Қызыл мия тамыры жоғалып кете ме?
Қызыл мия тамыры жоғалып кете ме?
587
оқылды

Қоғам белсенділерінің пікірінше, табиғи пайдалы өсімдіктерден айырылып қалудың қаупі зор. Әсіресе, дәрілік өсімдіктердің бірі, мың түрлі ауруға шипалық қасиеті бар қызыл мияның тамырын қазып алып, сату бизнесі өркендеп кеткен. Бұл «табиғат сыйының» жоғалып кетуіне әкеліп соғуы мүмкін. Бірнеше жылдан бері қоғам белсенділері мен Парламент депутаттары қозғаған мәселе әлі де өзектілігін жоймаған. «Қызыл мия тамырын шетелге тасымалдаудың бақылаусыз болуы елдегі экологиялық жағдайды да ушықтыруы мүмкін», – дейді олар.

Қызыл мия қолданылмайтын сала жоқ...

Мия тамыры медицина, косметология және тамақ өнеркәсібі сияқты іргелі салаларда кеңінен қолданылады. Қытайда оның адамды жасарту қасиеті 3 мың жыл бұрын дәлелденіпті. Тибетте қызыл мияны «Ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» деп те атаған. Ал кәрістер түрлі жақпамай косметология үшін ұдайы қолданып жүр. Ал негізінен медицинада мың түрлі ауруға ем ретінде қолданылып келеді. «Дәрілік қасиетінің арқасында дерматит, есекжем, теңге қотыр, бронх демікпесі, жүйелі қызыл жегі, жедел есекжем, диатез секілді аллергиялық ауруларды емдеуіне ықпал етеді. Әсіресе, осы мақсаттарға глицирам препараты бөлінген болатын, ол аллергиялық реакцияларды, қандағы эозинофилдердің санын азайта отырып, бронхтардың жиырылуын, балаларды емдеуде кеңінен қолданылады. Қызылмия онкологиялық ауруларды емдеуде, әсіресе химия курстарынан кейін өте маңызды болатын онкологиялық жасушалардың өсуін тежейді. Сондай-ақ күрделі жинақ­тар­дағы мия тамырын қуықалды без аде­нома­сы, бүйрек және зәр шығару жол­дарының аурулары, асқазан-ішек жол­дары­ның аурулары, омыртқа мен буын ауру­лары, артрит, ревматизм, коксарттроз, омыртқа және басқа буындардағы диск жарығын, остеохондроз, онкологияда қолданатын сәулелік терапиядан кейін және ағза радиацияның әсеріне ұшыраған кезде қолданады», – дейді дәрігер мамандар.

Қызыл мияның тағы бір қасиеті ауыл шаруашылығы жерлерін құнарландыруға бағытталыпты. Бұл қасиетін оңтүстіктегі көршіміз тәжірибе жүзінде дәлелдеп, сор және тұзданған жерлер қайта құнарланып, мақта өсіруге пайдалана бастаған.

Ресми соңғы деректер бойынша, 2011 жылы тұтас Қазақстан бойынша 4 200 тон­на қызыл мия тамыры шетелге шығарылса, ал 2015 жылдың өзінде тек Оңтүстік Қазақ­стан облысында ғана 15 мың тонна қазып алынғаны расталған. Ал Алматы облысы­ның Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудан­дарында жазықты жерлерді бітіріп, енді таулы аймақ­тар­ға көше бастапты. Табиғат сыйының құ­рып бара жатқанына алаңдаған қоғам бел­сенділері оны әлеуметтік желі­лерде де көтере бастаған. «Қызыл мия тамырын жинаушылардан кейін ол жерге 10-12 жылға дейін ешбір өсімдік өспей қалады. Бірақ бұған қарап жатқан жан жоқ. Салдарынан қазір жүз­деген, тіпті мыңдаған гектар жер пайда­лануға мүлдем жарамсыз болып қалған. Қазір Алматы облысының бірнеше ауда­нында жаппай өсетін қызыл мия тамыры тіпті құрып бара жатыр. Жазықты жерлерді қойып, ақша табу үшін күректері мен теселерін арқалаған жұрт таулы жерлерге де шығып кетіп жүр. Тіпті, автобуспен толтырып түсіріп тамыр жинауды кәсіпке айналдырғандар да жоқ емес. Шетелге, әсіресе, Қытайға тасымалданып жатыр. Құзырлы органдар ұстап, әкімшілік жауап­­кершілікке тартқанымен, бұл оған тосқауыл бола алар емес. Ал бірді-екілі орманшылар мен күзетшілердің оларды тоқтатуға шама­сы жетпейді. Қазір қызыл мияның нарық­тағы бағасы келісіне 2 800-3 500 теңгеге дейін болып отыр. Ал тоннасы шамамен 180 мың теңгеге дейін жетіп жығылады екен. Заңға өзгеріс енгізу мәселесі осыдан төрт жыл бұрын қаралған. Алайда күні бүгінге дейін шыбық басы сынбады. Енді қапы қалмас үшін қызыл мия тамырының экс­порт­қа шығарылуын түбегейлі тосқауыл қо­йылуын талап етіп отырмыз», - дейді бел­гілі кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Мұрат Иманбек.

Заңның солқылдақтығы - басты қауіп...

Ал бұған заңның солқылдақтығы ке­дер­гі болған. Деректерге жүгінсек, дәрілік өсімдіктердің өсуі мен қорғалуын реттейтін «Өсімдіктер әлемі туралы» заңға өзгерістер енгізуді төменгі палата депутаттары сонау 2017 жылы көтерген. Халық қалаулылары­ның есебінше, қызыл мия тамыры шикі­заты­ның бақылаусыз жиналып, ше­кара­дан асуы құнды өсімдіктердің құрып, жердің деградациясына ықпал ететіні айтылыпты. Де­пу­таттық сұраныста кел­тіріл­ген дәйек­тер­ге сенсек, заң еліміздің орманды аймақ­тары мен ерекше қорға­латын қорықтар өсімдіктерді ғана қорғай­ды. Жалпы көлемі 29,3 миллион гектарды құрайтын бұл жер­лер еліміздің аумағының тек 10,7 пайызын ғана құрайды екен. Яғни, қалған ауыл шаруашылығы, жайылым және шабындық және басқа да жерлерде өсетін дәрілік пай­далы өсімдіктер қор­ғаусыз қалған.

ТН ВЭД кодының соңғы деректері бойынша, тек қызыл мия тамырының ғана он шақты коды бар. Яғни, біреуі болмаса басқасы арқылы экспортқа шығара беруге болады. Ал export.ru порталының мәлі­метінше, қызыл мия тамырын экспортқа шығарушылар бюджетке ешқандай да қосымша құн салығын, акциз және басқа да экспорт төлемдерін төлемейді. Осындай жеңілдіктер қарапайым ауыл тұрғындарын да қызыл мия тамырын теруге шығарған.

Жұрттың бәрі тамыр теріп кеткен

Мәселені реттеу үшін қоғам белсендісі мен қатар әлеуметтік желі қолданушылары да өз пікірлерін білдіріп заңмен қорғалуын, экспортқа тыйым салынуын талап етті.

Мәселе жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдадық. Сөйтсек, құзыретті минис­трлік тарапынан да қызыл мия тамы­ры­ның құрып кету қаупі төнген өсім­діктердің қатарына енгізу мәселесі қарал­мапты. Ми­нистрліктің баспасөз қызметі жүргізілген жұмыстар жайлы баян етті.

«Қазір мия тамырын Үкі­меттің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулы­сы­мен бекітілген сирек кезде­сетін және Құрып кету қаупі төнген өсім­дік­тер мен жануарлар түрлерінің тізбесіне енгізу мәсе­лесі қаралған жоқ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Фарма­цевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын қарау шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігіне жоспарға өңделмеген түрде мия тамырын Қазақстан аумағынан әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу жөніндегі тармақты енгізу жөнінде ұсыныстар енгізді. Қазақстанның өсімдіктер дү­ние­сін күзету, қорғау және сақтау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазір Пар­ламент Мәжілісінде қаралатын «өсімдіктер әлемі туралы» заңның жобасын әзірледі, осы заң жобасында заңнамалық деңгейде өсімдіктер дүниесін мемлекеттік орман қоры аумағынан тыс пайдалану мәселесін реттеу көзделеді» делінген министрліктің ресми жауабында. P.S. Сонымен, әзірге миллиондаған долларға шетелге кетіп жатқан қызыл мия тамырының экспортқа шығуына тосқауыл қоятын қаулы шыққан жоқ. Заң жобасы қашан қабылданатыны белгісіз. Ал күн санап өршіп, экологиялық ахуалдың асқынып бара жатқаны тағы бар. Қайтпек керек? Мәселені реттеу кезек күттірмейтіні анық аңғарылып тұр. Сондықтан тиісті министрліктер мен Парламент депутаттары, Үкімет аталған жағдайды назарға алып, шара қабылданғаны жөн сияқты...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы