Астана күні қарсаңында Талдықорғанда үлкен қоныстойы болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Алматы облысының бірқатар аудан-қалаларында жаңа көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Осындай қоныстой қуанышын атап өткендер қатарында облыс орталығының тұрғындары да бар. Талдықорғандағы «Көктем» шағынауданында «Нұрлы Жер» бағдарламасымен салынған 55 пәтерлік тұрғын үйдеге тұрмысқа қолайлы пәтерлердің кілттерін қуаныш иелеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов тапсырды.
- Талдықорғанда биылғы жылы жалпы ауданы 120 мың шаршы метрден асатын үйлер пайдалануға беріледі. Жалпы биыл баспана мәселесін шешуге республикалық бюджеттен 5,6 млрд. теңге бөлінді. Сол сияқты 155 коттедж салуға жергілікті бюджеттен 1,5 млдр. теңге қарастырылды. Осының бәрі - халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған салиқалы мемлекеттік саясаттың жемісі. Соның айқын көрінісі ретінде бүгін Астана күні қарсаңында тағы 55 жетісулық баспанаға қол жеткізіп, қуанышқа кенелді. Жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын! Осындай жарқын жаңалықтар мен жақсы қадамдар көбейе берсін. Баршаңызға зор денсаулық және амандық тілеймін! Жаңа шаңырақтарыңыз молшылық пен берекеге толып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары кілт тапсыруға арналған салтанатты рәсім кезінде.
Талдықорғандағы осы көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған. «ЦА НИПИ ТрансНефть» ЖШС бас мердігер болып, жобалық құны 860 млн. теңгеден асатын көпқабатты, көппәтерлі үйдің құрылысын белгіленген мерзімде аяқтады. Үйдің жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады, 55 пәтер бар, соның 20-сы - үш бөлмелі, 15-і – екі бөлмелі, 15-і – бір бөлмелі, 5-еуі – төрт бөлмелі.Мұнан соң Лаззат Тұрлашов «Асар» оңалту орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаевтың, «Сенім» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Райгүл Бекованың отбасыларына берілген пәтерлерге кіріп, құттықтап, естелік сыйлықтарын берді.