2021 жылдың 26 маусым мен 5 шілде аралығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап "Көкпар" федерациясының республикалық турнирі өтіп жатыр. Сондай-ақ, 3, 4 шілде күндері "Өнер" көкпары мен "Елбасы кубогы" республикалық турнирлері басталады. Жарысқа барлық өңірдің спортшылары мен 100-ге жуық сәйгүлік қатысады. Бұл туралы "Ұлттық спорт түрлері" қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мәлімдеді, — деп хабарлайды Informburo.
Мұндай клубтар арасындағы федерация турнирі елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 13 команда келеді. Ұйымдастыру мен жүлде қорына 12 млн теңге бөлінді."Нұр-Сұлтан қаласы "Қазанат" ипподромында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың баршасын сақтай отырып спорттық іс-шараларымызды өзімізше жүргізіп жатырмыз. Өнер жұлдыздары арасындағы республикалық турнир жобасын әнші Досымжан Таңатаров қолға алды. 2018 жылы "жұлдызды" көкпарға екі команда дайындаймыз деп жүрген жерден Досымжанның жақсы ұйымдастыруының арқасында 9 команда шығып отыр. Негізі 10 команда болуы керек еді. Атырау облысының командасы үлгермей қалды", – деді Бекболат Тілеухан."Өнер" көкпарының жүлде қорына "Бәйге" федерациясының президенті Нұрбол Назарбаев 21 млн теңге бөлді. Сондай-ақ, қауымдастық президенті биыл бірінші рет "Елбасы" кубогына Қостанай тұқымды жылқы – күреңнің қатысатынын айтты. Үш түрлі қашықтықтағы бәйге өтеді:
- 9 шақырымдық құнан бәйге;
- 16 шақырымдық кіші аламан бәйге;
- 25 шақырымдық аламан бәйге.