болатын. Сондықтан адамдар қолындағы барын осында тасыды. Несие алды немесе үйлерін сатып, өздері пәтер жалдауға көшті. Енді бүгінде олар шарасыз күйде қалып отыр. «Компанияның тоғыз ай өткеннен кейін өзінің келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындаудан бас тартуы адамгершілікке жатпайды. Бізге құрылыс заттарының бағасы қымбаттап кетті деп түсіндіреді. Өздері әлі іргесі де қаланбаған пәтерлерді сатқан кезде әуелден осындай тәуекелге бара жатқанын түсінді ғой. Ендеше, неге халық зардап шегуі керек? Біздердің арамызда да сол кезде пәтерлерін сатып, осында әкеліп салғандар бар. Одан кейін жыл басында үй бағасы қымбаттап, олардың да ақшасы күйіп кетті. Қазір сол ақшаны қайтып бергенде де оған бұрынғыдай квадратурада, сапада, ауданда пәтер түспейді. Заңда «қолдан сусыған пайда» деген ұғым бар. Сондықтан BI Group бізден 100 мың теңгемен құтылмасын. Нарықтың заңымен өтеп берсін. Алданған үлескерлер туралы көп еститін едім. Бірақ мен де сондай боламын деп ешқашан ойламаппын. Атағы жер жарған компаниядан алданып қалған соң-ақ, Қазақстанда ешкімге сенуге болмайды екен. Әйтсе де Айдын Рахымбаев бұл мәселеге назар аударып, әділ де салихалы шешім қабылдайды деп үміттенемін», – дейді Facebook парақшасында пост жазған үлескер Aliya Osipova. Құрылыс компаниясы өз шешімі туралы 28 маусым күні хабарлаған. Call center-ден бәріне хабарласып, балама ретінде жүз мың теңге өтемақы ала алатынын немесе жаңаша жасақталған бағамен қайтадан пәтер таңдауға болатынын айтқан. «Жүз мың қай жыртыққа жамау болады. Оның үстіне таңдауға болады деген пәтерлер тек жоғары қабаттарда, алаңы кішкентай, ыңғайсыз орналасқан жерлерден қалған. Онда да бағасы аспандап тұр. Мұны балама деп айтуға бола ма? Компания біздің үйлерге жаңа бағаны да әлі анықтамаған. «Құрылыс тоқтап тұр, бағасын жыл соңында айтамыз, күтіңіз!» дейді. Біз онсыз да осы уақытқа дейін үлескерлік келісімшарт жасасқанын күтіп келдік. Енді күте алмаймыз», – дейді үлескер BI Group Алматы компаниясы таратқан ақпаратта құрылыс материалдары, техникасы мен жұмыстарының жалпы алғанда 50%-ға қымбаттап кеткені айтылады. Мәселен, арматура 90%, бетон 45%, кранмен жұмыстар 30%, құрылыс-монтаж жұмыстары 25%-ға бағасы өскен. Сондықтан да олар алдын ала келісімдерді бұзуға мәжбүр болған. «Бағаның өсуіне құрылыс компанияларының өздері кінәлі. Өйткені, зейнетақы қорының хабары шыққаннан-ақ олар соны пайдаланып қалғысы келді. Былтырдан бағаны біртіндеп көтере бастады да, жыл басында ол өзі де күрт өсті. Нарық бір-бірімен селбескен дүние болғандықтан соған еріп металлдың да, инертті материалдардың да, темірбетон бұйымдарының да бағасы шарықтап кетті. Енді оның зардабын өздері де, халық та тартып отыр. Бұл Үкіметтің де кемшілігі. Бағаны қадағалаудан шығарып алды», – дейді желі қолданушы Фото Айдос Мұқатаевтың фейсбук парақшасынан алынды[/caption]

Сын мен сапа

Жиырма бес жылдан астам уақыт бойы құрылыс саласында келе жатқан BI Group холдингі бүгінде елімізде бетке ұстар компания. Жылына 900 мың шаршы метр, яки 20 шақты тұрғын үй кешендерін пайдалануға береді. «7-20-25», «Баспана Хит», «5-10-20» («Шаңырак») бағдарламаларының, Екінші деңгейлі банктердің, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі», «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ұйымдарының ипотекалық өнімдерінің қатысушысы. Көп ретте Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бизнес және комфорт сыныбындағы тұрғын үйлер мен кеңселерді салады. Ал эконом сыныпты сегментте үйлер салу үшін Nova City Development компаниясын құрған болатын. Бүгінгі сөз болып отырған Gulder тұрғын үй кешені осы компанияның құрылыс нысаны. Әйтсе де мұндағы қай шешімді қабылдайтын да BI Group екені белгілі. Осы атышулы компания соңғы екі-үш жылда сынға жиі ұшырап жүр. Соның бірі эпидемия ушығып тұрған кезде салынған модульдік ауруханалар. Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, ДДСҰ бүкіл әлемде пандемия жариялаған кезде, Өзбекстан мен Қытайда қысқа мерзімде бой көтерген инфекциялық ауруханалардың үлгісімен елімізде де осындай жұмыстар басталды. Алматыда модульдік инфекциялық госпиталь мен Нұр-Сұлтан қаласында қалалық инфекциялық орталық модульді аурухана салынды. Әрине, күрделі кезеңдегі жұмыстың кем-кетігі болмай тұрмайтыны белгілі. Алматы қаласындағы модульді инфекциялық аурухана құрылысына жұмсалған қаржының жымқырылғаны өз алдына бөлек әңгіме, кейіннен оның жобалау-сметалық құжаттарсыз салынғаны анықталды. Мұны өз уақытында депутаттар да көтерген болатын. Осы жобасыз салынғандығынан болар, пайдалануға берілген 2020 жылдың сәуір айының өзінде жеңіл аязға төтеп бере алмағандықтан онда науқастарды ұстап тұру мүмкін болмады. 18 күнде салынған 5 жарым миллиардтық нысанның жағдайы осындай болды. Ал күн жылынған соң қос қаладағы нысанның да құрылыс сапасына қатысты көптеген шикіліктері шығып көпшіліктің сынына ұшырап жатты. стадион Осындай құрылыс сапасына қатысты «Түркістан Арена» стадионын да айтуға болады. Су жаңа нысанның су жаңа жасыл алаңы «Тұран» мен «Астана» командаларының арасындағы кезекті бір ойын кезінде жауған жаңбырдан шылқыған су болды. 39 миллион долларға салынған арена төңірегінде дауға футболсүйер қауым да, қоғам белсенділері де, депутаттар да араласты. Парламенттегілер қыруар қаржының неге жұмсалғанын анықтап, спорттық нысанды қайта тексеру керек деген пікір айтты. FIFA-3 талабына сай болу керек деген нысанның сапасы нашар екенімен бірге бағасы да қымбат екені сөз болды. Мәселен, 39 миллион доллар тұратын «Түркістан аренасында» 7 мың орын бар. Демек, бір орын 5500 долларды құрайды. Ал, осыдан 7 жыл бұрын салынған Түркияның «Сивас аренасына» 27 мың адам сияды. Оған небәрі 21 миллион доллар жұмсалыпты. Демек, бір орынға 744 доллар кеткен дейді желі қолданушылары. Қалай дегенде де BI Group басшылығының соңғы уақыттары ақшаға құнығып бара жатқандығын байқауға болады. «Қолда тұрғанда қонышынан бас» демекші, Нұр-Сұлтан қаласындағы құны әр қайсысы 7,5 млрд теңге тұратын төрт орта мектептің құрылысын салудың осы компанияға жүктелгені осының айғағы. Ал жалпы 2000 адамдық бұл оқу орындарына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 млрд теңге жұмсау көзделуде. Болмаса осыншама қаржыны қарпып асағанда құлқыны тоймай, үлескерлердің үмітін үзген компанияға басқа не деуге болады?

Нұрлан ҚОСАЙ