Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Венада (Аустрия) өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жазғы сессиясына қатысты.
ЕҚЫҰ парламентшілері Тұрақты комитеттің отырысы мен жалпы отырыс барысында Парламенттік Ассамблеяның ағымдағы қызметі мен басымдықтарын талқылады, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша шешім қабылдады.
Төраға орынбасары сессия аясында Әзербайжан, Болгария, Дания, Литва, АҚШ, Финляндия, Швецияның ұлттық делегацияларының басшыларымен, оның ішінде ЕҚЫҰ ПА-ның жаңадан сайланған төрағасы М.Седерфельтпен кездесті. Асқар Шәкіров еуропалық депутаттарды жаңғырту жөніндегі күн тәртібі аясында жүзеге асып жатқан Мемлекет басшысының демократиялық реформаларының үш топтамасымен таныстырды.
ЕҚЫҰ парламентшілері Президент Қ.К.Тоқаевтың бастамасы бойынша Қазақстанда жүзеге асып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге қолдау білдірді. Дания делегациясының басшысы П.Юэл-Йенсенмен кездесу барысында Қазақстанмен парламентаралық диалогты дамытуға баса назар аударылды және Дания Парламентінде Орталық Азиямен достық тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сессия аясында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының басшылық құрамына сайлау болды, оның қорытындысы бойынша Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров ұйым төрағасының орынбасары болып сайланды.