Биыл құрбан шалу тәртібі қандай?
Биыл құрбан шалу тәртібі қандай?
Фото: astana-akshamy.kz
222
оқылды

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы құрбан шалу тәртібін жариялады.

Биыл құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады:

1) мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып, құрбан шалу рәсімін офлайн режимде, яғни, дәстүрлі жолмен ұйымдастыру. 2) бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыру. Бұл жобаның мақсаты – қайырымдылық жасау, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантинде оңтайлы жол ұсыну. Ханафи мәзһабында Құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – міндет.

Шариғатта бай деп дүние мүлкі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі), 30 ірі қара, 5 түйе немесе қажеттілігінен артық 85 гр. алтын (1 230 000 теңге) қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни, жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес.

Биыл Республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін www.qurban2021.kz сайты арқылы биыл 20 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық етін жеткізіп берумен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады. «ҚМДБ қаржыға араласпайды. Құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Осы орайда, еліміздің әр аймағындағы малдың бағасы әртүрлі екенін ескеру қажет. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында малдың бағасы бірдей болмауы мүмкін. Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни  сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату секілді барлық ұйымдастыру жұмысы ҚМДБ мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл – құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік», – дейді басқарма өкілдері.

Қазақстанда Құрбан айт күні демалыс болады.