Қош, қазақ киносының корифейі!
Қош, қазақ киносының корифейі!
169
оқылды

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, режиссер Сатыбалды Нарым­бетов 75 жасында өмірден өтті. Ол қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, суреткерлік шеберлігін ұдайы шыңдап отыратын шын дарындардың бірі еді. Кино мен әдебиетте өзіндік суреткерлік әлемін қалыптастырды. Ол соңында тамаша туындылар қалдырды.

БАҚ-қа берген сұхбатында киноре­жис­сер: «Сарғайған архив беттерін ашқанда, «Мұстафа Шоқай» және күні кеше тұсауы кесілген «Аманат» фильмдерін түсіргенде осындай күйге түстім... Әлбетте, өзегіңді жа­рып шыққан әр туынды сенің ағзаңа ғана емес, ақыл-ой, сезіміңе де тың өзгеріс, жаңа сапа әкеледі... Мен зерттеген Мұстафа Шоқай, Бекмаханов, Бөкейханов, Кене­сары – үлкен ориентир, планка... Олардың ин­теллектуалдық деңгейіне дейін секіріп, қол жеткізу – үлкен арман, стимул. Дүние­ге, болмысқа соларша көз салуға өзіңді-өзің дайындау... Ойбо-о-ой, бұл енді ащы азап қой... Өкінішке қарай, діттегенің бол­мыспен кереғар болып жатқанын айтам да, азап деп... Абай атамыздың «болмасаң да ұқсап бағы» бәрімізге қамшы болуы керек» деген екен.

Оның арманы көп еді. Ең үлкені – Ке­не­сары туралы фильм түсіру. Әріп­тес­те­рінің айтуынша, екі бірдей тарихи фильмді түсіруді ойлап жүрген екен. Тіпті, бірі­нің сценарийі өндіріске де жіберілген. Оның туындылары бір-біріне ұқса­май­ды, бірін-бірі қайталаған емес. Кинода да, әдебиетте де жаңа сүрлеу салуға ұм­тыл­ды. Таптаурын тақырыптарға жоламауға ты­рысты. Оның бір ғана фильмі «Көзімнің қа­расы» әлемнің талай айтулы кино­фес­ти­валінде топ жарды. Франция кино ака­де­мия­сының Жорж Садуль атындағы сый­лы­ғының лауреаты атанды.

Семейдегі полигон зардабын баян­дай­тын «Қыз жылаған» фильмі де ерекше еді. Бұл фильмді түсіру режиссерге оңай соқ­қан жоқ. Оған себеп болған Болат Атабаев қой­ған «Мәңгілік бала бейне» спектаклі. «Сценарийді Әкім аға екеуміз (Тарази) өте белгілі жас драматург Роза Мұ­қа­но­ва­ның әңгімесі желісі бойынша жазып шық­тық. 3 жыл ақша күттік. Толғатып жаттым үй­де. Ал оның нәтижесі жөнінде өзінің шы­­ғармасына сүйсіне қарайтын ре­жис­сер­дің бірі мен емеспін», – дейді. Нарым­бетов­тің «Мұстафа Шоқайы» да, «Аманаты» да ерекше көрермен ықыласына бө­ленді. «Созақтан шыққан Гамлет», «Ба­ла­лық шағымның Дон Кихоты», «Ауылдан кел­ген күйеу», «Айғай» фильмдерінің ав­торы. Көп фильмінің сценарийін өзі жаз­ды. Саналы ғұмырын киноға арнаған жан.

Бір өкініштісі, хан Кенені түсіріп үл­гере алмады. Ұзақ жылдар бойы толғатқан, пісіп-жетілген дүниесі еді. Ажалға қарсы тұр­ған кім бар дерсің... Әттеген-айы, ар­ма­нына жете алғанында ғой...

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Бұл күн қазақ кино өнерінде қайғылы күн деп айтар едім. Заманымыздың заңғар өнерпазы, кино қайраткері Сатыбалдының дүниеден озғаны қабырғамызға қатты ба­тып отыр. Көз алдымызда інішектердің ке­тіп жатқаны да жанға батады. Ол өнерге көп дүние әкелген, әлі де әкелетін мүм­кін­дігі бар азамат еді. Кино әлеміне «Мұстафа Шо­қай», «Аманат» секілді жақсы туын­ды­лары қосылды. Сатыбалдының өнер мен әде­биетте әрдайым орны жоғары болып қа­лады. Өзі ақкөңіл, адамгершілігі мол, ешкімге зияны жоқ, мінезі жұмсақ, сондай жа­ны жайсаң, жақсы жігіт еді. Мұндай жігіт­тердің ерте кеткені қабырғамызды қайыс­тырады. Айналайын, інім Сатыбал­ды, қош! Жатқан жерің жайлы болсын!

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

– Кеше таңғы сағат 6-да арамыздан алып режиссер Сатыбалды Нарымбетов өтіп кетті. Алладан әмір дәл бүгін болады де­ген ой Сатыбалдыда жоқ еді. Өндірісте Ке­несары тағдырын қозғайтын «Жаң­ғырық» атты фильмі басталған болатын. «Ама­на­тында» Кеңесары рухымен тілдескен еді. Арманы осы тұлғаны экранда толық тірілту еді. «Мұстафа Шоқайды» экранда ті­рілт­кен­нен кейін Кенесарыны «тірілту» ар­маны болатын. «Көзімнің қарасы» филь­мі­мен Француз киноакадемиясының өрлеу бас­палдағына аты алтын әріппен жазылған тұң­ғыш қазақ режиссері еді Сатыбалды. Өмір­де өнерден өзге ойлағаны жоқ қалам­ мен камераға әулиедей адал хас шебер-тұғын. Бұл дүниеден кісіге қиянат жасамай, періштедей пәк өтті. Ана дүниеде Алланың дидарын көруге жазғай! Иманы жолдас болғай!

Болат Қалымбетов, режиссер:

– Біз үшін бұл – қаралы күн. Қазақ ки­носының үлкен дарынды, талантты ре­жиссері, кинодраматург Сатыбалды Нарым­бетов ағамыз өмірден озды. Әттең, ерте кетті. Амал жоқ. Бірақ, ол кісінің істеген ісі, түсірген фильмдері халықтың, кө­­­рерменнің есінде қалады. Фильмдері та­рихта қалды. Ең өкініштісі, Сәкен аға­ның алға қойған жоспары көп еді. Ол кі­сінің арманы бар-ды: ол – Кенесары тура­лы үлкен фильм түсіру. Сол фильмді тү­сіру­ге дайын еді. Амал жоқ, арамыздан кет­ті де қалды. Үлкен суреткер азамат бо­ла­тын. Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ берді. Ол кісінің шәкірттері биыл бітіріп шықты. «Балаларым бітірді. Енді қазақ кинодраматургиясына жаңа жас режиссерлер қосылады» деп қуанып жүр еді. Қазақ киносына, оның дамуына үлкен үлес қосқан киногердің бұлай ерте кеткені қабырғамызға қатты батып отыр. Алланың шапағатына бөленсін!

Ерлан Төлеутай, дәстүрлі әнші, музыка зерттеушісі:

– Кешегі Шәкен аға бастаған ұлы ки­но­герлердің көзіндей болып ортамызда жүруш­і едіңіз. Аяулы ағамыз, қысылғанда кеңес сұрар ақылшымыз едіңіз. Арамызда қалқайып жүргеніңізді ес көруші едік. «Қазақфильмде» «мұртымыз көкке шан­шылып» кеңес құрған күндеріміз келмеске кеткені ме?! Енді кімді тәлімгер тұтамыз, ағатайым-ау?! Арманыңыз көп еді. Сансыз кедергілер қолыңыз бен жолыңызды қабат байлап, ойға алған фильмдеріңізді түсіре алмай жүргеніңізге қынжылушы едіңіз. Кенесарыны түсіремін деп 8 жыл сергелдең кешкеніңіз көз алдымда. Ақыры бұл ар­маныңызға жетпедіңіз, жеткізбеді... Көз жа­сым тыйылар емес. Қош, Сатыбалды аға! Қош, қазақ киносының корифейі!

Дайындаған Гүлзина БЕКТАС