Ақтөбеде мектеп басшылығы 7 жасар оқушының зорлық көргенін жасыруы мүмкін

Ақтөбеде мектеп басшылығы 7 жасар оқушының зорлық көргенін жасыруы мүмкін

Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, қазір бұл жағдай Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында.

Ақтөбе облысы әкімдігінің Білім басқармасы 7 жасар баланың ата-анасының өтініші туралы бұған дейін комитетке хабарламаған. Осыған байланысты комитет лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде өтініш жолдады. Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мектеп қызметкерлеріне қатысты тергеу жұмыстарын бастады.

Білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары қызметкерлерінің құқық қорғау органдарына қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзу белгілері бар кәмелетке толмағандардың, немесе оларға қатысты іс-әрекет жасау фактілері туралы хабарламауы - әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Егер ақпарат расталса, мектеп аумағында зорлық-зомбылыққа жол берген және оған тиісті назар аудармаған адамдарға қатысты шара қабылданады.

Еске салсақ, Ақтөбе облысында мектеп оқушысының туыстары журналистерге 7 жасар балаға зорлық-зомбылық жасалғанын хабарлаған. Наурыздың басында сабақ бірінші ауысымға ауысқан кезде баланың мінез-құлқы өзгеріп, жиі ашуланып, анасы мен әжесіне мектепке апармауын өтінген. Ол 9-сынып оқушылары әжетханада ұрып-соғып, қолдарын бұрап, тепкілейтінін айтқан. Баланың ата-анасы сынып жетекшісіне бірнеше рет шағымданған. Бірақ одан нәтиже болмаған.

Жәбірленушінің әжесінің айтуынша, орта мектептің төрт оқушысы оның немересін ұрып-соғып, қорлаған. Ал мұғалімдер баланың шағымына мән бермеген. Зардап шеккен баланың отбасы кінәлілер жазадан құтылып кетеді деп қорқады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондықтан әзірге істің егжей-тегжейі жария етілмейді. Ақтөбе облысының Білім басқармасына балаға және оның отбасына психологиялық көмек көрсету тапсырылды.

[embed]https://www.youtube.com/watch?v=lX6YQTgjLhw[/embed]