Алматыда тау шатқалында адасып кеткен 4 турист құтқарылды
Алматыда тау шатқалында адасып кеткен 4 турист құтқарылды
Фото: ТЖД
157
оқылды
Алматы тауларында адасып қалған 4 турист құтқарылды. 5 шілде күні республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші пультіне Алматы тауында адасып қалған екі әйел мен екі ер адам туралы ақпарат түскен. Туристер Шымбұлақтағы «Панорама» шыңына көтеріліп, қайтар жолда адасып кеткен. Оқиға орнына жеке құрамның 7 адамы бар жедел топ, оның ішінде 1 кинологиялық есеп іздестіру-құтқару жұмыстарына шықты. Адасып кеткен туристер құтқарушыларға геолокация жіберді, сөйтіп олардың нақты қай жерде екені белгілі болды.
«Құтқарушылар «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының ортаңғы станциясына көлікпен жетіп, ары қарай жаяу көтерілді. Біраз уақыттан кейін құтқару тобы туристерді тауып алды. Абырой болғанда, ешкім жарақат алып, ауырып қалмаған. Бәрінің жағдайы жақсы. Құтқарушылар туристерге төменге түсуге көмектесті», - деп хабарлады Республикалық жедел-құтқару жасағының баспасөз қызметі.
Республикалық жедел-құтқару жасағы тауға шыққанда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді.