Түркі әлемінің шырайлы шаһары

Түркі әлемінің шырайлы шаһары

Елорда – қазақстандықтардың ғана емес, күллі түркі жұр­тының мақтанышына айналған шаһар. Орталық Азияның інжу-маржанындай болған қаланың 20 жылдан астам уақыт ішінде өсіп-өркендеуі, ел экономикасының локомо­тивіне айналуы бауырлас халықтарды да, ата­сы басқа қауымды да тамсан­дыру­мен ке­леді. Ал түркітілдес елдердің бірқатар сарап­шысы ел астанасының Алматыдан Арқа төсіне көшірілуінің стратегия­лық астары болғанын мойындайды. Тіпті, Ақмоланың астана мәрте­бесіне ие болуының әлеуметтік, мәдени, рухани сипат­тары да болған деседі.

Әдетте, елорданың күн санап көркейіп, гүлдене түскенін ең алдымен қалаға жиі келетін саясаткерлер, әсіресе өзге елдердің басшылары байқайды. Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев: «Мұндай шешім қабылдау үшін даналық, табандылық пен батылдық қажет еді. Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің бойында бәрі болды» десе, Ресей президенті Владимир Путин: «Меніңше, бұл шешім өзін-өзі ақтады. Мұндай тәуекелге бару оңай емес екенін білемін. Ол кезде бәріміз бірдей өмір сүрдік, Қазақстанда да, Ресейде де ақша болған жоқ. Экономикалық, әлеуметтік мәселелер көп еді. Сол кезде астана ауыстыру туралы шешім орынсыз, тым қымбат тәрізді көрінгені рас» деген еді. Әрі Нұр-Сұлтан қаласын Бірінші Петр патша кезіндегі Ресейдегі Санкт-Петербор шаһарының дамуына ұқсататынын айтқаны бар.
Ал өз кезегінде Қырғыз Республикасының экс-президенті Сооронбай Жээнбеков: «Соңғы 20 жылда бұл қала Орталық Азияның ең әдемі астаналарының біріне айналды» деген болса, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев: «Егер бірдеңемен салыстыру қажет болса, әлемде қысқа мерзім ішінде мұндай қала салып, құрылыс жүргізген қандай да бір мысал таба алмас едім», – дейді. Яғни, қазақтың бас қаласына жолы түскен ел басшылары да, қарапайым азаматтар да шаһардың гүлденіп, жайнап, жарқырап кеткенін мойындайды. Сарапшылар астананы көшіру шешімінің маңызы жайлы да талай айтқан. Ел қауіпсіздігінің кепілі болған стратегиялық шешім болуымен бірге астана ауыстырудың демографиялық ала-құлалықты жою, еңбек миграциясының бағытын өзгерту, жаңа мәдени-рухани орта, экологиялық мәдениет қалыптастыру, өңірлер дамуына түрткі болу сияқты көптеген мультипликативті әсері болған-ды. Мұны шетелдік сарапшылар да байқайды.
Дегенмен Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Сұлтан Раев қаланы Нұрсұлтан Назарбаевтың арманының шындыққа айналғанының көрінісі деп бағалады. Ал әзербайжандық сарапшы Азер Хасрет Қазақстан астанасының сәулет-құрылыс бағытындағы табыстарынан бөлек, аймақтық геосаяси процестерде ерекше орны қалыптасқанын айтады. Өз кезегінде Түркияның Сахипкыран стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Месут Каракөсе Қазақстан астанасының Алматыдан Арқа төсіне көшірілуінің бірнеше артықшылығын атады.
Сұлтан Раев, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары, Қырғыз Республикасы:
– «Нұр-Сұлтан – Еуразияның ордасы, бұл шаһар қазақ арманының құзар шыңы. Жалпы, Түркі әлемінің рухани сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы арманының ақиқатқа ай­нал­ғанының жарқын мысалы. Нұр-Сұлтан қаласы – әлем архитектурасының, қала мәдениетінің, Батыс пен Шығыстың синтезі, екі өркениеттің тоғысқан жері. Нұр-Сұлтан – Еуразияның жүрегі, үлкен мегаполис, келешегі зор шаһар. ХХІ ғасырдың қа­ласы, бірге туған қазақ бауырларымыздың мәңгілік бәйтерегі, мәңгілік шаңырағы».
Азер Хасрет, журналист, Әзербайжан:
– Қазақстан астанасы елдің ғана емес, тұтас Орталық Азия және Кавказдың геосаяси үрдіс­теріне ықпал ете алатын орталыққа айналып келеді. Кезінде «Астана процестері» дейтін атау­мен басталған шаралар Сириядағы жанжалды реттеуге бағытталғаны есте. Қазір қаланың атауы өзгергенімен, процесс жалғасып жатыр. Мұның өзі маңызды қадам деп білемін. Екіншіден, Түркі әлемінің ынтымақ-бірлігін нығайту бағытындағы көптеген шешімнің осы қалада қабылдануы ша­һардың мәртебесін асқақтатып тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты «Түркі әлемінің ақсақалы» деп құрмет тұтсақ, Қазақстан астанасын күллі түркінің жаңа замандағы жарық жұлдызы деп бағалаймын.
Нұр-Сұлтан қаласы – Қазақстанның астанасы ғана емес, Түркі әлемі үшін де айрықша маңызы бар шаһар. Әдемі қала. Көшелері кең, жасыл желекке бөленген қала. Модерн шаһар. Өз басым ол қалаға бірнеше рет қыдырып барған едім. Қатты ұнады.
Жалпы, Нұр-Сұлтан – Қазақстанның дамығанын көрсететін қала. Тұрғындары ақкөңіл, жайдары келеді. Адамның іздегенінің бәрі табылады, ол жерде. Әлемнің 40-қа жуық мемлекетін аралап көрген адам ретінде Нұр-Сұлтанды өзге қалалармен салыстыру мүмкіндігім болған­дықтан айтып отырмын.
Егер маған әлемнің ірі қалалары мен Нұр-Сұлтанды таңдау еркі берілсе, қазақ астанасын қалар едім. Өйткені Нью-Йорк, Дели, тіпті бауырлас Түркияның Стамбұлы тәрізді қалалар Нұр-Сұлтандағыдай өмір сүру, өзіңді еркін және қауіпсіз сезінудің мүмкіндігін бере алмайды. Бұл тұрғыдан қарастырсақ, Нұр-Сұлтан Түркі дүниесі ғана емес, әлемнің әдемі қалаларының бірі деген сөз. Оның үстіне қалаға Түркі әлемінің ақсақалы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, дана саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген. Мұның да мәні зор деп білемін. Мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарын мейрамымен құттықтап, сүйікті шаһарымның қазіргіден де құлпырып, жайнай түскенін тілеймін.
Месут Каракөсе, SASAM зерттеу орталығының директоры, Түркия:
– Қазақстан – құрлықта Ресеймен әлемдегі ең ұзын шекараға ие мемлекет. Мұндай жағдайдың бірқатар геосаяси әсер болатыны сөзсіз. Осынау географиялық жағдайды Қазақстан халқының этникалық құрамын назарда ұстай отырып баға­лағанда, маңызды стратегиялық қадам жасау қа­жет екенін көрсетеді. Сондай стратегиялық қадам­дардың бірі – елдің оңтүстігінде көбірек шоғыр­ланған қазақ халқын теріскейге орналастыру. Нұр-Сұлтан қаласының астана болуы экономикалық және әкімшілік тұрғыда тартымды орталық қалыптастырды да, елдің демографиялық жағдайы мен этникалық сипатына әсер етті. Мұны бірінші жетістік ретінде бағалау керек.
Екіншіден, Нұр-Сұлтан қаласын астана ету туралы шешімнің қабылдануы түрлі себеппен Қазақстан аумағынан тыс жерде қалып қойған немесе шетелдерге көшіп кеткен қазақ қандастарды атажұртқа оралту саясатымен бірге қарастырылғанда өте маңызды әрі пайдалы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берген қадам.
Сонымен бірге 30 жыл бұрын Қазақстанда этникалық алауыздық туып, мемлекет ыдырап кетеді дейтін болжам айтылып жүргенде, біздің бауырлас мемлекетіміз түрлі сәуегейлердің пайымдарын тас-талқан етті. Сөйтіп, тыныштық пен сенімге негізделген қоғам құра отырып, Қазақстан сындарлы 30 жылды артқа тастады. Қазақ ұлтының бірегейлігі қалып­тасып, барлық ұлттар мен ұлыстарды өз төңірегіне топтастыра білді. Бұл процестердің барлығына астананың Алматыдан Ақмолаға көшіруі айтарлықтай үлес қосты деп білемін. Астананы ауыстыру туралы шешім қабылдай отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев теңдессіз қадам жасады.
Ардақ СҰЛТАН