Атырауда тұрғын үйде өрт болып, бір адам көз жұмды
Атырауда тұрғын үйде өрт болып, бір адам көз жұмды
97
оқылды

Атырауда тұрғын үйде газ жарылып, бір адам мерт болды, деп хабарлайды Inform.kz. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше, 2 шілде сағат 19:30-да Атырау қаласының іргесінде Тасқала елдімекенінде тұрғын үй өртенген.
«Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жеке тұрғын үйдің ас дайындау бөлмесінде газ-ауа қоспасының жиналуынан өрт шыққанын анықтады. Өрт сағат 20:00 кезінде сөндірілді. Жалынды сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 12 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Белгілі болғандай, өрт салдарынан оқиға орнында 1972 жылы туған әйел мерт болған. Ал, 2009 жылы туған жасөспірім 85% термиялық күйікпен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазір өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.
«Өрттің шығу себебі – газ жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларының бұзылуы. Отбасының басқа мүшелерінің айтуынша, өздері газ плитасын газ желісіне арнайы мамандардың қатысуынсыз жалғаған. Бұл – газ және жылыту құрылғыларын пайдалану ережелерін өрескел бұзу», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.