Жан-жағын жалмаған өрт...

Жан-жағын жалмаған өрт...

Өрт. Дала өрті арқа жеріне дамыл берер емес. Жауын жаумай, жер құрғап, шөп қурап жатқан қуан­шылықта, әр ұшқын осы тілсіз жауға сеп. Шіліңгір шілде басталған бетте Ұлы даланың Ұлытауында бір апта бойы дала өрті «сайран» салды. Осылай демеске амал жоқ...

Төтенше неге кеш жетті?

Ұлытау облыс орталығынан шалғай жатыр. Дегенмен, бұл – бір секундта хабар алғызған заманда, 1 шілдеде басталған дала өртіне «төтеншеліктердің» екі-үш күн салып жетуіне кедергі болмасы анық. Ресми деректер өрт ашық күнде ойнаған найзағайдан болғанын айтады. Оқиға орнына «жедел» жеткен Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департа­ментінің басшысы Мұрат Қатпанов:

«Ұлытау ауданында алты өрт ошағы бақылауда. Біреуі (Сәтбаев жанындағы) сөндірілді. Бөрсеңгір ауылы маңында өрт сөндіру жұмыстары аяқталуға жақын. Кеше Пионер және Байқоңыр ауылдарына өрттің жақындау жағдайы болды. Шеңбер ауылдық округінде дала өртінің тағы бір ошағы тіркелді. Өрт Қостанай облысы жағынан келді. Оқиға орнында өрт сөн­дірушілер және орман шаруа­шылығының қызметкерлері жұмыс істеуде. Елді мекенге төніп тұрған қауіп жоқ» деп есеп берді.

Бірақ шығын жайлы «ләм» демеді. Өйткені олар жеткенше жергілікті тұрғындар өз күшімен өртті «әлсіреткен» еді.

Төтенше жағдай жарияланды

Өрттің алапатты болғаны сондай Қарағанды облысы Ұлытау ауданында төтенше жағдай жарияланды. Ұлытауда болғанында облыс әкімі жағдай толық бақылауда екенін мәлімдеді. «Қауіпті учаскелерді жою үшін қажетті күштер мен құралдар жеткілікті. Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан әкімдіктер 20 тонна көлемінде жанар-жағармай мен азық-түлік жеткізуді ұйымдастырды», – деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

Ауданда төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Оған аудан әкімінің орынбасары төрағалық етеді. Елді мекендері отқа оранған ауданда түрлі техниканың 175 бірлігі, құтқарушысы мен еріктілері бар, барлығы 1 000-ға жуық адам күн-түнге қарамай өртпен алысты. Кейбір деректерге қарағанда, аудан аумағында қызыл жалынның 17 ошағы болған.

Дала өрті Керегетас, Ойшыбар, Қалыбай, Демеубай, Сарысай, Қызылсай, Ермек, Борсеңгір, Пионер, Байқоңыр, Шеңбер ауылдары тұсында ерекше құтырынған. Жаңадан құрылған комиссия шығындарды есептеп, шаруалар айырылған кем-кетікті жамамақшы. Алайда шалғай жатқан ауылдардағы кейбір мал басының құлағына сырға тағылмаған, шаруалар «ертеңгі күні бұл жануарларды есепке алмай қала ма?» деп қынжылып отыр. Мысалы, Жангелді ауылдық округіне қарасты «Әбдібеков» шаруа қожалығының 200 қойы мен он шақты сиыры отқа күйіп өліпті. Қожалық иесі бірнеше қойына сырға тағылмады дейді...

Тасүй жанды сақтап қалды

Тілсіз жаудан зардап шеккен «Шиелі құдық» ауылындағы жағдай жаға ұста­тарлық. Айналасы 5-10 минутта от шар­бақта тұрған малды «жұтқан», ал тасүйге қорған қылған жан аман қалды, «тәубе» дейді қазақ мұндайда. Інісінің үйіне жазғы демалысқа келген Раиса Әбдібекова көрген түстей өткен сәтті былайша баяндайды:

«Еңбек демалысын пайдаланып, екі қы­зым­ды ертіп бауырым тұратын «Шиелі құ­дық» ауылына демалуға келдім. Шілденің 2-сі күні далада тұтанған өрт әп-сәтте ауыл шетіне жетіп, сырттағы малды қырып жіберді. Тілсіз жау бар-жоғы 5-10 минуттың ішінде айналаның бәрін жайпап өтті. Өртті көріп, жеті баланы алып, үйге кірдік. Үй тастан салынғандықтан, аман қалдық. Сол күні не көргенімізді есіме алсам, әлі жылай беремін. Балалар өрттен шошығаны сон­ша­лық, айғайлап, жылап жіберді. Мен бәріміз түтінге тұншығып өлеміз деп ойладым. Інім Сағынтайдың бес баласы бар», – дейді.

Сонымен бірге әйел төтенше жағдай болғанын біле тұра, оның алдын алып, хабар бермеген жергілікті билік өкілдеріне назын айтты. «Осындай жағдай болған соң, інім бірден құзырлы органдарға хабарласты. Әрине, дала өртіне ешкім кінәлі емес, бірақ осындай қиын-қыстау заманда бізге қолдау көрсетеді деген сенімдеміз. Барлық шығынды өтеп бермесе де, қолұшын созатын әрбір жанға риза боламыз. Құдайға шүкір, өзіміз аман қалдық, бірақ інім қазір бар малынан айырылды, балалары бар, осының бәрі жанымызға батып отыр», – дейді Раиса Әбдібекова.

Бір адамды жалмады

Қоскөл ауылынан 40 шақырым жерден өртеніп кеткен УАЗ автокөлігі қаңқасының жанынан 23 жастағы ер адамның мүрдесі табылды. Ресми деректер бойынша, қаза тапқан азамат өрт сөндіруші еріктілердің қатарында болмаған. Қазір қайғылы оқиғаның мән-жайын жергілікті полиция қызметкерлері анықтау үстінде. Әрі құрғақ жер, қуарған шөп – жанған сайын жел әбігерге салғандықтан, өрт сөндіру түнде де тоқтатылмаған.

«Қабыл­дан­ған шаралар қауіпті сейілтті. Күш пен құралдар жеткілікті. Құтқару қызметтері жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс істеуде. Әкімдіктер қажетті мате­риалдық-техникалық жабдықтармен қам­­тамасыз етуде. Тұрғындар түсіну­шілікпен қарауда, белсенді қолдау көр­сетіп, тіпті өз үйлерінде құтқарушыларды тамақтан­дыруда», – деді облыстық ТЖ департа­ментінің басшысы Мұрат Қат­панов.

Салдарымен күресу керек

Дала өрті – тілсіз жау. Біз оған дайынбыз ба? Жоқ. Мұны бір апта бойы елді сынға алған Ұлытаудағы от ошақтары дәлелдеп берді. Себебімен емес, салдарымен күре­с­сек болмас па? Ол үшін не істеуіміз керек? Бұл туралы мемлекеттік қызмет ардагері Ниқанбай Омарханов:

– Ұлытау ауданында болған дала өрті, жүздеген бас мал шығыны, адам өлімі жағ­дайға түбегейлі қарауды талап етеді. Ауыл-аудандар жанталасып жатыр, бірақ шама­лары жетпейді, күштері тең емес. Облыс аянып жатқан жоқ, бірақ әдеттегідей об­лыстан көмек 3-4 күн кешігіп баруда, жер шалғай, жол алыс... Қазір дала өрті барлық аудандарда болып жатыр... «Жұт жеті аға­йынды» дегендей, биылғы қуаң­шылықтың салдары, одан әрі де қиындай беруі әбден мүмкін – жайылым, шабындық өртенді, малдың қоңы нашар, қыстамаға дайындап жатқан шөп аз және құнары жоқ, сапасыз. Осының бәрі қыс пен көктемде төл бол­май, түрлі мал ауру­ларын қоздыруы, жап­пай мал шығын­дарына әкеліп соғуы әбден мүмкін... Оның соңы тағы қым­батшылыққа апарады, – дейді.

Осыған байланысты облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің атына үндеу жариялағанын да айтып өтті. Тек бұл Қарағанды облысының Ұлытау ауданында ғана емес, 3-7 шілде аралығында облыс аумағындағы Бұқар Жырау, Нұра, Шет, Осакаров, Қарқаралы аудандарында және Қаражал қаласында жалпы ауданы болатын 33 995 гектарда дала өрті тір­ке­ліпті...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы