Биыл ауыл шаруашылығы арқасында нәпақа тауып отырғандарға, оның ішінде мал өсірушілерге өте қиын болып тұр. Қыста қардың аз болуы, көктем мен жазда жауын-шашынның сиреуі елдің бірқатар өңірін құрғақшылық жайлап, мал шығынына ұшыратты. Сонымен бірге астық пен мал азығының шығымдылығына да кері әсерін тигізіп, шаруалар алдағы күз бен қысты алаңдай күтіп отыр.
Осы орайда күні кеше Алматы облысында етті және сүтті бағыттағы ірі қараға, құс пен балыққа арналған 10 түрлі жем дайындайтын зауыт пайдалануға берілгені үміт отын жағатындай. Талғар ауданында орналасқан, төрт түлігі майлы, егістігі сайлы «Байсерке-Агро» ЖШС соңғы жылдары ауыл шаруашылығындағы тың жаңалықтарымен ерекшеленіп келеді. Соған сай өндіріс ауқымы да қанатын кеңге жайып, табысы да тасқындап отыр. Енді, міне осы серіктестік отандық мал азығын дайындайтын зауыт ашты. Нысанның іске қосылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті Темірхан Досмұхамбетов және осы өңірге жұмыс сапарымен келген бір топ сенатор, ғалымдар мен аграрлық сала мамандары қатысты. Технологияны сақтау, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды. Сонда біз мал санын өсіріп қана қоймай, су және басқа да табиғи байлықтардың жетіспеушілігін сезінбестен мол өнім алатын боламыз. Ол үшін бізге ең алдымен ғылыми көзқарас, жоғары білікті мамандар, ауыл шаруашылығы дақылдарының заманауи сапалы сорттары, өнімділігі жоғары мал тұқымы қажет. Біздің болашағымыз – аграрлық салада, сондықтан осы саланы дамыту – аса жауапты да қажетті шара, – деді сенатор Ақылбек Күрішбаев жетісулықтарды маңызды кәсіпорынның ашылуымен құттықтаған сөзінде.Болат АБАҒАН, Алматы облысы