Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» жобасының маңызын айтты
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» жобасының маңызын айтты
©Elbasy.kz
181
оқылды

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай мен Қазақстан арасындағы сенімді қарым-қатынастың маңыздылығын және Ұлы Жібек жолының жаңа нұсқасының Орталық Азия үшін пайдасы туралы айтты. Ол бұл туралы Қытай Коммунистік партиясы мен әлемдік саяси партиялардың саммитіндегі сөзінде мәлімдеді.

Елбасы Қытай мен Қазақстанның бірлескен жұмысы екі елдің жақындығы мен достығына кепіл болатынын жеткізді.
«Мен сізді (ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді – ред.) жақсы дос ретінде қабылдаймын. Сіз 2012 жылы Қазақстанға жасаған сапарыңыз кезінде Ұлы Жібек жолының жаңа нұсқасы идеясын алғаш рет ұсынғаныңыз есімде. Еуразия жүрегіндегі алтын көпір, Азия мен Еуропаны, солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын жолдардың маңызды қиылысы екенін түсініп, еліміз «Бір белдеу, бір жол» жобасын бірден қолдады. Өңірдегі жағдайды жақсы біле отырып, көршілеріміз, Орталық Азия елдері бұл жоба туралы осындай пікірде екенін айта аламын. Олар осы жобаның аясында нақты қолдау мен көмек алды, инвестициялар көбейді және экономика дамыды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
 width= Елбасы «Халықтың бақыты үшін күрес: партиялардың жауапкершілігі» саммитінің әлем елдері үшін қаншалықты маңызды екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы қарым-қатынастың қалай дамуы керек екені туралы бірнеше тезисті баяндады. Коронавирус пандемиясының қиын кезеңінде мемлекеттер экономикалық және саяси байланыстарды бұрынғыдан да нығайтуы керек екенін мәлімдеді.
«Ондаған миллион жұмыс орындары жабылды, көптеген адам коронавирустың кесірінен қайтыс болды. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, әлемде 120 миллионнан астам адам кедейленген. Қазіргі уақытта әскери қақтығыс аймақтарында 160 миллион адам тұрады. Сондықтан осы қиын-қыстау кезеңде саяси партиялардың атқарып жатқан ісі өте маңызыды. Мен әлемдегі аудиторияның дауысын әлдеқайда қатты және айқын естуді жақтаймын. Атап айтқанда, саяси партияларға геосаяси шиеленісті еңсеруге өз үлесін қосу мақсатында неғұрлым тығыз өзара іс-қимыл орнатуға болады деп санаймын. Мемлекетаралық санкциялар, ұлы мемлекеттердің бір-біріне деген сенімсіздігі бүкіл әлем халықтарының үлкен күмәні мен алаңдаушылығын тудырады. Ұлы елдер планета алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек. Сондықтан олардың күш біріктіріп, жиналып, мәселелерді шешуі қазіргі кезде өте маңызды. Халықтар бейбіт, қорқынышсыз өмір сүруді, болашаққа деген нық сеніммен, балалар мен немерелердің болашағы үшін бақытты өмір сүруді қалайды. Бұл туралы өз сөзінде ҚКП төрағасы Си Цзиньпин айтқан болатын, мен бұл үндеуді қолдаймын», – деді Елбасы.
Ол Nur Otan партиясы мен Қытай компартиясы мемлекеттер арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті.
«Сөзімнің соңында, ҚКП төрағасы Си Цзиньпинге, Қытай компартиясының барлық мүшесіне, Қытай халқына жаңа табыстарды, өркендеуді және алдарыңызға қойылған орасан зор және өте маңызды міндеттерге қол жеткізуді тілеймін. Одан біз, яғни, сіздің көршілеріңіз, тек ұтамыз», – деп сөзін түйіндеді Назарбаев.
Айта кетейік, саммитке 10 мыңға жуық партия өкілдері, оның ішінде әлемнің 160 елінен партия мен саяси ұйымдардың 500-ге жуық көшбасшысы қатысты. Саммиттің тақырыбы – «Халықтың бақытына ұмтылу-саяси партиялардың жауапкершілігі». Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия өңірінен сөз сөйлеген жалғыз маңызды қонақ болды.