Тегін оқудың құны жоқ па?
Тегін оқудың құны жоқ па?

Қазақ қоғамында жастар әлі күнге дейін заңгер, экономика мамандық­тарын таңдаудан танбай келеді. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласының мамандықтары бойынша гранттар саны артылып қалып жатыр. Ал оған талапкерлер «мың салса, бір баспайды». Сол себепті бұл салаға бөлінген гранттарды қайта қайтаруға мәж­бүрміз.

Екі жыл бұрын елдегі жоғары оқу орын­дарына 54 мыңға жуық грант берілсе, оның 4 мыңға жуығы игерілмей қалған. Бұдан бөлек, көпбалалы және аз қамтыл­ған отбасылардан шыққан балаларға қосымша тағы 5 мың грант бөлінген. Был­тыр да 131 мыңнан астам үміткер мемлекет бөлген 54 мың білім гранты үшін таласқа түссе, 9 мың талапкер тегін білім алу­дан қағылыпты. Биыл Білім және ғылым министрі уәде еткендей, білім беру грантының саны 5 мыңға артты. Биылғы оқу жылында бака­лав­риатқа түсу үшін 56 мыңнан, магис­тратураға түсу үшін 13 мыңнан, док­торан­тураға 1 800-ден астам грант бө­лінді. Мемлекеттік тапсырысты қалыптас­тыру басқармасының басшысы Жанна Есенбаеваның айтуынша, тегін оқу Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің деректері мен жұмыс берушілердің сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпа­ра­тына сәйкес жасалады. Екіншіден, мем­ле­кеттік білім беру тапсырысы Үкімет қаулысымен бекітіледі. Кейінгі жылдары «Серпін» бағдарламасында байқалған білім беру грантының игерілмеуі каран­тинмен байланысты. Өйткені оңтүстіктен солтүстік өңірлерге студенттерді шақы­руда қиындық болған. Басқарма басшысы бағдарламада қарастырылған гранттар толығымен орындалатынын, кейбір ма­ман­дық бойынша үйлестірілмей қалған тегін грант басқа білім беру бағыттарына берілетінін айтты.

Білім гранты 5 мыңға артты

Жоғары білімнің қолжетімділігін арт­тыру үшін 2025 жылға дейін грант санын тағы 50%-ға көбейту көзделген. Жөн-ақ. Бірақ кадрларды даярлауға арналған гранттар қажетті бағыттарға бөлінгенімен, талапкерлерді тегін грантқа сүйреу жағы кемшін түсіп жатқанын жасыру қиын. Оның үстіне, мемлекет ұсынған тегін мамандықты тәмамдаған жас маманға қолдағы дипломын қажетті салаға арнап, қызығын көру неғайбіл. Өйткені көп грант бөлінетін IT саласының мамандары мен журналистика бойынша жоғары білім алғандардың өзі екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыздардың қатарын толықтыруға мәжбүр.

Министрліктегілер ұлттық бірыңғай тестілеуден шекті 50 ұпай жинаған үміткердің де тегін оқуға түсуге мүмкіндігі мол екенін айтады. Ол үшін гранттан қағы­латын түлектердің таңдауы дұрыс болуы тиіс. Ал сала мамандары тегін оқуға мүмкіндік берген министрлік талапкер­лерге таңдау жасайтын жүйе қажет екенін алға тартады. Сондықтан Білім және ғы­лым министрлігі бөлінетін грант санын оқу жылының соңында емес, басында шы­ға­ру керек. Айтуларынша, оқу грантын бөлу мәселесі әлі күнге дұрыс шешім таппай келеді. Соның салдарынан қалып қойған орындарды қайтадан үлестіргеннің өзінде грант өз иесін таба алмайды. Өйткені талапкерлердің таңдауын өзгер­туге мүмкіндігі жоқ. Яғни, бір ғана таңдау жасай алатын талапкердің белгілеген оқу орнына грант мүлдем бөлінбеуі мүмкін. Екіншіден, уақыты мен шарттарын нақты көрсету секілді үлестіруге қатысты талап­тар заңда анық жазылмаған.

Сондай-ақ еліміздегі еңбек ресурсы басым аймақ жастарын жұмыс күші аз ай­мақ­қа тартуға негізделген «Серпін» бағ­дарламасы бойынша да былтыр 3 мың грант игерілмей қалды. Мемлекет ұсынған осындай мүмкіндікті пайдалануға жастар­дың құлықсыздық танытуына қандай себеп барын бірнеше талапкерден сұрап біл­дік. Айтуынша, көбі қызметтік мансап­та өсу мен өз құқығын білу үшін заңгерлік пен экономиканы таңдаса, соңғы жыл­дары айлығы көтеріліп жатқан дәрігер мен мұғалім болуды армандайтындардың да қата­ры көбейіпті. Үлестірілмей қалатын мамандықтарға барғысы келмеудің себе­бін жастар айлықтың аздығы мен еңбектің еленбеуі, табыс көзін таба алмай қалудан көреді.

Түсіндіру жұмысы тұралап тұр

Қоғам белсендісі әрі республикалық QAZBILIM орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы сананы түзетпей, білім гранттарын бөлуді бір қалыпқа түсіру қиынға соғатынын айтады. «Білім беру грантының толық игерілмей қалу мәселесі таңдауға тіреледі. Мысалы, мектеп бітіру­шілер әр мамандыққа бару үшін ҰБТ-да арнаулы бағыт бойынша таңдау жасайды. Байқауымша, қазір жұрттың көбі физика-математика, химия мен биологияны таң­дай­ды. Әрине, оған салыстырмалы түрде грант көп. Химия мен биологияны таңда­ғандар педагогика немесе медицинаға ба­рады. Ал жаңағы асып қалатын гранттар – өсімдік шар­уашылығы, агрономия, вете­ринарияға жастар барғысы келмейді. Таңдау жаса­маған соң бөлінген қаражат игерілмей қалады. Жұртты зорлап ол ма­ман­дықтарға жібере алмайсың. Оған грант бөлмесе тағы болмайды. Сондықтан елдегі университеттер ең алдымен түсін­діру жұмыстарын жақсылап жүргізуі керек. Мысалы, талапкерлер арасында универ­ситет қабырғасында қандай мамандықтар бар, қанша грант бөлі­нетінін түсіндіру қажет. Қазір қоғамда жұрттың білетін 2-3 мамандығы бар. Педагогика, медицина, IT саласы, экономист немесе заңгер», – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Бұдан кейін қанымызға сіңіп қалған ескі түсініктен арылып, «Үкімет өлтір­мейді» деген сөз тіркесін мүлдем жойған жөн. Осылай деген қоғам белсендісі қандай мамандыққа болсын сол салада жоба-жоспарыңды жасап, жан бағамын деген көзқараспен барған дұрыс екенін айтады. «Ауыл шаруашылығы саласын оқыған адам Үкіметтің жалақысынан бөлек, мал шаруашылығы немесе егін шаруашылығымен шұғылданғаны дұрыс. Таныспен ғана өсу түсінігінен арылмаса, жоғары жалақы жай арман. Өйткені қазір әкімнің баласы – әкім, әншінің баласы – әнші. Ал танысты күтіп, өзіңнің қалаған мамандығыңнан бас тарту қисынсыз. Сол үшін адамдардың өзін-өзі асырау қабілетін оятуға жұмыс істелуі керек. Мысалы, IT саласын төрт жыл бакалаврда, екі жыл магистратурада оқып, жұмыссыз жүрген қаншама жұртты білемін. Өз мамандығы бойынша белгілі бір білім деңгейі жоқ. Керісінше, бір ай ол салада оқымаған, бірақ білімі жоғары жобаларды жасауға қабілетті мамандарды танимын.

Сондық­тан мамандықтың жақсысына жүгіру адамның өзі үшін уақытын текке өлтіру­мен бірдей. Айталық, журналистика сала­сында оқып алып, бір сараптамалық ма­териал жазуға қабілетің жетпесе, одан не қайыр? Қазір екінің бірі экономист пен заңгер. Бірақ өз саласының жілігін шаға­тын заңгер мен экономист таппай­сың. Кейде ата-аналар баласына өз қалауымен емес, ертең жұмыс табуға көмектесе алатын мүмкіндіктерді ескеріп, мамандық таңдатады. Мамандық бізде дипломмен өлшеніп кетті. Грант мәселесін түбегейлі шешу үшін ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру көзқарасынан арылудан бастайық. Мысалы, биылғы грант тағы кешігіп шықты. Жаңағы айтқан IT саласына өте көп грант бөлінген. Өз мамандығы бойынша ары қарай ізденуге құлықсыздық танытқандар тұрғанда ол мамандықты таңдағандардың ертеңіне күмәнмен қараймын» деп сөзін түйіндеді Аятжан Ахметжанұлы.

Жоғары білім бизнеске айналмауы керек

Білім беру тапсырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесі жетілмегенін жеткізген MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев түй­сік­ті өзгертіп, түлектерді шақырып алғанымен мәселе шешілмейтінін айтады. «Әлемде мамандарға деген бұл сұраныс терең экономикалық анализге, салалар­дың дамуына, өңірлердегі көрсеткіштер кешенінің динамикасына, кәсіптердің өзгеруін талдауға негізделеді. Өкінішке қарай, бізде мұндай зерттеу жүргізуге қажетті ресурстар жоқ. Мемлекеттік білім беру тапсырысын жоспарлау үстірт деректер бойынша жүзеге асырылады. Ресми статистиканың сапасы да нашар әрі шындыққа жанаспайды. Тағы бір себеп, болашақ түлекті белгілі бір салаға тарту үшін оған оқуға грант беру жеткіліксіз. Дәл осы кәсіппен табыс пен мансап әке­летінін нақты түсінуі керек. Мемлекет ондай жағдай ұсына алмайды. Сондықтан көптеген бағыт бойынша гранттар игеріл­мей қалады. Өйткені осы мамандықтар бойынша еңбек нарығы құрылмаған немесе дамымаған. Мемлекеттік білім беру тапсырысын жоспарлау барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аналитикалық ресурстарға басымдық беруі керек. Қай мамандық сұранысқа ие болатынын болжаудың неғұрлым күрделі моделін қолдану қажет. Студенттер тарапының ғана емес, жұмыс берушілердің де сұранысы ескерілуі шарт», – дейді басқарма төрағасы. Сонымен бірге ол мемлекет жыл сайын мыңдаған грант бөлетін IT секілді сала университеттің біліміне тәуелді емес. Өйткені бұл сала жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына қарағанда әлдеқайда тез дамып келеді екен. «Мәсе­лен, елімізде alemschool жұмыс істейді. Онда оқытушылар офлайнда сабақ өткізбейді, диплом да берілмейді. Жоғары білім бизнеске айналмауы керек. Студент жоғары білім үшін ақша төлемеуі тиіс.Университет негізінен халқына, еліне қызмет етуі шарт. Университет – коммерциялық емес, әлеумет алдындағы жауапкершілігі бар ұйым. Студенттердің білімі мен тәжірибесін олардың ақшасы­ның есебінен дамыту мүмкін емес. Сапалы білім беруді ұйымдастыруда аз қаражат жұмсалмайды. Сондықтан білім сапасын арттырғымыз келсе, Испания, Германия немесе Нидерландтағыдай оқытушы­лардың жалақысын мемлекет тікелей қаржыландыруы керек. Ал университет қаржыландырудың басқа көздерін қарас­тыруы қажет. Тағы бір айтарым, қазір тест базасын құруға, емтихан тапсыруды ұйымдастыруға көп күш пен қыруар қаражат жұмсалады. ҰБТ-ны алып тастап, ЖОО-лар студенттерді бұрынғыдай емтиханмен қабылдау керек. Емтихандар тест түрінде емес, Еуропа, Америкадағыдай белгілі бір тапсырмалар арқылы, баланың қабілетін, белсенділігін анықтау бойынша өткізілгені жөн. Қазір түлектер тест сұрақтарын жаттап жүр. Негізі, мектептер­де балаларды тапсырмалардың жауабын жаттауға емес, шешімін табуға үйрету керек», – дейді Талғат Нәрікбаев.

Жадыра МҮСІЛІМ