Үш жасар қызын ұрып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты
Үш жасар қызын ұрып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты
Фото: taunews.kz

СҚО Кәмелетке толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық соты 3 жасар қызын ұрып өлтірген Екатерина Голешоваға үкім шығарды.

22 жастағы келіншекке бірден 3-бап бойынша айып тағылды. Сот оны кінәлі деп танып, әйелді 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Оқиға биыл қаңтар айында болды. Екатерина Голешова 3 жасар туған қызын өлімші етіп сабаған. Сәби облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде бір айдан аса уақыт комада жатты. Дәрігерлер баланың өмірі үшін күрескенімен, бала алған жарақатынан тілге келместен қайтыс болды. Сот әйелдің қылмысын бір сағат бойы оқыды.

СҚО кәмелетке толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Әлия Жұмабаева: «Екатерина Голешова өзінің 3 жасар қызын бірнеше күн бойы аяусыз ұрған. Церебралды параличпен ауыратын сәбиді аяққа тұрғызып, жүруге мәжбүрлеген. Ол жыласа да бірнеше рет итеріп, басынан ұрған. Салдарынан басының оң жақ бөлігінде субдуральды гематома пайда болған, басына қан кетіп, денесі көгерген, шашы жұлынған, тілінде де бірнеше жарақат болды және тістерінің сынғаны анықталды», – деді.

Екатерина Голешова жазасын орташа қауіпсіз абақтыда өтейді.