Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл жайында Ақорда хабарлады.
Еске салсақ, кеше, 6 шілдеде Камчатка өңірінде Петропавловск-Камчатский қаласынан Палана ауылына ұшып шыққан Ан-26 жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кеткен. Ал ұшақпен байланыс Палана әуежайынан 10 шақырым жерде үзілген. Кейін әуе кемесінің сынықтары табылды. Ресей ТЖМ-нің ресми ақпаратынша, ұшақ бортында 22 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Олардың ешбірі аман қалмаған."Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын", – делінген мемлекет басшысының жеделхатында.