Қоқыс үшін жауапқа тартылды

Қоқыс үшін жауапқа тартылды

Шілденің шіліңгір ыстығында жағажайларды жағалаған петропавлдықтар Пестрое көлінің мүшкіл жағдайына наразы. Мұнда қоқыс шығарылмайтын көрінеді. Жағажайдың санитарлық жағдайын тексерген полицейлер жалға алушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ескертуден соң ғана кәсіпкер жағажайды тазалау үшін жұмысшылар жалдады.

«Заң талаптарына сәйкес абаттандыру ережелерін бұзғандарға ескерту жасалады немесе айыппұл салынады, - дейді облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов. – Бірінші рет тәртіп бұзғандарға әдетте алдымен ескерту түріндегі жаза қолданылады. Көп жағдайда бұл шара мәселені шешу үшін жеткілікті. Бірақ оған назар аудармаған жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіштен, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бір жыл  ішінде заңбұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері көбейтіледі».

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 505-бабы, яғни, «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы нысандарын бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша бойынша 6033-тен астам хаттама толтырды, оның 2314-і - Петропавл қаласында.

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы