«Болашақ» стипендиясына 113 адам ие болды
«Болашақ» стипендиясына 113 адам ие болды
Фото: el.kz
222
оқылды

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, конкурстық іріктеуден өткен стипендиаттар енді магистратура мен докторантурада оқиды. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тағылымдамадан өтеді.

«Болашақ» стипендиясын тағайындау үш рет өткізіледі. Қорытындысы маусым, тамыз және қараша айларында шығарылады.

«Стипендиялар медицина, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар, білім беру, инновациялар мен жаңа технологиялар, креативті индустрия, сондай-ақ индустриялық инженерия бағыттары бойынша бөлінген. 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға барлығы 1055 стипендия бөлінді. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша берілді. Сонымен қатар биыл алғаш рет «Ғалымдар» тағылымдамасының жаңа санаты бойынша 500 стипендия бөлінді. Аталған санат Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылды. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Енді жыл сайын еліміздің 500 ғалымы әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, соның ішінде осы орталықтардың зертханаларында бірлескен зерттеулер жүргізе алады. Біз ғалымдарымызды белсенділік танытып, шәкіртақы тағайындауға қатысуға шақырамыз», – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Жалпы, «Болашақтың» конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау мерзімі – 4 мамыр мен 28 қазан аралығы.