Екі әйелдің өліміне кінәлі дәрігер тағы да жазадан құтылып кетті
Екі әйелдің өліміне кінәлі дәрігер тағы да жазадан құтылып кетті
Фото: temperaturka.com
215
оқылды

Дмитрий Писаревті сот ақыры үш жыл дегенде Лаура Ізбасарованың өліміне кінәлі деп тапты. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Алайда сол мезетте-ақ істің мерзімі өтуіне байланысты сот залынан босатылды. Қызын қолдан өлтірген дәрігердің көз алдында бостандыққа жіберілгенін көрген анасы есінен танып құлаған. Әбден созбалаңға салынған істе жеңіп тұрып, жеңіліс тапқан марқұмның туыстары Президенттен араша сұрайды. Атышулы хирург бұған дейін де ота кезінде бір келіншекті өлтіріп алып, дәл осылай марқұмның туыстарының көзінше бостандыққа шыққан. Қызы дәрігердің қателігінен өлгені үш жыл дегенде ақыры сотта дәлелденген еді. Алайда кінәлі сол сәтте-ақ бостандыққа жіберілді. Денсаулығының нашарлығына байланысты үкімді үйде онлайн тыңдаған әйел отырған жерінде есінен танып құлаған.

Марқұм Л.Ізбасарованың анасы Дамира Алдамжарова: «Неге бас бостандығынан айырмайды? Неге осылай аналар жылап қала береді? Келіспеймін үкіммен!.. Себебі, адам өліміне себепші болған адамды бас бостандығынан неге айырмайды? Күресеміз, соңына дейін күресемін!» – дейді.

Қайғыдан қан жұтқан ана дәрігердің кінәсінен бақилық болған қызының сұрауы болмай қалғанына күйінеді. Әуе компаниясында стюардесса болып істеген Лаура Ізбасарова 2018  жылдың қазан айында пластикалық отаның үстінде көз жұмған. Дмитрий Писаревтің кінәсін дәлелдейтін айғақтар бір жыл дегенде ақыры табылып, сонда әзер дегенде қамауға алынған. Десе де тергеушінің ісі өрге баспай, қызметіне жүрдім-бардым қарағаны үшін полиция бөлімінің өз ішінде тексеру басталған. Сөйтіп, үш тергеуші бірін-бірі ауыстырып жүргенде үш жыл өтіп, жауапқа тартатын мерзімі өтіп кеткен.

Алматы қаласы сотының баспасөз қызметкері Нұрсұлтан Орынбасаров: «Дмитрий Писарев өзінің кәсіби міндетін дұрыс орындамағаны үшін, соның салдарынан байқаусызда кісі өліміне соқтырғаны үшін Бостандық аудандық сотымен бүгін кінәлі деп танылды. Қылмыстық кодекстің 71-бабының 1-бөлігі, 1 және 2-тармағына сай, сот хирург Дмитрий Писаревті қылмыстық жауапкершіліктен босатуға мәжбүр болды», – дейді.

Бір бап кінәлі деп танып, келесі бап бостандыққа шығарды. Себебі, заңда қателік жіберген дәрігердің ісі екі жылда сотқа жетпесе, кінәсі бола тұра жауапкершіліктен босатылады. Осылайша, үш жыл үш айға созылған атышулы іс кінәлінің бостандыққа шығуымен аяқталды. Дмитрий Писарев кінәсін сол күйі мойындамады. Хирургтің сот залынан босап шығуы бірінші емес.

Дәрігер бұған дейін Дана Агамырдановаға ота істеп, өлтіріп алған. Ол кезде де екі жылдан асқанда барып кінәлі деп танылып, артынша істің мерзімі өтуіне байланысты абақтыдан үйіне қайтарылған. Дегенмен Дамира Алдамжарова істі жабулы қазан жабуыл күйінде қалдырмайды. Әділдік талап еткен ана апелляцияға беріп, Жоғарғы сотқа дейін шағымданбақ.