– Сондықтан бүгін біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне орнатылған тарихи ескерткішті дәл осы жерде ашып отырмыз. Мерейлі жылда мұндай сәулет туындысының бой көтеруі – заңды құбылыс, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттіліктің негізін қалыптастыруға, еліміздің шекара шебін айқындауға, халықаралық келісімдермен біржола шегендеуге, жаһандық дағдарысты еңсеруге, халықаралық беделін нығайтуға Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлес қосқанын атап өтті.
– Елбасы көптеген халықаралық бастама көтеріп, мемлекетімізді жаһандық саясаттың төріне шығарды. Оны бүкіл әлем ұлы саясаткер, тарихи тұлға ретінде біледі. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанның бүгінгі және ертеңгі ұрпағы осындай ұлт перзентіне қарап, бой түзейді, – деді Президент.
– Халықты ауқымды өзгерістерге талмай жетелеген Тұңғыш Президент аса жауапты өзгерістердің, ауқымды реформалардың нақты іске асырушысына және Тәуелсіздігіміздің символына айналды, – деді Мемлекет басшысы.Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің саяси және экономикалық жетістіктерінің негізінде Елбасының бірегей бастамалары жатқанына назар аударды.
– Елбасының стратегиялық бағыты – елімізді одан әрі жаңғыртуға негізделген саясатымыздың берік негізі. Құбылмалы әлемде реформаларды табысты жүзеге асыру үшін бізге айқын идеологиялық бағдар, орнықты әрі құнды негіз қажет, – деді Президент.