Жалғызбасты әкелердің тағдыры ешкімді толғандырмай ма?

Жалғызбасты әкелердің тағдыры ешкімді толғандырмай ма?

Жалғызбасты әке. Құлаққа түр­пі­дей тиетін осы тіркес «жалғызбасты ана» деген сөзге қарағанда тым сирек қолданылғанымен, балаларын жал­ғыз тәрбиелеп отырған әкелер – бү­гін­гі қоғамның шындығы. Тағдырдың тәл­кегіне ұшыраған олар өз міндеттерін қалай атқарып отыр? Мемлекет та­рапынан қандай көмек көрсетіледі? Қан­дай санатқа жатқызылған? Жеңіл­­­діктер бар ма?

Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін бір­қа­тар мекемелерге сұрау жолдауға тура кел­ді. Мұндайда ең алдымен статисти­ка­лық мәліметтер қызықтырады. Алайда, бір­ден белгілі болғандай, жалғызбасты әке­лердің статистикасы мүлдем жүр­гізіл­мей­ді екен. Солтүстік Қазақстан облыс­тық Статистика департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Серікқызының айтуынша, тек ажырасулар санының ғана есебі жүр­гі­зіледі, жалғызбасты әкелердің саны жоқ.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар, Бі­лім басқармаларында да жалғызбасты әке­лердің тізімі жоқ болып шықты. «Бізде то­лық емес отбасы деген санат қана бар. Оның қайсысында тек анасы, қайсысында тек әкесі барын біз білмейміз», – деді бұл ме­кемедегілер.

Жалғызбасты әке деген санат мүлдем ес­керілмейтіні осыдан-ақ белгілі болды. Ешбір заңда «жалғызбасты әке» деген ұғым жоқ. Ендеше, оларға ешқандай жеңіл­дік те жоқ. Петропавл қалалық әкім­дігінің жұмыспен қамту және әлеу­мет­тік бағдарламалар бөлімінің атаулы әлеу­меттік көмек секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы Серікжан Исенов тү­сін­діргеніндей, біріншіден, баспанасыз жалғызбасты әкелер толық емес отбасы ре­тінде жергілікті атқарушы органның үй ке­зегіне тұра алады. Екіншіден, отба­сы­ларға 44 мыңнан 100 мың теңгеге дейін жәр­демақы төленеді. Үшіншіден, айлық та­бысы кедейлік шегінен аз болса, атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Төртін­ші­ден, баласы жарымжан болса, мүгедекті күт­кені үшін төленетін жәрдемақы бар. «Бірақ, бұл – тек жалғызбасты әкелерге ға­на емес, осындай санаттарға енгізілген адам­дардың барлығына төленетін төлем­дер. Жалғызбасты әке деген жеке санат та, оларға ғана арналған жеңілдік те жоқ» деп түсіндірді маман. Ал балаларын жал­ғыз тәрбиелеп отырған әкелердің мұң-зары жетерлік.

ҮЙДІҢ ДЕ, ТҮЗДІҢ ДЕ ЖҰМЫСЫ – ӨЗ МОЙНЫНДА

Қызылжар ауданына қарасты Якорь ауы­лында тұратын Бауыржан Дербисов 2012 жылдан бері жалғыздықтың кермек дә­мін татып келеді. Асырауында – екі ба­ла. Әйелі бәрін тәрк етіп, Нұр-Сұлтан қа­ласына кетіп қалғалы хабар-ошар жоқ. 4 және 6 жасында анадан қалған тірі жетім ұл мен қыз қазір 13-15-ке келді. Қызы биыл медициналық колледжге оқуға түс­пекші. Оларды «тістелеп жүріп» өсіру оңай бол­мағанын айтады. Бастапқыда тіпті бастарында баспана да болмапты. Кейін туысқаны бір үй сатып әперген екен. Со­ның ақшасын бірнеше жыл бойы бөліп төлеп, жуырда ғана қарызынан құтылған. Ба­лаларын асыраймын деп басын тауға да, тасқа да ұрған ер адам: «Пластикалық те­­резе орнатуға жалдан­дым. Ол мау­сым­дық жұмыс. Жазда нәпа­қамызды тап­қа­ныммен, қыс бойы қинал­дық. Одан соң күзетке орналастым. Оның да жалақысы жетпеді. Кейін шаштараздың оқуын оқып, ауылдастарыма қызмет көрсетуге кі­ріс­тім. Бірақ одан да қайыр болмаған соң, пластикалық терезе орнатуға қайтып орал­дым», – дейді Ба­уыр­жан. Жұмысы мау­­­­сымдық болған­дықтан, былтыр қыста атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеген. Сон­дай-ақ балалары­ның анасынан али­мент талап етуге мәжбүр болыпты. Бірақ сот шешімі шыққалы 4 жыл өтсе де, көкек ана­дан бір тиын түспеген. «Онымен қайта қо­сылу туралы сөз болуы мүмкін емес. Ол –  бізге  мүлдем  жат адам», – дейді жал­ғыз­басты әке. «Үйдің де, түздің де шаруа­сын жалғыз өзім атқардым. Үй де жи­надым, тамақ та пісірдім, кір де жудым. Қы­зымның шашы ұзын, оны сәндеп өр­уді де меңгеріп алдым. Соның бәрі қа­лай қолымнан келді екен деп қазір таң­ғаламын. Балалармен кейде әпкем оты­ра­тын. Ресейде тұратын ата-анам келіп тұру­шы еді, қазір әлемді жайлаған індетке бай­ланысты келуді доғарды. Қызым үй шаруасына тым ерте араласты. 10 жастан асар-аспаста нан пісіруді үйренді», – дейді ол. Ауылды жерде тұрғандықтан, Бауыр­­жан жеміс-көкөніс өсіреді. Өсірген қияр, қызанақ, сәбізінен қыс мезгіліне түр­лі салат жабу да қолынан келеді. «Қо­лымнан келмейтін жұмыс жоқ. Дегенмен балаларыма әйел-ананың жылуы же­тіс­пейтіндіктен, үйленгім келеді. Бірақ қыз-ке­ліншектер ауылда тұруға құлықсыз, әрі бө­тен балаларды тәрбиелегісі жоқ», – дей­ді жасы 40-қа келген жігіт ағасы. Петропавл қаласында тұратын Тимур Жум­баевтың тағдыры өзгеше. 8 жыл бұрын оның әйелі лейкемиядан қайтыс бол­ған. 1 және 3 жасар екі баламен жал­ғыз қалғанда аспан аударылып жерге түс­­кендей, жер көтеріліп аспанға шық­қан­дай күйде қалған Тимур Болатұлы бәйтеректей бекемдік таныта білді. «Анам бол­маса, есім ауып кетер ме еді, қайтер еді? Әсіресе, бастапқы 4 жыл ішінде қат­ты қиын болды. Одан соң пәтер ке­зегіне тұ­руға болатынын естіп, кезекке жазыл­дым. Әзірге ай сайын 35 мың теңгеге пә­тер жалдап тұрамыз. Дианам 4, Артем 3-сыныпты тәмамдады. Екеуі де оқу озат­тары. Мектеп қайырымдылық көмек көр­сетіп тұрады. Былтыр карантин ке­зінде «Nur Otan» партиясы 50 мың тең­ге­нің қаржылай көмегін көрсеткеніне ри­за­мыз. Асыраушысынан айырылғанына бай­ланысты балаларға 45 500 теңге тө­ле­неді. Бірақ, бір кем дүние, ақша жет­пейді. Карантин кезінде мектептен берілген планшет жуырда істен шығып қалды. Оны жөндеуге 20 мың теңге керек болып тұр. Балалар екі ауысымда оқығандықтан, оларды мектепке тасымалдаумен, та­мақ­тандырумен жүріп, өзім осы күнге дейін жұмыс істей алмадым. Қазір еңбек бир­жасы маған лайықты жұмыс іздестіріп жатыр. Бұған дейін супермаркетте кассир бо­лып жұмыс істегенмін. Балаларым еш­кімнен кем болмасын, ішсін, жесін, киін­сін деп кез келген жұмысқа баруға дайын­мын», – дейді ұл мен қыздың анасы да, әкесі де Тимур Болатұлы. Тимур секілді баспанасыз, жұмыссыз жүр­ген жалғызбасты әкелер жетерлік. Кө­бі ешкіммен араласпай, томаға-тұйық күй кешуде. Бізбен әңгімелесуден бас тарт­қандары бар. Ол түсінікті де: ескі жа­ра­ның бетін тырнағысы келмейді. Жұмыс істейтін әкелер баспанасы жоғын айтса, жұмыстан шығарып тастай ма деп қор­қа­тынын жасырмады.

АНА ЖЫЛУЫ ЖЕТІСПЕЙДІ

Петропавлдық психолог Дина Байма­ки­шева тағдырдың бұл тауқыметі жал­ғыз­басты аналарға қарағанда әкелерге әл­де­қай­да ауыр соғатынын айтады. «Ер адам үй шаруасын да, өз жұмысын да істеуге мәжбүр. Ежелден түздің адамы са­налатын еркек кіндіктіге бұл оңай емес. Үй шаруасын меңгерумен қатар, уақытын ұтымды пайдалануды үйренуі керек. Сондықтан олар балаға тиісінше көңіл бөле алмайды. Өзім жұмыс істейтін гу­ма­нитарлық-техникалық колледжде әкесі ғана тәрбиелеп отырған балалар жетерлік. Байқағаным, олардың барлығы да ана жылуын іздейді. Біреуі маған бауыр басып қал­ғаны соншалық, үзіліс сайын ка­би­не­тіме келіп тұрады. Басқалары да солай: әйел оқытушылармен әңгімелескісі келіп тұрады. Олардың әкелері шетінен ең­бек­қор, балаларын ешкімнен кем қылмауға тырысады. Жақсы тәрбие бере білген, де­генмен ананың мейіріміне бөлеу, әттең, олардың қолынан келмейді. Ана бола ал­майды», – дейді психолог Дина Қапиз­қы­зы. Жалғызбасты ер адамдар бастарын бі­рік­тіріп, түрлі түйткілдерді бірлесіп ше­шуге септесетін, мәселе көтеретін, өз қиын­дықтарына қоғам назарын аудар­та­тын бір қоғам керек екенін айтады. Бәрі де балалардың кішкентай кезінде талай қиындыққа төтеп беруге тура келгенін айтып, ағынан ақтарылды. Ер адамдардың басым бөлігі өзгелерден жәрдем сұрауға арла­на­ды. Көпшілігі өздеріне тиесілі көмектен де бейхабар, ал сұрап білуге намыстары жі­бермейді. Оның үстіне ішкі күйзеліс бар. Сондықтан оларға заңгерлік, пси­хо­логиялық, моральдық, материалдық кө­мек көрсететін кризистік орталық, әкелер мек­тебі сияқты бір ұйым керек-ақ. Ал әзір­ге жалғыздықты серік еткен адамзат­тың күшті бөлігіне өз қазанында өзі қай­нап, қалай да болса ұрпағына лайықты тәр­бие беруге тырысып бағудан басқа амал жоқ...

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы