Батыс Қазақстан облысында ит бес жасар қызды қауып өлтірді, деп хабарлайды Inform.kz. Оқиға 9 шілде күні Бәйтерек ауданы Трекин ауылында кешке болған. Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, бес жасар қыз Ресейден отбасымен осында тұратын атасына қыдырып келген. Атасымен бірге далаға шөп шабуға барған кезде итке таланып қалған. Ит атасынікі екен. Ауыл әкімі Мәлік Сейтов қайғылы оқиғаның орын алғанын растады. БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, қыз оқиға орнында көз жұмды. Оның мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.