Түтінге тұншыққан Теміртау

Түтінге тұншыққан Теміртау

Теміртау – еліміздегі тү­тінге тұншыққан нөмірі бірін­ші қала. Бұл «статусты» олар бір­неше жыл қатарынан бер­мей келеді. Алпауыт компа­ния «АрселорМиттал Темір­тау» тұрғанда, бұл атақтан айы­рылмас-ау. Өйткені қан­ша­ма рет айтылса да, нәтиже берер емес.

Сөзіміздің әлқиссасын газдан бастайық. Оған себеп, өткен жыл­дың тамыз айында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир коронавирус пандемиясы экологиялық бағдарламаның орын­далуына кері әсер етті деп ақ­тал­ған болатын.

Сол уақытта ол: «Қазір Қазақстанға шетелден техникалық сарапшыларды әкелу қиын. Дегенмен бұл мәселені ең за­манауи технологияларды қол­дану арқылы қашықтан шешеміз. Экологиялық жобаларды жүзеге асыра беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бүгінде агломера­ция өндірісіне ең үлкен сүзгіні орнату жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Жобаның 75%-ы жалғасын тапты. Сондай-ақ, ауаға қалдық­тар­ды шығаруды азайту үшін та­биғи газды көбірек пайдаланғымыз келеді» деп сендірді Биджу Наир.

Кейін осы жылдың басында өт­кен жиналыста компания бас­шы­лығы табиғи газ туралы сөз бол­мағандай, өз айтқандарынан ай­нып қалды. «Біз газ келгенімен, то­лық­тай көгілдір отынға көш­пей­міз. Онда бәрібір көмір жағылады. Олай болса, бірден ауа тазара қал­майды. 30 пайыз болса да, ауаға тарай­тын түтінді азайтуға тырыса­мыз. Бұл туралы бұрын сөз болған жоқ» деп ақталғаны сөздерінде пәтуа жоғының бір көрінісіндей болғаны айқын.

Ластанған ауа ауруларды арттырды

Қала тұрғындары «Металлургия комбинатының мұржаларынан будақтап шыққан түтін қалаға жайылуынан демалуымыздың өзі мұңға айналды» деп дабыл қаққалы қашан?.. Көк түтінге тұншыққан 179 мың халқы бар елді мекенде ресми деректер бойынша 3 мың адам онкологиялық кеселге шал­дық­қан. Бұл туралы «Арселор­Миттал Теміртау» компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы ме­морандумға қол қою рәсімі кезінде депутаттар да айтқан еді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бүкіл елдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін Жол картасы әзір­леніп жатқанын мәлім етті. «Жол картасында жақын болашақта қа­былдануға тиісті негізгі шаралар көр­сетіледі. Экологиялық пробле­масы бар қалалардағы қоғам бел­сен­ділерін осы мәселені талқы­лауға шақырамыз. Осындай Жол карта­сын Қарағанды облысы мен Те­міртау үшін де дайындауды жос­пар­лап отырмыз. Бұл өңірдің ауа­сын­дағы зиянды заттардың кон­центра­циясы мөлшерден тыс екені бәріне белгілі. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы ауаға жы­лына 250 мың тоннаға жуық қал­дық шығарады. Эмиссияларды 3-4 жыл ішінде 30%-ға азайту жөнінде өткен жылы меморандумға қол қой­ған едік. Компания өндірісті қай­та жабдықтауға, газ отынына кө­шуге және басқа да нысандарға қар­жы салуға дайын. Қарағанды мен Теміртау арасына 500 мың ағаш отырғызылады» деп айтып өтті ол.

Ең көп ластаушы – агломерация цехы

Көмір жағатын жылу электр ор­талығы (ЖЭО)  - ауаны ластау­шы­лардың бірі. Сол себепті ЖЭО газ отынын пайдалануға көшпек. Мағзұм Мырзағалиевтің мәліме­тін­ше, қоршаған ортаны ластау­шы­ға қазірдің өзінде 3 млрд. теңге айыппұл салынып, сотқа берілген.«Теміртау қаласының ең үлкен ластаушысы – «АрселорМиттал» зауыт­тары. Со­ның ішінде ауаны ең көп ластай­тыны – агломерация цехы. Біздің есебімізше, ластауы – 57%. Алайда ком­пания өкілдері мұнымен келіс­пей отыр. Қазір агло­мерация це­хында шаң тоқта­татын электрлі сүз­гі орнатылып жа­тыр. Айтуларын­ша, қондыр­ғы­лар 2022 жылға дейін толықтай ор­натылады. Бұл да қор­шаған ор­таға оң әсерін тигізбек» деген ми­нистр ластану көлемін анықтау алда тұрған үлкен міндет екенін айт­ты.

Жаңа Экологиялық кодекс­ке сүйене отырып, елімізде Еуро­па­дағыдай жасыл экономика қалыптаспақ. «Жаңа Экологиялық кодекске енгізілген нормаларға сәйкес, біз де 10-15 жыл ішінде Еу­ро­падағыдай «жасыл» бола ала­мыз. Егер компаниялар «жасыл» техно­ло­гияларды енгізбесе, эмис­сия үшін айыппұлдар 2,4,8 есе өседі. Ал «жасыл» технологияларды енгізген компанияларды мемлекет эмиссия төлемдерінен босатады» деп тү­сіндірді ол.

Жыл басында Теміртау сапары барысында Мағзұм Мырзағалиев қала жұртшылығымен және эко­логиялық белсенділермен де кез­десті. Экология министрінің сө­зінше, бұл мәселені қала тұрғын­дары мен қоғам белсенділері әр­дайым қадағалап, бақылауында ұстауға тиіс. Ол үшін тұрақты түрде тоқ­сан сайын кездесулер ұйымдас­тырылатын болады. Сонымен қа­тар Қарағанды облысында жа­қында «жа­сыл кеңес» деген кеңес құрылған.

Жоспардан тыс тексеріс

Осы жылдың наурыз айында лас­таушы заттарды жаппай шы­ғарылу фактісі бойынша «Ар­селор­­Миттал Теміртау» АҚ кон­вер­тор­лық цехына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оған себеп, ақпан айының соңында әлеуметтік же­лілерде зауыттан қызғылт түтіннің шығып жатқаны туралы бейне­­ба­я­н­ның таралуы болды. Ал Қара­ғанды об­лысы бойынша Экология департа­менті атмосфераға ластау­шы заттар шығарудың рұқсат етіл­ген норма­сынан елеулі деңгейде асып кет­кені тіркелгенін анық­таған. Тек­серу барысында «Ар­селор Миттал Теміртау» АҚ кәсіп­орнымен бө­лінетін газдарды ұстау және тазарту жүйесін пайдалану қағидалары бұзылғанын анық­тады. Бұл олқы­лықтың техноло­гиялық жабдық­тың жай-күйінен туындағаны дәлелденді. Осыған байланысты №2 конвертер күрделі жөндеу үшін мамыр айына дейін тоқтатылды. Түйін: «АрселорМиттал Теміртау» АҚ це­хы­ның қызметін тоқтата тұру бүкіл өндірістің тоқтап қалуына әке­ле­тінін атап өту маңызды, өйткені кәсіпорын қандай да бір цехсыз жұ­мыс істей алмайды. Олай болса, кә­­сіп­орынның вице-президенті Виджай Гоялдың «Алдағы төрт жыл­да шығарындылар көлемін кем де­генде 30 пайызға азайтамыз, олар­­ды автоматтандыруды қам­та­ма­­сыз етеміз. Үш жыл ішінде Темір­тау қа­ласында 500 мың ағаш отыр­ғы­зу­ға уәде беремін» деген сөзіне сен­геннен басқа амалымыз жоқ. Көп күттік қой, азы қалғанда шыдар­мыз...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы